Жаңалықтар

ҚОҚЫС БАСҚАН ҚАЛАЛАР

ашық дереккөзі

ҚОҚЫС БАСҚАН ҚАЛАЛАР

Қазақтың «Егілмеген жер жетім» деген мақалы бекер айтылмаса керек-ті. Ал қазіргі заманда, ауыл мен қалалар қоқысқа оранып, жетімдік көріп отырғандығы ащы да болса шындық. Оның бірден бір дәлелі, статистикалық есептер соңғы жылдары елімізде 100 миллион тоннадан астам тұрмыстық, 22,3 миллиард тоннаға жуық өндірістік қалдықтардың мол қоры жиналғандығын көрсетіп отыр. Бұл дегеніңіз – әр адам басына шаққанда 1,4 мың тонна қалдық жиналған деген сөз. Осыншама қоқысты кәдеге жаратудың қамы біздің елде тағы да ойға алынбаған. Тұрмыстық қалдықтың 20 пайызы өңделді дегеннің өзінде қалған тонналар зиянды күйінде далада шашылып, ауа ластануының басты себепкеріне айналуда. Қалдықтардың 3 пайызы өртеу әдісі арқылы шешімін тапса, қалған 97 пайызы табиғатқа залалын тигізіп отыр. Бұл жағдай алдағы уақытта шешімін таппаса, түбегейлі қоқыстан көзіміз арылмайтын түрі бар. Астана қаласының өзінде қоқыс қалдықтарын аудан аумағынан уақытылы шығарып отыруды қамтамасыз ету үшін «Астана Тазарту» ЖШС мен «Таза Әлем Астана» ЖШС тәулігіне 300 тонна тұрмыстық қалдық шығарады. Бұл қалдықтар барар жеріне барғанымен бірден жойылып кетпейді. Заң бойынша, экологиялық кодекстің 288-бабының 3-бөлімінде қауіпсіз жағдайда сақтауға арналған орындарда тұрмыстық қалдықтар үш жыл ғана сақталуы тиісті. Осы мерзім ішінде қайта өңдеуден өткізілуі немесе жерге көмілуі қажет делінген. Қала ішінен тонналап шыққан қалдықтардың жүйелі түрде өңделуі немесе толығымен жойылып кетуі біздің елде нақты үш жылда жүзеге асады десек, өтірік айтқан болар едік. Неге десеңіз, полигонның жалпы пайдалану мерзімі 18 жылды құрап отыр. Ал еліміздің кейбір өңірлерінде бұл көрсеткішті жолда қалдыратын деректер де бар. Қысқасы, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу орындарын бастан аяқ жаңаландыруды қолға алу қажет. Қазақстан бойынша Алматы мен Павлодар қалаларында «қоқыс өндіру» жолға қойылған еді. Көрсеткіштер бойынша аталмыш қалалар жылына 1,7 миллион мен 0,5 миллион тонна көлемінде қоқыс шығарады. Бұл ретте Астана қаласында 32 миллион еуроны құрайтын қоқыс өңдеу зауытын ашу жоспарға алынған болатын. Бұл бастаманы тікелей қала әкімі Иманғали Тасмағамбетов басшылыққа алғаны белгілі. Ал, Алматыдағы зауыттың жайы жырға ұласты. Ол бүгінгі күні жұмысын тоқтатып тұр. Компания құрылтайшыларының сөзіне сенсек, тасымалдаушылар өндірістік жүйенің құрдымға кетуіне ықпал тигізген екен. Қайта өңдеу тоқтап, бұрынғы жүйе – қоқысты полигондарға төгу қарқынды жүргізілуде. Бұл жерге тәулік бойына тонналаған қалдықтар тасылады. Дамыған елдердің бірқатарында қоқыс қалдықтарын қайта іске жарату жолы нақты іске асып, қаншама халықтың аузына нан салып беріп отыр. Мысалы, Германияда күл-қоқыстың 30 пайызы, Жапонияда 30 пайызы, АҚШ-та 27 пайызы, ал Швейцарияда 25 пайызы қайта өңделіп, қолданысқа жаратылады. Әсіресе Үндістанның 14 миллион тұрғыны бар Мумбай қаласындағы шығарылған қоқысты жаппай кәдеге асыруға жергілікті тұрғындар аянбай атсалысып, тұрақты кәсіп еткен. Ал, біздің қалдықты сорттап, керегін іске асыруға ешкім қолын былғағысы келмейді, кәсіп санамайды. Асылында, қалдығы аузы мұрнынан шығатын қалалардың тазалануына бас қатырып отырған ешкім жоқ. Үстіміздегі жылы қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарын салуға бюджеттен 193,8 миллион теңге бөлінген еді. Оның өзінде бұл қаражаттың діттеген жеріне жетіп, нәтиже бергендігі шамалы. Еліміздегі басқа қалалар да Алматының кебін киюдің аз-ақ алдында тұр. Қоқыс қалдықтарын өңдеуге сұранып отырғандары қаншама. Ұсыныс бар, қаражат жоқ. Шырайлы Шымкенттің қорғасын зауыты, автокөлік нөпірінің көптігі қосымша экологиялық келелі мәселелер туғызуда деп дабыл қаққан қала тұрғындары қоқыс өңдейтін зауыт керектігін айтудан кенде емес. Тіпті, салынары салынған зауыттың кімнің бұйрығын күтіп тұрғандығы белгісіз. Итальяндық құрал-жабдықтармен жарақталған зауыттың үні шықпай тұр. Шымқалалықтарды толғандырған мәселе бұл зауыттың қосылу, қосылмауына байланысты туындап отыр. Бұл турасында нақты мәлімет берілмесе де, араға көп уақыт кіріктірмей қоқыс өңдеу зауыты өз жұмысын бастайды деген ниет бар. Шымкенттегі басшылардың айтуына қарағанда, қоқысты полигондау мемлекетке қарағанымен, оны өңдеу саласы жекеменшік қолда болғандықтан болашақтағы пайда, нақты алар ауқымы турасындағы мәлімет берілмейтін көрінеді. Саналы түрде ойлап қарасақ, қаладағы қоқыс қалдықтарын қылпық қалдырмай жинап, оны полигондарға апарып үймелеу арқылы іс бітпейді. Егер қалдықты өңдеуге мүмкіндік туса, ұтар тұсымыз сол болатын ба еді? Қоқыс өңдеу зауыттарын салуға қатысты тиісті шара барлық қалаларда қолға алынса, қаншама жұмыссыз жүрген халықтың жағдайын жақсартуға болатын еді. Жоқтан бар жасайтын бұл сала түптеп келгенде жеміссіз қалдырмайтыны анық. Екінші жақсы жағы, қоқысқа көмілу қаупінің алдын алар едік. Бір оқпен екі қоян атуға болатын қоқыс өндіру саласына жоғарғы жақ құлықтылық танытса, ұтылмайды.

Еркежан ЖҰМАТАЙ