Елімізде дербес түрме салынбайды

Елімізде дербес түрме салынбайды

Елімізде дербес түрме салынбайды
ашық дереккөзі

Елімізде  жекеменшік түрме болмайды. ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті төрағасының орынбасары Жанат Кешубаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осындай мәлімдеме жасады.

Жанат Кешубаевтың айтуынша, бұған дейін жеке түрме салу туралы сөз болған емес. Тек мемлекеттік-жеке серіктестік негізінде түзеу мекемелерінің құрылысын жүргізу жайында сөз қозғалған. Қазір Астана, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында түзеу мекемелерін салу үшін жергілікті әкімдіктер тарапынан  жер бөлінген. Сондай-ақ, Ішкі әстер министрлігі Ұлттық экономика министрлігіне осы облыстарда салынатын түзеу мекемелерінің құрылысына қатысты инвестициялық ұсыныстар жолдапты.

«Дербес түрмелер салу  туралы сөз қозғалған емес. Мен бұл мәселеге әдейі назар аудартып отырмын. Өйткені, жекелеген бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанда  жекеменшік түрмелер салынбақ деген ақпараттар жарық көрді. Бүгінгі таңда  жекеменшік түрмелер ұстау туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Қазақстанның қылмыстық атқару жүйесі үшін мемлекеттік-жеке серіктестік түрі барынша оңтайлы болып отыр. Алдын ала іріктеп алынған модель мынадай: Бұл салу және пайдалануға беру. Біріншіден, жеке инвестор келісімшартқа сәйкес өз қаржысы есебінен түзеу мекемесін салады. Екіншіден, құрылыс жұмыстары аяқталған соң концессионер нысаны толықтай дайын күйінде мемлекетке тапсырылады. Үшіншіден, мемлекет жазаларды орындау, мекеме ішіндегі сотталушыларды қадағалау, сонымен бірге түзеу мекемесінің төңірегін күзету қызметін толық көлемде жүзеге асырады», – деді Жанат Кешубаев.