Жаңалықтар

ШИПАЖАЙДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШЕРУІ

ашық дереккөзі

ШИПАЖАЙДАҒЫ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ШЕРУІ

 Велошеруді Rixos Borovoe қонақ үйі «Асыл Мирас» қайырымдылық қорымен бірлесе отырып, Ақмола облысының қолдау көрсетуімен ұйымдастырды. Велошеруге 300 адам қатысты, олардың ішінде Олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуров, «Тур де Франс 2014» жеңімпазы Винченцо Нибали мен «Astana» велокомандасының мүшелері де бар. 

Бұл шараның мақсаты – «Қазақ­станның Швейцариясы» атанған Щучинск-Бурабай шипажай аймағында туризмді дәріптеу. Көкшетау қаласындағы Облыстық перинаталды орталықтың балалар жансақтау бөлімін кеңейтуге қажетті қаржыны жинау. Қазіргі таңда облыстық перинаталды орталық қосымша ғимаратты қалпына келтіруді аяқтап қалды, онда педиатрия кешені орналасатын болады. 

«Rixos Borovoe 2014» қайырым­ды­лық акциясының нәтижесінде 87,7 млн. теңге жиналды. Бұл қаражат облыстық перинаталды орталықтың жаңа педиатрия кешенін медициналық жабдықпен жабдықтау үшін жұмсалады. Бұл жыл сайын 300-ге жуық нәрестеге күтім жасауға, бүкіл Ақмола облысынан кішкентай науқастарды және олардың аналарын қабылдауға мүмкіндік бермек.

Қайырымдылық велошеруінің қатысушылары мен қонақтары қонақ үй аумағында орналастырылған жәрдемқаржыны жинауға арналған арнайы боксты пайдалана отырып, жеке өзінің атынан жарна құйды. Корпоративтік жарнаны жасағысы келген компаниялар қаржыны арнайы банк шотына аударды. Олардың қатарында Верный Капитал тобы, Казцинк, Beeline Kazakhstan, Kassa Nova, Forte Bank, Темір Банкі, Альянс Банкі, Еуразия Тобы, Altyntau Resources, Astana Property Management, BI Group, Turner, Deloitte, Қазақстанның Теннис федерациясы бар. 

Сонымен қатар, велошеру аяқ­тал­ған соң олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың, Astana Pro Team, Rixos Borovoe және Rixos Borovoe қонақ үйі, Қазақстан Теннис федерациясының, Forte Bank, Kassa Nova секілді бірқатар банктердің және коммерциялық ұйымдардың, атап айтқанда, Beeline Kazakhstan, Altyntau Resources, Villa Del Fiori және SADU Астана мейрамханасының лоттары қойылған қайырымдылық аукционы өтті. Соның ішінде Александр Винокуров Vino маркалы велосипедін және «Тур де Франс» веложарысына киген майкасын аукционға қойды. 

Олимпиада чемпионы, «Astana ProTeam» велокомандасының бас менеджері Александр Винокуров былай деді: «Риксос Бурабай велошеруі дәстүрге айналуда. Мен биыл да қатысқаныма ризамын. Өйткені велошерудің мақсаты мен үшін жақын. Бұл велоспортты дәріптеу, саламатты өмір салтын на­сихаттау және қайырымдылық шарасы. Жиналған қор Көкшетау қаласындағы перинаталдық орталыққа жылына жүздеген кішкентай бала өмірін сақтап қалуға бағытталады. Сондықтан, бұл шараны мен міндетті түрде қолдаймын, тіпті Астана велокомандасындағы әріптестерімді де шақырдым»,– деді. 

«Astana ProTeam» велокоман­да­сының капитаны, «Тур де Франс 2014» жарысының жеңімпазы Винченцо Нибали: «Осы сияқты әуесқойлар велошеруі Еуропа елдерінде жиі өтеді. Мен өз басым мұндай шараны Мессинде ұйымдастырамын. Осындай акциялардан жиналған қара­жаттар қайырымдылыққа жұм­салады. Сондықтан, Rixos Borovoe велошеруінің ұйым­дас­тырушыларының шақыруына қуандым. Маған ұнағаны – шараның қайырымдылық мақсаты перинаталдық орталыққа жабдықтар сатып алу. Сондықтан, Александр Винокуровтың шақыруына бірден келістім», – деді. 

Rixos Borovoe отелінің бас менеджері Февзи Опсар: «Велошеру идеясы біздің отель тұжырымдамасына сәйкес келеді. Яғни, меймандарымыздың жайлы демалып, салауатты өмір салтын қалыптастыруда бар жағдайын жасау, спорттық және белсенді демалысқа мүмкіндік ұсыну. Өткен жылғыдай, биылғы велошерудің мақсаты – қайырымдылық. Сонымен қатар, бұл шараға қатысқан әрбір азаматтың көңіл күйі көтеріліп қана қоймай, Ақмола облысындағы ондаған нәрестенің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туады»,– деп ойы­мен бөлісті. 

Ақмола облысы перинаталдық орталық бас дәрігерінің балалар бойынша орынбасары Наталья Цыплакова: «Rixos Borovoe қайырымдылық велошеруі біз үшін тұрақты серіктес болды. Былтыр қатысушылардан жиналған қаражаттың арқасында біздің жан сақтау бөліміміз өте қымбат әрі бірегей жабдықтар сатып алды. Биыл да ұйымдастырушылар көмек көрсетуге әзірліктерін білдірді. Біздің орталық қосымша құрал- жабдықтарға зәру. Бұл жабдықтар педиатриялық корпусқа қажет. Егер бұл жабдықтарға қол жеткізсек, біз өзге шалғай жатқан аймақтардың тұрғындарын қабылдай аламыз. Сол балалар мен олардың ата-аналары атынан, сонымен қатар орталықтың қызметкерлері атынан Rixos Borovoe ұйымдастырушыларына үлкен алғысымызды білдіреміз», – деп ризашылық танытты. 

«Rixos Borovoe 2014» қайырым­ды­лық велошеруі сәбилердің өмірін сақтауға көмектесіп қана қоймай, сонымен бірге қазақстандықтардың назарын Қазақстанның ішіндегі туризмге аударуға, қазірдің өзінде Щучинск-Бурабай шипажай аймағында қолжетімді болып отырған қызмет көрсетудің жоғарғы деңгейі мен жаңа мүмкіндіктерін көрсетуге мүмкіндік бермек.

Ж.Баққондыұлы