Жаңалықтар

Петр Порошенко Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуға бұйрық берді

ашық дереккөзі

Петр Порошенко Украинадағы соғысты уақытша тоқтатуға бұйрық берді

Аумалы-төкпелі заманды бастан өткеріп жатқан Украина әккі саясаттың шырмауынан әлі шыға алмай жанталасуда. Берекеті кеткен елдің президенті Петр Порошенко Донбаста 5 қыркүйек күні сағат 18.00-ден бастап атысты тоқтатуға бұйрық беретінін хабарлады.  Бұған дейін Минскіде өткен кездесу барысында Украина билігі мен елдің шығысындағы сепаратистер басшылары жұма күні жергілікті уақыт 18 сағаттан бастап Донбаста атысты тоқтатуға келіскендігі туралы мәлімдеген еді. Келіссөздерге қатысқан ЕҚЫҰ өкілі 12 пунктен тұратын протоколға қол қойылғанын айтады. Беларусь астанасы Минскідегі кездесуге Украинаның бұрынғы президенті Леонид Кучма, Ресейдің Украиндағы елшісі Михаил Зурабов, ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілі Хайди Тальявини, өздерін өзі жариялаған Донецк және Луганск республикалары басшылары Александр Захарченко, Андрей Пургин және Игорь Плотницкий қатысқан. Осы аптада Украина мен Ресей президенттері атысты тоқтатуға келісті. Украина президенті Петр Порошенко “Ресей президенті Владимир Путин екеуінің берген уәделерін орындайтындарын” айтқан еді. Десе де соғыс уақытша тоқтатылмақ. Бүгін Украинаның шығысындағы Мариуполь қаласында атыс болды деп хабарлайды “Азаттық” радиосы. Бұл оқиға Киев пен ресейшіл сепаратистер арасында бітім жарияланғаннан кейін, бір тәуліктен соң тіркелді. Бұл бітім төрт айдан астам уақыт болған қарулы қақтығыстарды тоқтату мақсатында жасалған еді. Мариуполь қаласының тұрғындары Associated Press агенттігіне телефон арқылы қаланың шығыс шетінде жарылыстар болғанын айтқан. Қаланың бұл тұсында Украина әскері ресейшіл сепаратистерге қарсы қорғаныс шебін құрған. Бұл жайттарға әлем көз тігіп отырғаны сөзсіз.