Жаңалықтар

БОЛОН ТАЛАБЫНА БАЙЛАНЫП ҚАЛДЫҚ ПА?

ашық дереккөзі

БОЛОН ТАЛАБЫНА БАЙЛАНЫП ҚАЛДЫҚ ПА?

Осы күні не көп философ көп, мәдениеттанушы, саясаттанушы көп. Қазақтың ғұлама ақындарының бірі Әбубәкір Кердері айтқандай «Білмеймін дейтін бір жан жоқ, жұрт ақылға толған күн!». Олардың фәлсафасын тыңдап, оқып отырсаң, мына әлем (жер беті) үлкен бір болашаққа бет алған ұлы көш.

Сол ұлы көштің ішінде мыңдаған әртүрлі халық өркениетке қарай бет алып, үдере көшіп барады. Ішінде қақпа шекпенін жолдың шетіне лақтырып жіберіп, оның орнына шортик киіп алып, жан-жағындағылармен біресе «Привет!», біресе «Хэллоу!» деп амандасып, қара көзілдірік тағып, Мерседес мінген кәдімгі қысық көз қара қазақ та кетіп барады. Ол әсіресе, әлгі ұлы көштің ішіндегі ТМД деп аталатын бір іргелі топтың көшін бастап, басқаларға үлгі болып, экономикаң ба, мәдениетің бе, ғылымың ба, әйтеуір мына жалған дүнияның қай саласында да бәрінен озық, бәрінен үздік болып, ең алдында «Алға, Қазақстан» деп алға қарай еш кідіріссіз шауып барады-мыс. Қайда бара жатқанын бір Құдай біледі. Негізгі беталысы әлдебір озық мемлекеттер қатарына барып қосылу және оған қосылу үшін қысқа шортик киіп, Мерседес мінген қазақ ең алдымен америкалықтар мен еуропалықтар не ішсе соны ішіп, не жесе соны жеп, не кисе соны киіп, сосын үйдегі жалғыз не екі баласына ағылшынша, орысша үйретуі керек. Әйтеуір, таза қазақ болмаса болды! Әйтпесе, «мамбет» боп қалуы мүмкін! Мейлі ғой, бұл да әлдебіреулердің ақылының жеткен жері шығар. Дегенмен…Кейбіреулер Ресей жақтан әлдебір ұран тасталса болды, соны аттанға айналдырып, басқаның алдына түсуге жанын сала кірісетіні қалай? Ол ұран өз халқының жан-сарайына, дініне, атасалтына лайық па, оның артында қандай астар жатыр? Әсіре ұраншылдар оған «бас қатырмайды». Кеңес өкіметі алғаш орнап жатқан жылдары-ақ атаның айтқанын – ұл, ананың айтқанын қыз тыңдамай, өз тілінен безіп, елден бұрын орысша сөйлеуге көшкен де, Құдай жоқ деп Құдайдан, Құран өтірік деп Құраннан ең алдымен безген де қазақтың ірілі-уақты басшылары болатын. «Ассалаумағалейкумнің» орнына «Саламатсыз ба?» деп сұрақ қойып амандасуды да солар ойлап тапқан еді. Қазақтың халық әндерін тыңдап отырсаңыз, қазір іші «сәулем», «еркем»,«еркем-ай»-ға мүлде орынсыз толып тұр. Сөйтсек, «Ой, Алла-ай», «Құдай-ай», «Жалған-ай», «ой, дүние-ай» деген сөздердің бәрін алып тастап, осылай өзгерткен де солар екен. Және бұл сөздер ән мәтініне, мағынасына, желісіне мүлде қатысы жоқ, орынсыз енгізілген екен. Қазақтың қисса жырларындағы «кәпір», «орыс» дегеннің бәрі «қалмақ» болып өзгертілген. Ноғайлының орыспен соғысқан батырлары туралы жырларда олар өздері түгіл ата-бабасы естіп, көріп білмеген әлдебір қалмақтармен соғысып жүреді. Бұл да қазақ белсенділерінің ауыз әдебиетінде ашқан «жаңалығының» түрі. Әлі есімізде, Мәскеудің қыннан суырулы жалаң қылышындай «Правда» газеті өзбектердің ешқашан тілі мен дінін сатпайтынын, ешқандай жат идеологияға көнбейтінін айта келіп, «олар ансамблінің атын да «Ялла» деп қойып отыр, бұл «Я Алла» деген сөздің айтылуындағы «я» дыбысынан кейінгі «а» дыбысының түсіп қалған түрі. Яғни ансамбль аты «Я, Алла!». Оны өзгерту керек» деп жазғанда да Өзбекстан Компартиясының Орталық Комитеті оны өзгертпей, сақтап қалды. Ол кезде Ташкент университеті Ленин атында болатын. 1976 жылы өзбектер Лениннің атын алып тастап, университетіне Ұлықбек есімін берді. Бұл КСРО кезінде болған уақиға. Ал қазақтар тәуелсіздік алдық деп жүрген 24 жылдан бері Павлодар мен Петропавлдың атын өзгертуге күші келмей отыр. Сөйте тұра, телеарналар мен баспасөзден күндіз-түні естіліп жатқан «біз күшті», «біз мықты», «біз дүния жүзіне үлгі» деген даңғазаға толы мақтаншақтық сөздерді қайталаудан бір танған емес. Әнебір жылдары «отбасын жоспарлау» деген ұран тасталды. Ол ұранның мақсаты КСРО-дағы өзге ұлттардың санын азайтуға бағытталғаны түсінікті еді. Қазақстанда «отбасын жоспарлауды», яғни, бала тууды шектеуді қызу қолдап, аттан салғандар шықты. Дәрігерлерге жасырын нұсқау берілді. Сол нұсқаудан соң дәрігерге көрінуге барған қазақтың екіқабат әйелдеріне «Сізге бала тууға болмайды», «Өміріңізге қауіп төнеді», «Анемияңыз бар екен», «Енді бала тусаңыз, толғақ үстінде өліп кетуіңіз мүмкін» деген сияқты қорқынышты сөздер айтылды. Тіпті, көптеген әйелдерге «Кесарево сечение» жасалып, ішін жарды. 

Ал, әлгі «отбасын жоспарлау» деп аталатын әнжі саясаттың қайдан шыққанын білесіз бе? Бұл зымияндық жоспар 1974 жылы желтоқсан айында Құрама Штаттардың ұлттық қауіпсіздік кеңесі деп аталатын жасырын кеңесінің өте құпия жиналысында қабылданған екен. Мақсат – «үшінші әлем» деп атайтын елдерде бала тууды шектеу, сөйтіп, олардың санын кеміту еді. Сөйтіп, осы елдерде бұл жоспарды жүзеге асыратын мекемелер жұмыс істей бастады. Жоспарды жүзеге асырудың бір жолы әлгіндей сөздермен әйелдерге үрей туғызу болса, екінші жолы «денсаулыққа залалы жоқ, ұзақ уақыт әсер ететін» деп аталатын дәрілерді ішкізу арқылы әйелдерді бедеулікке ұшырату болатын. Бұл жоспар қазақтар арасында зор табыспен жүзеге асырылды. Қазақтың сол кездегі зиялы отбасыларынан бастап, қара жұмысшы, қарашаруа отбасылары бір-екі баладан артық бала өсірмеуді «модаға» айналдырды. Баласы көп аналар мәдениеттен, өмірден артта қалған, ескінің сарқыншағы секілді көрсетілді. Сол үгіт-насихат, арбау-алдау жұмыстарының бүгінгі Қазақстанда да емін-еркін жүргізіліп отырғандығын айқын аңғаруға болады. Қазір отарбалардың вагондарында, автобус, троллейбустардың есік-терезелерінде жапсырулы тұрған, бала тумау үшін қолданылатын дәрі-дәрмектердің суреттерінен, әртүрлі аборт жасау жолдары туралы таратылып жатқан кітаптардан-ақ бұл саясаттың әлі де жүргізіліп жатқанын көкірегінде саңылауы бар адам бірден байқауға тиіс. Америкада аборт жасауға тыйым салатын заң қабылданғалы да біраз болды. Ал Қазақстанда керісінше аборт жасауға заң жүзінде еркіндік беріліп қойылды. Қазақстанда осы күні «гендерлік саясат», «феминизм» дегенді желеу етіп, биік-биік мінбелерден ақыл соғатындар аз емес. Сондағы айтатындары, әйелдердің мемлекет басқаруға, ел тізгінін ұстауға, бизнеске көптеп араласуына жол ашу. Сөйтіп, АҚШ пен батыс елдеріне міне, біз де сіздердің «гендерлік саясаттарыңызды жүзеге асырып жатырмыз, біз де сіздер салған демократияның жолымен келе жатырмыз» деп есеп беріп отырады. Демек, біздің «көпвекторлы» саясат қазақ санын көбейтуге онша құлықты емес секілді. Әрине, Қазақстан халқының санын 20 миллионға жеткізу керек деген жоспар бар. Ал кейбір бейресми деректерге сенсек, қазір Украинадан қашқандар Қазақстанға ағыла бастаған сияқты. Олардың арасында түрлі әскери қылмыскерлер болуы мүмкін. Ертең Интерпол оларды біздің сахарадан іздеуі де ықтимал. Тіпті таяуда қылмыскер консулдарымыз заңсыз азаматтық берген 13 мың қытайдың да еліміздің қай түкпірінде жүргені белгісіз. Біз кім көрінгенге, қырдан қашқан келімсектерге азаматтығымызды оп-оңай бере саламыз. Есесіне, қандас оралмандарға қабағымыз қатулы. 1991 жылдары өзбек халқының саны 19 миллионға жете қабыл болса, бүгінде өзбектер 30 миллионнан асып кетті. Сол жылдары дүние жүзінде 10 миллионға толғанын ырду-дырду қып тойлаған қазақтың саны елімізде әлі 11 миллион көрінеді. Адам өмірінің ұзақтығы жөнінен Қазақстан 153-орында. Яғни, әлемде 200-дің о жақ, бұ жағында мемлекет бар десек біз кейінгі дүрмектің ішіндеміз. Бірақ осының бәрі әсіресе, кейбір қазақтың лауазымдыларының ежелден келе жатқан кім-көрінгенге жалтақтығы, еліктегіштігі, өз ұлтын өсіру мәселесіне тусыртымен қарайтынының кесірі. Ал, әлгі баланы шектеу туралы құпия жоспарды ДСҰ (Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы), ЮНЕСКО, БҰҰ (Біріккен Ұлттар Ұйымы), Әлемдік Банк, Рокфеллер қоры сияқты толып жатқан халықаралық ұйымдар қос қолын көтеріп қолдайтыны неліктен? Ол «халықаралық» деп аталатын бұл ұйымдар кімнің, қай елдің тапсырмасымен жұмыс істеп отыр деген ой бізді мазаламай ма?

Қазақтың аттаншылдығына тағы бір мысал келтірейік. Қазақстан білім беру саласын қайта құруға, яғни, мектептерде 12 жылдық білім беру жүйесін енгізуге қатты кірісіп кетті. Елімізде бұл жүйені енгізу де басқа реформалар сияқты бүкілхалықтық талқылауға салынбастан қолға алынды. Көзін ашқалы оқу-ағарту саласында қызмет етіп келе жатқан білікті ұстаздар, бірсыпыра ғалымдар, қаламгер қауым баспасөз бетінде 12 жылдық бұл жүйеге қарсы шығып, өз тәжірибелерін ортаға салып, «осыны қоя тұрсаңдаршы» дегенін жоғарыдағылар тусыртымен тыңдады. Олар бұл жерде де қазір «глобализация» жүріп жатқанын, «өркениетті елдердің» осы 12 жылдыққа көшіп үлгергенін тоғыз қабат торғауыт қып бет бақтырмады. Сосын қойдан жуас жұрт «бетбақ жеңді, бейшара көнді» күйге түсті. Білетіндер 12 жылдықтың бұл жобасы 1997 жылы Лиссабонда (Португалия) болған әлдебір конвенциядан, арада бір жыл өткесін (1998 жылы) Англия, Германия, Франция, Италияның төрт министрі жоғары білім берудің еуропалык жүйесін үйлестіру туралы Сорбоннада бірлесіп жасағандекларациясынан (мәлімдемесінен) басталған дейді. Сөйтіп, 1999 жылдың 18 маусымында Болоньеде еуропалық жоғары білім беру аймағын құру туралы мәлімдемеге қол қойылды. Әшейінде «еуропаланып келеміз» деп еліріп тұрған қазақ шонжарларына, әсіресе, білім министрлігіне бұл «қашқалы тұрған киік еді, таңына таяқ тиіп еді» дегендей әсер етті. Дәл сол сәтте әлгі еуропалықтардан оқымай-ақ қазақтың ауыл балаларының ішінен аты әлемге мәшһүр академиктер шығып жатқаны, Қазақстанның Ғылым Академиясы ең бір беделді ғылым ордасы атанғаны, Қазақстан жоғары оқу орнын бітірген талай маманды АҚШ пен Еуропа елдері ат-түйедей қалап алып немесе ашықтан-ашық ақшаға сатып алып жатқаны да бірде-бір қазақ шонжарының миына кіріп шыққан жоқ.

Қазір ҰБТ деген сөзді естісе қазақтың қаршадай қыз-жігіттерінің зәресі ұшады. Бұл Ұлттық Бірыңғай Тест дегенді білдіреді. Қазақша «сынақ», «сын», «сынау», «емтихан» дегенді ғана білдіретін Тест дегені сөзді қазақ белсенділері өзгертпей сол күйінде айтып, сол күйінде жазуға пәрмен беріп қойды. Демек қазақтар үшін «тест» дегеннің өзі қазақшалап «сын», «емтихан» деп айтуға болмайтын бір киелі, қасиетті сөз. Қазір мектепті 11 жыл бойы бір «үш» алмай беске оқыған балаларымыз осы тест деген сұмдықтан омақаса құлап, қатты күйінгендері өздеріне қол салатын болды. Бұған кім кінәлі? 

Тіпті, осының бәрін құптарлық-ақ іс екен дейікші. Бірақ, еуропалық «өркениетке» жетіп, дамыған 50 мемлекеттің қасына барып, сапқа тұра қалу үшін әсіресе, қазақ мектептерінде осы заман талабына сай, мемлекеттік тілде жазылған оқулықтар да жетіспей жатқаны неге ескерілмейді? Оқулықтар шәкірттердің ұғымына, түсінігіне сай келмейтіні күнде дерлік айтылып та, жазылып та жүрген жоқ па? Біздің оқу жүйеміздің өзінде белгілі бір стандарт (үлгі, өлшем, негіз) орнықты ма? Мектептерде мұғалімдер өзі дәріс беретін пәнді оқыту үшін қолына қандай кітап, қай жылы шыққан кітап түссе соны ала салып жүрген жоқ па? Дүниежүзілік білім беру жүйесіне кіреміз дейміз, сол еуропалықтар дәл бүгінгі күні қазақстандық 12 жылдықтан білім алған мамандарға зәру ме? Осы ретте Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетінің проректоры, университет академиялық саясат басқармасының бастығы В.Мироновтың «Қазір білім деңгейі оншалықты жоғары емес, яғни, официанттың (даяшының) біліміндей ғана білімі бар бакалаврлардың Еуропа экономикасына қызметке келгені тиімдірек болуы да мүмкін» – деуінің өзі ойланарлық сөз. Ал біздің білім саласының шонжарлары 90-жылдардың орта шенінде жұртшылықпен ақылдаспастан ғылымдағы түсініксіздеу бір бакалавр деген дәрежені енгізе салды. Ал күндердің күні болғанда бакалавр атағын алып шыкқандардың көбі осы бакалавр дегеннің не екенін өздері де, оларды қызметке алушылар да білмейтіні белгілі болды.

Сөйтіп жүргенде, «Ойбай, магис­тратуралар ашпасақ, ілім-білімнен жұрдай жабайы қалпымызда қалады екенбіз» деп қара аспанды қапылтқан жұмыстар жүргізіле бастады. Жәй ажалды пенде түгіл сол кездің өзінде-ақ әлгі «өркениетті» шонжар қазақтар біріне-бірі сыбырлап: «Магистратура деген не өзі» деп сұрайтын болған деседі. Сөйтсек, «магистратура» дегеннің латын тіліндегі түбірі бар болғаны бастық, ұстаз деген сөз ғана екен. Сонымен әлгі Болоньеде ұсынылған жобаны өтірік-шыны аралас 40 шақты мемлекет қолдайтын болды. Өтірік-шыны аралас дейтін себебіміз, мұның аржағында да еуропаландыру сияқты және басқа да талай-талай үлкен саясаттың құлағы қалқайып тұрған секілді. Мұндай ұлы қиқудан қазақ басшылары қалатын ба еді?! Қанжығасына толтырып шикі мұнай артқан көкшолақты сауырға бір тартып жіберіп, осы жобаны жүзеге асыруға кірісті де кетті. Ал, орыстар бұл мәселені әлі талқыға салып, екі жақ болып айтысып жатыр. Бұған қарсылық білдіруші орыстар БАҚ арқылы Үкіметті, елді бұл жобадан сақтандырып әлі де жағы семетін емес. Оның пайдасыздығын, тіпті, залалын айтып келтіріп жатқан дәлелдерінің өзі тайға таңба басқандай. Тіпті, орысқа тән ұлттық сана, ұлттық болмыс, бәрі ескерілуде.

Ал қазақтың кейбір атқамінерлері ше? Оларға қазақ бір оқуды он түрлі тілде оқыса да, он түрлі дінді қабылдаса да бәрібір. Өйткені бізде жымысқы шара атау­лы өте шапшаң, қазақ ұлтының пікірін ескерместен, ойланбастан жүзеге асырыла береді.

Бұл жолы да әдеттегідей жұртшылықты алдай салу үшін «эксперимент», яғни кейбір мектептерде тәжірибе жасап жатырмыз деген судырақ сөз пайдаланылды. 

Біз 12 жылдық білім беру жүйесіне қатысты өзімізге белгілі болған жағдаяттардың кейбіреулеріне ғана қысқаша тоқталдық. Білім беру саласындағы бұл өзгерістердің (реформаның) ана тіліміздің бүгінгі мүшкіл халін одан да нашарлата түсетіні өз алдына бір тақырып. Ал, қазір университеттерде оқып жатқан шәкірттердің көбінің білім деңгейінің өте төмендігін сол жоғары оқу орындарының барлық мұғалімдері дерлік мойындайды. Және бәрі осыған қынжылады. Мұның бәрін кімдер, қандай саясатпен жасап отырғанын дәлелдеп шығу да оңай емес. Бір ғана білетініміз – қазір Қазақстанның орта және жоғары оқу орындарында ұлтымыздың болашақ елтұтқалары емес секілді. Оған да басын қатырып отырғандар аз. Пысықайлар латынның 18 әрпін, сосын ағылшын тілін білсең болды деген қағиданы аңқау қазақтың миы­на құйып жатыр, құйып жатыр. Тіпті, қаптаған университеттердің көбі білім беретін емес, диплом ғана беретін мекемелерге айналды. 

Бұның бәрі аз болғандай енді «үш тұғырлы тіл» деген бәлекет шықты. Тек «айтақ» десе тұра шабатын саяси да, қоғамдық та сауаты төменқол кейбір қазақтар ғана «көп тіл білген пайдалы» деп қояды. Осы арада белгілі ғалым Дэвид Кристалдың «бір ұлтты оқ шығарып қанға боямай-ақ жойып жіберуге болады. Ол үшін оларға «қостілділік» дегенді енгізу керек. Сонда саны көп, мемлекеті өктем ұлттың тілі екінші ұлттың тілін бірте-бірте жұтып қояды» дегені еске түседі.

Мырзан КЕНЖЕБАЙ