Жаңалықтар

«Түнгі қала жанады жанарыңда» деп әндете алмай жүрміз

ашық дереккөзі

«Түнгі қала жанады жанарыңда» деп әндете алмай жүрміз

Алматы түні әдемі.  «Ұйқымды менің ұрлады, Мен болып таңды жырлады» деп қайталанатын «Алматы түні» әнінің мән-мағынасы бүгінгі қала сәнімен келісе ме? Меніңше, жоқ. Түнгі Алматы несімен көркем немесе көркін алған не?

Оңтүстік шаһардың көрікті орындары, мәдениет ошақтары мен мемориалдық ескерткіштері жетерлік. Қаланың күндіз-түні сәнін келтіріп, өзіндік брендін қалыптастырғандар да осы ескерткіштер. Алайда қаламыздағы алып ескерткіштердің түнгі келбеті көңіл көншітпейді. Тіпті түнде қараңғылыққа сүңгіп, жоқ болады десек артық айтқандық емес.  Алматыдағы мәдениет ескерткіштеріне жарық қойылмаған. 

Достық пен Абай қиылысындағы Республика сарайының тап  алдындағы Абай ескерткішіне жарық қойылмағаны өте өкінішті.  Түнгі серуенге шыққан немесе қала түнін тамашалауға шыққан туристің бұл тұлғаны, ескерткішті түн қараңғысынан ажырата алмайды. Сондай-ақ Жамбыл ескерткіші де түн баласы қара тасқа айналып, қою қараңғылықпен ұласып, жоқ болады. Аталмыш ескерткіштердің орнатылғаны кеше емес. Абайдың ескерткіші 1960 жылы орнатылған. Ескерткіш қоладан құйылып, тұғыры қызыл граниттен қаланған. Тұғырдың алдыңғы бетіне «Қазақ халқының ұлы ақыны Абай Құнанбаев (1845—1904)» деп жазылған. Алайда Абай бейнесін туристер түнде түстеп, тіпті жазуын да оқи алмайды. Ұлттың ұлы тұлғасына айналған дананың ескерткіші осындай халде болғанда, басқаларына не айта аламыз? 

Кейбіреулер ескерткішті түнде қараудың не қажеті бар деуі мүмкін. Бұл орынды-ақ. Бірақ… Естеріңізде болса, украиндық танымал «Орел и решка» бағдарламасы Алматыға да бас соққан. Бағдарлама жүргізушісі Андрей Бедняков түнгі Алматыдан түк таппай, түнгі рейспен Астанаға ұшып кететіні бар ғой.  Тіпті көлік жүргізушіден «Қайда барсам болады?» деген сауалына: «Түнгі клубқа» деген жауап алуы да осы мәселенің жанайқайын айғақтайды.

Бұл туристер үшін түнгі қаланың тартымсыз екенін білдірсе керек. Әрине, украиндық бағдарлама қаламыздың туристік тартымдылығының көрсеткіші емес. Себебі күндіз әсем қаланың мәдени, табиғи (Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе) артықшылықтарын паш етеді.

Мәдени ескерткіштерді былай қойғанда, кейбір көшелерге әлі  де шамдар орнатылмаған. Жарығы жоқ, жолаушыға арналған жалғызаяқ көшелер де жетерлік. Осының барлығы оңтүстік астананың кеңестер одағынан кейін көркейтілмегенін білдіре ме, қалай?