Жаңалықтар

ТОЛАЙЫМ СЫРЛЫ «ТОБЫЛҒЫЖАРҒАН»

ашық дереккөзі

ТОЛАЙЫМ СЫРЛЫ «ТОБЫЛҒЫЖАРҒАН»

Қазіргі қазақ поэзиясының поэтикалық сипатында классикалық әдебиет дәстүрлерінің ықылым замандардан бері қалыптасқан көркемдік ерекшеліктерінің қайта түлеп жаңғыра жырлануы байқалады. Ақындардың лирикалық және лиро-эпикалық, эпикалық туындыларындағы мазмұн мен пішін поэтикасы заңдылықтары бойынша жырлануын сезінеміз. Көбінің шығармаларындағы лирикалық қаһарманның, кейіпкердің көркем шындықпен жинақталған тұлғасынан Тәуелсіз Қазақ Елінің ежелгі көктүріктер дәуірінде негізі қаланған, кейінгі ғасырларында үздіксіз жалғасқан жаратылыс, тіршілік қозғалыстарындағы ғарыштық-ғаламдық қозғалыстар жүйесіндегі үндестіктер мен қайшылықтарды, келісімдер мен қақтығыстарды психологиялық, философиялық ойлау заңдылықтары мен жырлау мәнерінің белсенді сипатын аңғарамыз. Бұл орайда, ХХ ғасырдың 80-жылдары қазақ поэзиясына келген жаңа толқын өкілдерінің әрқайсысының шығармашылық әлемінің поэтикалық табиғатын саралап айтуға болады.

Осы жаңа толқынның қатарындағы ақын – Ғалым Жайлыбай. Ақын туындыларының оқырман жүрегін баураған басты ерекшелігі – адам сезімі мен ғарыштық кеңістіктегі жанды тіршілік иелері мен жансыз заттарды, деректі-дерексіз құбылыстарды, қасиеттерді адресаттық нысанға ала отырып, оларды ақыл-ой иелерінің дүниетанымындағы түйсінулермен, сезінулермен, психологиялық егіздеулер тәсілімен жырлайтындығы. Ғалым Жайлыбайдың поэзиясы – ұлттық және жалпыадамзаттық көркемдік-эстетикалық дүниетаным ортақтығының жарқын көрсеткіші.

ТАБИҒАТ – АДАМ бірлігіндегі құбылыстар, қасиеттер үндестіктерін поэтикалық баламалаумен бейнелеп жырлаған өрнектерден жаратылыс әлеміндегі жанды, жансыз, деректі, дерексіз заттардың, құбылыстардың бәрінің де үндесім, үйлесім рухындағы шынайы болмысын танимыз. Ақын поэзиясындағы лирикалық өлеңдердің идеялық-композициялық сипатында егізделген поэтикалық бейнелеулер тұрақты сақталады. Бұл – қазақ поэзиясының көп ғасырлар бойы жалғасқан ауызша және жазбаша авторлық поэзиясында үздіксіз жалғасқан көркемдік үрдістің жаңаша жаңғыра жырлануының көрінісі. Ғалым ақынның азаматтық сарындағы өлеңдерінің пейзаждық және философиялық лирика поэтикасы ерекшеліктері тұтасуымен жырланғанын оқимыз. «Тобылғыжарған», «Даланың өзендері», «Көңілімнің қаз ұшты түстігінен», «Жарасына шық тұнған бұла белдің», «Жылқышының баласы», «Менің аппақ құстарым», «Күзеудегі қараша үй», «Осы көктем», «Сүмбіледегі сурет», «Баянтаудан қайтқанда», «Жырлы көктем, жеттің бе, нұрлы көктем», «Құмдағы сексеуілдер», «Жаздың жылы бір кешінде», «Ай сынығы», «Сарыарқа. «Протон» құлаған жыл», «Жасыбай көлі», «Қара ағашты жел шайқады кешкілік», «Бір түп емен», т.б. өлеңдері сөзіміздің дәлелі.

Ақын шығармашылығының психологиялық-философиялық желісі – табиғат құбылыстарымен үндесе егізделетін адам дүниетанымының алуан сырлы тереңдіктерінің, кеңістігінің қамтылуы. Ақынның аталған өлеңдеріндегі лирикалық қаһарман, лирикалық кейіпкер ұғымдарын құрайтын авторлық көркем тұлғалардың кестелі өрілімдермен бейнеленулерінен ғарыштық әлем тұтастығын, болмысын аңғарады. Ақынның көркем шындықпен өрнектелген бейнелеу тармақтарындағы психологиялық егіздеулер жүйесінен тіршіліктегі бүкіл болмыстың өзара сабақтасқан кешенді, күрделі сипатын сезінеміз. Көптеген өлеңдердегі лирикалық қаһарманның «Үміттерің үсік шалып үзілсе – жапырақтай жанышталар табанда» («Қара ағашты жел шайқады кешкілік» өлеңінен); «Бұтақтары майысқан бір түп емен, сені көрсем безеді күлкі менен», «Бір түп емен шөңге боп қадалып тұр арқа-жарқа таулардың арасында», «Бір түп емен, түсіңе мұң кіре ме, сарғайыпсың жетпей-ақ сүмбілеге», «Бұтақтарың бүтіндей майысады, жанарыңнан жаз туса жан ұшады», «Бір түп емен! Мен сені күтімі жоқ жетім қалған ұқсаттым қара шалға», «Өр тұлғаңмен көтеріп тұрғандайсың сайқал өмір сыйлаған ғасыр жүгін» («Бір түп емен» өлеңінен).

Ақын – уақыт пен кеңістіктегі адамзат тағдырының трагедиялық сипатты көріністеріне налитын, күйзелетін ерекше сезім иесі. Адам мен оны қоршаған табиғат көріністерінің жанға жайлы, жайсыз сипаттарындағы үндестіктер аясындағы лирикалық қаһарманның адамдарға ортақ көңіл-күйлері көбінесе налыс-күйзеліс, сөгіс толғаулары сарынымен төгіледі. «Жетім құлын», «Жалынан сылап, баптаған күлік», «Қызылағаш, Қызылағаш» т.б. өлеңдері сондай сарынмен жырланған. Табиғаттағы әрбір адамның көзіне таныс суреттерінен жан діліміздегі сезім құбылыстарымен үндес психологиялық философиялық мәнді баламалар жасау арқылы фәни дүниедегі жаратылыс әлемінің біртұтастығын танығандай боламыз. Аспан денелерінің (Күн, Ай, жұлдыздар), ғарыштық кеңістіктегі бұлттардың, сайын сахарадағы өзендердің, таулардың, өсімдіктердің, аңдардың, құстардың, төрт түліктің, адамдардың, т.б. бәрінің де ақын жырларында ғарыштық-ғаламдық дүниетаным аясындағы тұтастықпен жырлануын оқимыз. Ақынның өлеңдерінде ажарлау (теңеу, эпитет), құбылту (метафора, кейіптеу, аллегория, символ, метономия, синекдоха, ирония, сарказм, гипербола, литота), айшықтау (арнау, қайталау, шендестіру, дамыту, егіздеу), бейнелілік өрнектерінің кешенді қолданылуынан суреткерлік-ойшылдықты сезінеміз. 

Ақынның табиғат пен адам әлемі тұтастығымен жырланған өлеңдерінің психологиялық әуенді болмысынан өршілдік пен мұңшылдық егізделуі айрықша байқалады. Бұл орайда, Ғалым шығармашылығының философиялық поэзия аясындағы болмысын сезінеміз. 

Ғалымның азаматтық лирикасында ақынның өлең өнерінің адамзат ұрпақтарына арналған қоғамдық-әлеуметтік, адамгершілік-имандылық ұлағатын ұғындырудағы тәрбиешілік-тәлімгерлік ұлағаты романтикалық-гуманистік рух деңгейінде жырланған «Елегізу. Дағдарыс жыры» («Елегізіп елсізде елеңдедім, көшкен елдің көнерген жұртындай боп», «Жауап іздеп сұраққа ойландым-ай, қарға-құзғын маңайым… тойған құмай»), «Бір өлеңім бар еді», («Аққу тектес Ар еді, заманының зары еді, ғаламының әні еді», «Шуақ шашқан Күн еді, төскейде өскен гүл еді, үздіккен бір үн еді», «Жапырақ жайса жыр емен, жайнап өмір сүрер ем, … әулием ең түнеген»), «Соңғы өлең» («Қыстай екен, құстай екен соңғы өлең, көк аспанның көркі болып көлбеген. Көкпар жырда көк атты жүр көлденең») және т.б. туындыларында ғарыштық кеңістіктің тұлғасы АҚЫН жан ділінің психологиялық әлемін реалистік болмысымен бейнелеген. «Есіңді жи! Жырларыңды жаз, Ғалым!» өлеңіндегі лирикалық қаһарман тұлғасына тән шығармашылық психологиясының сипатынан азаматтық ой арнасындағы ойшыл-суреткер тұлғаның шабыты қуаттандырған сәттердегі толғаныстарға, тебіреністерге бөленген қалпымен дидарласамыз (Жайлыбай Ғ. Тобылғыжарған: Өлеңдер, толғау және поэмалар. – Астана: Фолиант, 2001. – 280 б.; 123-б.).

Қазақ поэзиясындағы эпикалық-туындылардың тарихнамалық-дерек­намалық құрылысы классикалық әдеби дәстүрлерді дамыта жырлау­мен ерекшеленеді. Әлем әдебиеті поэзия­сындағы классикалық мұра­ларындағы эпикалық туындылардың (дастандар, поэмалар) бәрінде де сюжеттік-композициялық тұтастықтың поэтикалық алтын желісінде лирикалық қаһарманның – автордың көркем шындық жинақталған тұлғасының даралана байқалатыны – адресат нысанындағы тыңдаушыларды – оқырмандарды баурайтын эстетикалық ықпал көрсеткіші. Бұл құбылысты біз әлем әдебиетіндегі Дж. Байронның, А. Мицкевичтің, А. С. Пушкиннің, М. Ю. Лермонтовтың, хакім Абайдың, Шәкәрім Құдайбердіұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Сәбит Мұқановтың, Қасым Аманжоловтың, Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтің және т.б. көрнекті романтик-реалист ақындар шығармаларынан байқаймыз. Ғалым Жайлыбайдың «Ақ сиса» поэмасының басталуында да сөз арқауында айтылғандай классикалық эпикалық шығармалардағыдай адресаттық негізгі нысан-адресаты оқырмандарымен сырласа жырлағанын оқимыз. Поэманың алғашқы екі бөлігіндегі лирикалық қаһарманның – ақынның туған жер мекендерін (Жасыбай көлі, Баянтау, Ақбеттау, Әулиетас, Найзатас, Қорған, т.б.), қазақ тарихының дарабоздарын (Бұқар, Мәшһүр Жүсіп, Сұлтанмахмұт, Жүсіпбек, Олжас), бәрін де табиғат пен адам тағдырлары тұтастығына құрылған тіршілік эстетикасы тағылымы тұрғысында толғаған. 

«Ақсиса» поэмасының басты кейіпкері – қазақ тарихының көрнекті қайраткері, өнерпазы, ақын, композитор Жаяу Мұса Байжанұлы (1838-1929). Поэманың идеялық-композициялық желісіндегі сюжеттік бөліктер былай сараланған: біріншісі – Жаяу Мұсаның он екі жылдық сүргін жазасына жазықсыз кесіліп, Тобылға айдалғаны, тас түрмеге қамалғаны; екіншісі – түрмеге қамалған Жаяу Мұса тағдырын арқау ете ақынның қайсарлық-қаһармандық пен пендешілік-озбырлық тайталасының мәңгілік жалғасқан күрес жолын жырлауы: үшіншісі – Баянтау өңірінің тарихындағы жерге таласқандарды бітістірген Бай Ана туралы аңыз, 1840 жылы Ресей отаршылдары – казак-орыстардың қала салғаны, Мұса мен Мұстафаның қала салу үшін Ақкелін мекеніне таласқаны; төртіншісі – поэма кейіпкері Жаяу Мұсаның «Ақсиса» ән-өлеңінің өршіл, жеңімпаз рухын мадақтау; бесіншісі – ғасырлар бойы әлеуметтік қақтығыстар, қайшылықтар талқысында келе жатқан қазақ тағдырының – халықтық-ұлттық психологиясының күрделілігін жырлау. Психологиялық-лирикалық поэмадағы лирикалық қаһарман ойларының шиеленісті шегінде Ресей отарлаушыларының Баянауылды зорлықпен иемденгенін жырлағаны да Ғалымның зарзаман поэзиясы ақындарының (Дулат, Шортанбай, Мұрат, Махамбет, т.б.) сыншыл, мұңды-шерлі жырларымен үндестігін дәлелдеген. 

Поэма кейіпкері Жаяу Мұсаның «Тоқсан төртте жасым бар» деп басталатын толғау-монологы – дәстүрлі поэзиямыздағы бақұлдасу-қоштасу жырларының үлгісі. Автордың қарт Мұсаның аузымен төгілген арман, үміт сенім толы ойлары ғасырлар бойы тағдыр талқысына қаншама ұшыраса да ата-баба мен кейінгі ұрпақ аманаттарын ұлықтаған, сонысымен өзін-өзі сақтаған қазақтың асыл болмысын даралайды. 

Ғалымның «Киікқашқан» поэмасы – ұлттық поэзиямыздағы зар замандық сарынды шығармалар дәстүріндегі экологиялық дағдарыс-қасірет жырларының бірі. Бұл – кезінде сонау сақ, ғұн, түркі өркениеті, кейінгі ғасырлардағы сопылық поэзияда дамытылған, Қазақ хандығы кезінде жалғасып, ХІХ ғасырдағы Шортанбай, Дулат, Мұрат, Махамбет жырларымен қуаттана дараланған дәстүр. Ғалым ақынның «Киікқашқан» поэмасындағы азаматтық-отаншылдық сыншыл ой арқауы – табиғат пен адам тағдыры. Поэманың идеялық-композициялық желісіндегі лирикалық қаһарманның тіршілік ағынындағы замандастарына қойған сұрақтары да жалпыадамзаттық экологиялық дағдарыс себебін іздеу мұратын айғақтайды. 

Ақын – адамзатқа ортақ қуанышты да, қасіретті де жырлаушы. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы мекеніндегі Сарыарқаның сағымды даласындағы дала көріністерінен эстетикалық нәр, шабыт қуатын алып өскен, өркендеген көшпелілер дүниетанымының романтикалық сарындарға толы сипатын лирикалық қаһарман пейзаждық суреттеулермен көз алдымызға айқын бояуларымен елестетеді. ХХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХІ ғасырдың қазіргі бас кезі – экологиялық дағдарыстар тоғысқан дәуір. Ғарыш айлақтарынан шексіз кеңістікке көтерілгендердің зардаптарын да Жер-Ананың қасірет отына оранған зарлы, мұңды келбетін даралайды.

Қазіргі ХХІ ғасыр басындағы жалпыадамзаттық экологиялық дағдарыс қасіреттерін уақыт шындығы деректері бойынша ақынның тіршілік тағдырына күйзелген жан ділі әлемінің айқайын сезінеміз, ортақтасамыз. Поэманың «Бетпақдала. Күн идіру» бөліміндегі элегиялық терең күрсініспен, күйзеліспен ақтарылған лирикалық қаһарман мұңы – қазіргі көкірегі ояу, жаны сергек отаншыл ұрпақтардың жан сыры. Лирикалық-психологиялық поэманың поэтикалық тұжырымдамасындай бейнелеулермен өрнектелген көркем кестелі тармақтардан жаратылыс мүшелерінің табиғи үйлесімдерінен айырылған қазіргі қазақ ұрпақтарының мүшкіл хал-ахуалы сентиментализм мен сыншыл реализм тұтасқан көркем шындықпен суреттелген.

Әлем әдебиеті ақындарының қазақ оқырмандарына танылуында көркем аударманың ықпалы мол. Ақынның «Гийом Аполлинерден аудармалар» топтамасындағы өлеңдер («Күн сұлуы», «Анни», «Мирабо көпірі», «Жиі есіме түсесің…» т.б. әлем халықтарына ортақ көркемдік-эстетикалық дүниетаным ұлағатын танытады. Географиялық кеңістіктің әр аймақтарында өмір сүрсе де тіршілік құбылыстарын, қасиеттерді ортақ таныммен жырлайтын ақындық дүниетаным қуаты дәлелденген. Әлем әдебиеті тарихындағы белгілі француз ақыны Гийом Аполлинер (шын аты-жөні Вильгельм Апполлинарий Костровицкий (1880–1918) – байлықтың, биліктің озбырлығы шектен шыққан қоғамның адамгершіліктен ауытқығанын, рухани экологиялық азып-тозуын гуманистік ұстаныммен, мұңды-шерлі сарынмен жырлаған ақын. Бұл орайда, көркем аудармасы арқылы ХІХ ғасыр мен қазіргі ХХІ ғасырдағы бүкіл адамзат ұрпақтары үшін АДАМ – ТАБИҒАТ тұтастығы әлемінің экологиялық дағдарыстарын, қайғы-қасіреттерін, апаттарын жырлаған әлем әдебиеті ақындарымен үндес гуманист, қайраткер Ғалым Жайлыбайдың азаматтық тұлғасы да даралана түседі. 

Қорыта айтқанда, көрнекті ақын халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Ғалым Жайлыбайдың біз талдау нысанына алған «Тобылғы жарған» (Астана: Фолиант, 2011. – 280 б.) кітабындағы туындылары Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына әбден лайықты санаймын.

Темірхан Сақаұлы ТЕБЕГЕНОВ,

филология ғылымдарының 

докторы, профессор