«АТЫҢ БАРДА ЖЕР ТАНЫ...»
«АТЫҢ БАРДА ЖЕР ТАНЫ...»
Қаламгер Өскенбай Құлатайұлы журналистік жолжазбаларын, өлеңдерін, газеттерге жарияланған түрлі тақырыптағы мақалаларын және өзінің басынан өткен хикаяларын жинақтап «Атың барда жер таны…» атты құнды кітапты жарыққа шығарды.
Бұл кітап автордың тоғызыншы туындысы. Өскенбай Құлатайұлының кезекті еңбегі оның сапарнамаларына арналыпты. Туған ел мен шет мемлекеттерді аралаған автор көргенін, көңілге түйгенін қағазға түсіріп отырған. Жазбаларында әр жердің ерекшелігін, құпиясын, тарихын баяндай отырып, оқырманға «туған елдей ел болмайтынын» ұғындыра білген.
«Атың барда жер таны…» кітабы 5 бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде Меккеге, Кавказ еліне, Әзірбайжанға, Филиппинге, Үндістанға, Испанияға, Поляк Халық Республикасына, Францияға, Қырғызстанға және Қазақстанның бірнеше қалаларына жасаған сапарлары жайында жазылған. Әрбір жолжазбасында қаланың тарихына да, табиғатына да, ондағы мәселелерге де назар аударып, талдап-таразылайды.
Кітаптың екінші бөлімінде еңбек, өнер ардагерлерінің саналы өмірін жастарға үлгі етіп көрсетуге тырысады. Сонымен қатар туған елді, жерді құрметтеуді, Отанды сүюді жастардың санасына сіңіруді басты мақсат тұтқан.
«Жақсылыққа жақын бол» деп аталатын үшінші бөлімде оқырманын жақсылық жасауға, қайырымды, иманды болуға, көмекке мұқтаж жандарға жәрдемдесуге үндейді.
Ал кітаптың соңғы бөлімінде автордың жүректен шыққан жырлары жинақталған. Соңғы уақыттарда жазылған түрлі тақырыптағы өлеңдері де оқырманның қызығушылығын тудырады.
Қаламгер Өскенбай Құлатайұлының бұл туындысы да оқырманнан оң бағасын алатыны сөзсіз.
Әсел ӘНУАРБЕК