Жаңалықтар

ҰЙҚЫ БАСҚАН АУЫЛ

ашық дереккөзі

ҰЙҚЫ БАСҚАН АУЫЛ

Ақмола облысы, Есіл ауданы, Калачи ауылының тұрғындарын «ұйқышылдық» ауруының мазалап жүргеніне жылдан астам уақыт болды. Бұл аурудың құпиясын ешкім де аша алмай отыр. Күз мезгілі басталған тұста бұл ауыл тұрғындары арасында аталған дерт қайта өрши бастады. 

Тамыз айының соңғы күндерінен бастап бұл ауруға шалдыққандар саны 15-ке жетіпті. 1 қыркүйек күні алғашқы қоңыраудан кейін бір мезетте 8 баланы ұйқы қысып, осы аурумен ауыра бастаған. Олардың арасында 2 жастан асқан бүлдіршін де бар. Бұл науқастардың барлығы да Есіл аудандық және Ақмола облыстық ауруханаларына жатқызылды. Атаусыз дертке шалдыққандар арасында екінші рет сырқаттанып жатқандар да бар. Денсаулығы үшін шағымданған жандардың барлығындағы ауру белгілері – ұйқы қысу, әлсіздіктің байқалуы, бас айналу, жүрек айну. Дәрігерлер бұл аурудың себебін әлі де анықтай алмай отыр. 

Түсініксіз «ұйқышылдық» дерті жайлаған Калачи ауылында арнайы комиссия тексеру жұмыстарын тоқтаусыз жүргізуде. Мұндай аурумен ауыл тұрғындары алғаш науқастанған сәттен бастап токсикалық газға қарсы 456 зерттеу жүргізілген. Тіпті, құпия дерттің түсініксіз сырын денсаулық сақтау министрлігінен құрылған комиссия да, экологтар мен медицина ғалымдары да анықтай алмады. Ғалымдар инфекциялық және бактериялық факторлардың әсерінен болуы мүмкін дегенді де жоққа шығарды. Осы уақытқа дейін айтылып келген ауылдың радиациялық жағдайы да зерттеулер бойынша бірқалыпты болып шыққан. Зерттеулерден ешбір оң нәтиже көрінбеді. Сондықтан, «ұйқышылдық» дертінің қыр-сырын түсіне алмаған Ақмола облысының басшылары бұл түсініксіз дерттен құтылудың бір ғана жолын ұсынып отыр. Ол – ауыл тұрғындарын басқа жерге көшіру. Тұтынушылар құқығын қорғау департаментіне аталған елді мекенді жою мүмкіндіктерін қарастыру туралы тапсырма да беріліп қойды. Ал Калачи ауылының тұрғындары мұндай бұйрыққа келіспеуі де мүмкін. Алайда, дәл қазір бұл мәселенің өзге шешімі табылмай тұр. 

565 тұрғыны бар Калачи ауылындағы белгісіз ауру өткен жылдың наурызынан бастап пайда бола бастаған. Аталған ауылда 22 наурыз бен 1 сәуір аралығында 10-ға жуық тұрғын ұқсас ауру белгілерін айтып, дәрігерлерге шағымданған болатын. Бұрын-соңды болмаған мұндай аурумен ауырғандар саны қазір 60-қа жетті. Содан бері «ұйқышылдық» дертінің сырын ешбір маман аша алмады.