ЫНТАСЫ МОЛ, МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ
ЫНТАСЫ МОЛ, МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ
Балалардың толыққанды білім алып, сауатты азамат атануы үшін елімізде барлық жағдай қарастырылған. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар да назардан тыс қалған жоқ. Мүмкіндігі шектеулі балаларға білім беру, олардың тәрбиесі, денсаулықтарын оңалту мәселелері қазір жиі қозғалады. 2014 жылдың басында республика бойынша тіркелген 626740 мүгедек бар. Оның 9,8 пайызын мүгедек балалар құрайды. Яғни, елімізде 61511 мүгедек бала бар. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 53989-ды көрсеткен. Демек, мүгедек балалар саны жыл сайын артып келеді деген сөз.Қазір 60 мың мүмкіндігі шектеулі баланың 9 мыңға жуығы үйден оқиды. Үйден оқитындар саны да жыл өткен сайын артып келеді. Нақты деректерге сүйенсек, 2010 жылы – 7898, 2011 жылы – 8527, 2012 жылы 8796 бала үйден оқыған. «ҚР Мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» заңда кемтар жандардың білім алуы, денсаулығы, тәрбиеленуі арнайы баптарда көрсетілген. Үйден оқитын балаларды қолдау үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама әзірленді. 2011-2020 жылдарға арналған бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі және үйде оқитын балалар үшін 4 млрд. 170 млн. теңге қаржы бөлінген.
Мүмкіндігі шектеулі немесе кемтар балаларды қоғамнан алыстатуға болмайды. Олар – қоғамның назарына, қолдауына, мейіріміне зәру жандар. Мүгедек балалардың да өз қатарынан қалмай білім алуы үшін мемлекет тарапынан түрлі бағдарламалар әзірленіп жатыр. Алайда, олардың нақты жүзеге асып жатқанына ешкім де кепілдік бере алмайды. Еліміздің барлық қалаларында дерлік мүгедек балаларға арналған мектеп-интернаттар мен балабақшалар жұмыс істейді. Мұндай мекемелердің бір артықшылығы – кемтар балаларды ешкім де кемсітпейді. Барлығының өмірге деген көзқарастары, алға қойған мақсаттары, тілектері ұқсас. Сондықтан, арнайы мектеп-интернаттарда білім алатын мүгедек балалар бір-бірімен оңай түсініседі. Ал мұндай мектептерге де бара алмай, үйден оқып жатқан балалардың білім алу деңгейі қалай? Оларға қандай ұстаздар тәлім береді? Үйден оқитын балалардың сабақ кестесі қалай бекітіледі? Өз қатарластарымен бір деңгейде білім алып, сауатын арттыра ала ма? Үйден оқитын балаларға қатысты көкейде сан түрлі сауал бар. Ал оның жауабын қайдан іздеу керек?
Мүмкіндігі шектеулі балаларды үйден оқыту – білім берудің бір формасы. Мұндай жағдайда бала үйде жеке оқытушыдан білім алады. Бұл медициналық көрсеткіштері бойынша арнайы білім беру мекемелерінде оқи алмайтын балаларға ұсынылады.
Қазіргі жас ұрпақтың қатарында мұндай мүмкіндігі шектеулі балалар да бар. Олар да еліміздің болашағы. Бұл балаларды бір-бірінен бөле қарау – кемтар балалар үшін ең үлкен қорлық. «Мүгедек» деп мүсіркеу ол балалар үшін өте ауыр. Сол себепті, мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналары олардың дені сау қатарластарымен бірге оқытқысы келмейді. Кез келген ата-ана баласына өзгелердің саусағын шошайтып, кемсіткенін қаламайтыны аян. Сондықтан, амалсыздан баласын үйден оқытуға мәжбүр болады. Осындай ата-аналардың бірі – Нұрайша Ізтілеуова. «Ақсай» ықшамауданында тұратын Нұрайша жалғызбасты ана. Тағдырдың тосын жайты Нұрайшаны жарынан, 3 жасар Айымды әкесінен айырды. Дүниеге келгеннен пайда болған жүрегіндегі тесік күн өткен сайын сәбидің халін нашарлата бастаған. Жүрегіндегі тесікті бекіту үшін жасалған отаның да еш нәтижесі болмаған. Жүрегі жиі қысылып қалатын Айым қазір де анасының қарауында. Қазір Айымның жасы 8-де. Екінші сыныптың оқушысы. Алайда Айым қатарластары секілді мектепке бармайды. Үйден оқиды. «Айымды былтыр қолынан жетектеп бірінші сыныпқа апарған болатынмын. 2 аптадан кейін үйден оқытқаным дұрыс болар деп шештім. Қызымды мектепке беруден жүрексініп, 7 жасқа толғанда ғана апардым. Оның қиналатынын білдім ғой. Бірақ, қызым мектепке барамын деп ерекше қуанғандықтан, оның бетін қайтара алмаған едім. Соңынан өкініп қалдым. Мектепте барған күннен бастап, тынысы тарылып, есінен танып қала берді. Мұғалімдер де қызымды үйден оқытпасам болмайтындығын айтты. Олар да мойындарына артық жауапкершілік алғысы келмейтінін түсінемін», – дейді баласы үшін жаны ауырған ана. Бала болғандықтан, мектепте оқушылармен қосыла жүгіріп ойынға да араласып кетеді екен. Артық қимыл оның жүрегіне қатты әсер ететіндігін қанша айтқанмен түсіндіре алмаған анасы қызының болашағы үшін қатты алаңдайды. Қазір үйден оқып жүрген Айымға мұғалімі белгіленген оқу жоспары бойынша уақытымен келіп сабақ өткізеді екен. Алайда, Айымның қолында ешқандай оқулық жоқ. Нұрайшаның да оқулық сатып әперуге шамасы жетпейді. «Оқулықтармен мұғалімі келген кезде ғана танысып, жұмыс істейді. Өзге уақытта тапсырма орындайтын оның оқулықтары жоқ. Мұғалімі аптасына екі рет қана келеді. Бұл баланың сауатын арттыру үшін жеткіліксіз. Айым аптасына 2-3 сағат қана білім алып жатыр», – деп ренжиді Айымның анасы. Ал мұғалімнің өзімен сөйлескенімізде, барлығының да жоспарға, талапқа сай екендігін айтып ақталды. Аты-жөнін атаудан бас тартқан Айымның оқытушысы: «Мен күн сайын келуге міндетті емеспін. Мектеп басшылығы бекіткен уақытта келіп, өз жұмысымды орындаймын. Айым өте алғыр оқушы. Тек оның жиі дем жетпей қалатындығы бізге кедергі болып тұр. Жаңа тақырыптарды түсінбей қалса да, ашуланып қалады. Ашудың соңы тағы да сол тынысының тарылуына алып келеді. Мұғалімдер үшін мұндай балалармен тіл табысу, бірлесіп жұмыс істеу өте қиын. Сабаққа белгіленген уақытта бала үшін біз жауап береміз», – дейді мұғалім.
«Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу үшін мұғалімдерді арнайы дайындау тақырыбы талқыға түсіп жатыр. Бірден айтайын, мәселе күрделі, одан әрі талқылауды қажет етеді. Мұнда мүгедек арбасымен мектептерге кірудің қиыншылығы ғана емес, мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мұғалімдерді дайындау мәселесі де бар. Ең бастысы, ата-аналар сау балаларын мүмкіндігі шектеулі балалармен бірге оқытқысы келмейді, оған әлі дайын емес», – деген болатын бір сөзінде Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева. Расымен де, арнайы мамандарды оқытудың қажеттілігі артып тұр дәл қазіргі сәтте.
Білім беру саласының мамандары да мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеу өзекті мәселе болып тұрғандығын айтып дабыл қағуда.
Қазір инклюзивтік білім беру мәселесі қолға алынуда. Инклюзивтік білім мүмкіндігі шектеулі балаларға өзінің құқықтарын іске асыруға мүмкіндік береді. Білім берудің бұл түрі мүмкіндігі шектеулі балаларға балабақша, мектеп, жоғары оқу орнына барып, өмірге толық көлемде қатысуға мүмкіндік береді. Бұл жүйенің басты мақсаты – қоғамның мүгедек балаларға қатысты көзқарасын өзгерту, оларды қоршаған ортаға бейімдеу, толық білім алуды ұйымдастыру, дені сау балалармен тең ұстау. Сондықтан да инклюзивті білім беру жүйесін жолға қоюымыз керек. Бұл жүйені барлық балалардың бірдей білім алуын қамтамасыз ететін білім беру үрдісінің дамуы десек те болады.
Жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі балалар үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Мүгедек, ауру балалар өзгелердің мүсіркегенін емес, қолдап-қолпаштағанын күтеді. Өзгелер секілді олар да адамдарға өшпенділікпен емес, мейіріммен қарағысы келеді. Мүмкіндігі шектеулі болса да олардың білім алуға, маман иесі атануға деген сенімі, келешекке артқан үміті мол.
Әсел ӘНУАРБЕК