ШЕКАРА ТҰТАСТЫҒЫ МЕН ӘЛЕМДІК ҚАУІПСІЗДІК
ШЕКАРА ТҰТАСТЫҒЫ МЕН ӘЛЕМДІК ҚАУІПСІЗДІК
Душанбедегі Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің саммиті аяқталды. Кездесу барысында 12 мемлекет өз мүддесін көздегені анық. Қазақ елінің басшысы территориялық тұтастық пен шекара мәселесі, әлемдік және аймақтық қауіпсіздік пен Украинадағы шиеленістің бейбіт жолмен реттелуіне баса назар аударды.
«Шекара қауіпсіздігіне көңіл бөлінсін»
Саммиттің кеңейтілген отырысында ҚР Президенті Н.Назарбаев ШЫҰ-ның 2025 жылға дейінгі даму стратегиясын қабылдау ұйымды бұдан әрі күшейтудің айқын бағдарлары мен келешегін айқындап беретінін, аталған ұйымға мүше-мемлекет мәртебесін беру тәртібі мен өтініш беруші мемлекеттің міндеттемелері туралы меморандумды бекіту керектігін ескертті. Мемлекет басшысы Терроризмге қарсы өңірлік құрылым қызметін одан әрі жетілдіру үшін Астананың күш-жігер жұмылдыруға әзір екенін де атап өтті. Бұл үдеріс жан-жақты ойластырылуға және барлық тараптың мүддесі ескерілуге тиіс. Сонымен қатар Қазақстан Президенті ШЫҰ Энергетикалық клубының қызметіне, оның маңыздылығына да көңіл бөлді. «Қазақстан Клубтың алғашқы төрағасы ретінде жоғары деңгейдегі топ отырысын ұйымдастырды. Біз тараптарды биылғы қарашада Астанада өтетін «Жаңғыртылатын энергияны пайдалану және дамыту келешегі» атты конференцияға белсене қатысады деп үміттенеміз», – деп мәлімдеген Нұрсұлтан Назарбаев Ұйымдағы Іскерлік кеңес пен ШЫҰ Банкаралық бірлестігі жұмысын жақсарту керектігін айтты. Таяу Шығыстағы жағдайдың ширыға түскеніне тоқталған Қазақстан Президенті әлемдік қауіпсіздікке қатер төнгенін ескертті: «Сирия, Ливия, Ирак, Палестина-Израиль қақтығысы бағынудан кеткен тұрақсыздық ошағына айналды. Өңір терроризм иірімінің тұңғиығына батып барады. Деструктивті элементтер тек қана өңірлік емес, халықаралық қауіпсіздікке де тікелей қатер төндіре бастады». ШЫҰ-ның төрағалық тізгіні Ресейге өтті. Ал отырыс соңында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының Душанбе декларациясы, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше-мемлекет мәртебесін алу мақсатында өтініш беруші мемлекеттің міндеттемелері туралы типтік меморандум туралы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары Кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекет мәртебесін беру тәртібін бекіту туралы шешімі, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ұйымының 2025 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы шешімі, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Екінші дүниежүзілік соғыста фашизмді жеңген Жеңісінің 70 жылдығын мерекелеу жөніндегі шешімі, Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің Шанхай ынтымақтастық ұйымының Өңірлік терроризмге қарсы құрылымының 2013 жылғы қызметі туралы ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы кеңесінің баяндамасын бекіту туралы шешімі, т.б. құжаттарға қол қойды.Әлемдік саясаттың күн тәртібіне шыққан мәселесі – Украинадағы жағдайды бейбіт жолмен реттеу аса маңызды екенін ескерткен Елбасы: «Дағдарыстың ауқымы мен әсері әлдеқашан бұл елдің шегінен шығып кетті. Шығыс Украинадағы ахуал кезек күттірмейтін шаралар мен әрекеттерді талап етеді. Түйткілді шешудің ұзақмерзімді бірден-бір жолы – саяси диалог», – деді. Қастасуды емес, достасуды, өзара келісімді ұсынған Қазақстан басшысын Путиннің қолдай қоюы неғайбыл. Душанбедегі саммит басталмай тұрып, «Біз бейбітшілікті жақтаймыз. Бірақ тез арада қарулануға көңіл бөлу керек, ол үшін 20 трлн. рубль бөлінеді. Батыс Ресейді оқшаулай алмайды», – деп бәсекелестеріне сес көрсетті. Ал ресейлік БАҚ «Душанбедегі саммит нәтижесінде NATO-дан күші мен қауқары асып түсетін жаңа қарулы ұйым пайда болды», – деп жарияға жар салып жатыр. Әлбетте, ШЫҰ – уақыт өткен сайын ауқымын кеңейтіп келе жатқан ұйым. Алайда NATO сияқты аса қуатты емес әрі ШЫҰ құрамындағы мемлекеттердің өзіндік ұлттық мүддесі бар. Өзін кеңестік империяның «заңды мұрагері» санайтын Кремльге деген сенімсіздікті де жоққа шығара алмаймыз. Отырыс барысында Н.Назарбаев территориялық тұтастық мәселесіне тоқталды. Анығында, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтың ШЫҰ аясындағы маңызды басымдық екенін, шекара мәселелері бойынша ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл туралы келісімге тез арада қол қою арқылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы шекаралар аумағында сенім шараларын нығайтуға септігін айтты. Елбасының алаңдауы тегін емес. Өйткені соңғы уақыттарда Қазақстанның территориялық тұтастығына қауіп төндіретін мәлімдемелер жиілеп кетті. Ресейлік сарапшы Лимонов пен Дума депутаты Жириновскийдің Қазақстанның солтүстік аймақтарындағы облыстарға көз алартуы, жуырда ғана РФ президенті В.Путиннің «Қазақстанда бұрын мемлекет болмаған» деген сөзі талай көңілге алаң кіргізді. Әлбетте, Президент Путиннен бұрын-ақ Ұлытауда берген сұхбатында Қазақ халқы үшін Тәуелсіздіктен асқан киелі ұғым жоқтығын, елдің егемендігіне ешкім қол сұға алмайтынын, егер тәуелсіздікке қатер төнсе, Кедендік одақ пен Еуразиялық Одақ құрамынан Қазақстанның шығатынын ашық айтқан. Осы сөз шамына тиіп кетті ме, Путин ықылым заманнан дербес ел ретінде қалыптасқан Қазақ ұлтының мемлекеттігін жоққа шығарды. Одан кейін Путин Алтайдағы аумаққа ауыз салып, «бұл жер бұрыннан орыстардың меншігінде» деді. Бүгінде Қазақ қоғамында қызу пікірталас тудырған да – Ресейдің бүгінгі агрессорлық ұстанымы.
«Қазақстанның солтүстігі – орыстардың жері», – деп 20 жыл бұрын айтқан Путин пікірін өзгертті ме?
Сөз жоқ, Душанбедегі саммитте мүдделер қақтығысы байқалды. Саммитке жиналған әр ел көкейдегі сұрағы мен көңілдегі алаңына жауап іздеген. Таяу Шығыстағы тұрақтылықты шатқаяқтатқан Ислам халифатының мүшелері өздерінің лаңкестік әрекетін Ресейде жалғастыратынын айтып, Путинді қорқытты. Олардың көздегені – Шешенстан мен Қап тауының солтүстік етегі. 13 жылдан бері саяси астары басым болған ШЫҰ бүгінде NATO сияқты әскери блокқа айналуға тырысса, бір кездері қарулы күштердің қорғаны ретінде құрылған NATO керісінше, саяси-әскери ұйымға айналып келеді. Өйткені ұрда-жық саясаттың алысқа апармайтынын ұқты. Әрі Ресей, Қытай мен Үндістан сияқты үш алпауыттың күш біріктіруінен қорқады. Қазір Шанхай ынтымақтастық ұйымына бақылаушы мемлекет мәртебесіне ие Пәкістан мен Үндістан келесі жылдан бастап Қазақстан, Қытай, Ресей сияқты толыққанды мүшеге айналады. Тіпті, халқының саны 80 миллионға жақындаған Түркияның өзі Башар Асадқа бүйрегі бұра бастады. Әп дегенде әмір ете сөйлеген АҚШ пен Батыстың дауысы да жұмсарған қазір. Олар Асадтан отставкаға кетуді талап етуді доғарды. Есесіне, Ислам атын жамылып, халықаралық қауіпсіздікке қатер төндірген лаңкестерді құрықтауға мүдделі. Н.Назарбаев Таяу Шығыспен бірге шекарааралық мәселелерді шешуді көздеді. Өйткені атам қазақ «көршіңді ұры тұтпа, өз өзіңе бекем бол» деген. Халықаралық деңгейдегі құжаттар арқылы шекара қауіпсіздігін кепілдендіріп алуға тырысқан Назарбаевтың күдігін бүгінде халықаралық БАҚ-та жарияланып жатқан мақалалар да дәлелдейді. Мәселен, француздардың «Slate.fr.» басылымының хабарлауынша, Путин 1994 жылы Санкт-Петербург мэрі Собчактың орынбасары болған кезінде-ақ Қырымды Украинадан бөліп алуды, Қазақстанның солтүстігін тартып алуды аңсаған. Көп жиындардың бірінде: «Бұрынғы КСРО аумағында тұрып жатқан орыстілділердің проблемаларына қатысты айтарым, бұрынғы кеңестік республикаларды басып алған орыстілді халық емес, КСРО. Осыған байланысты орыстар КСРО құрамында болған басқа халықтар сияқты Кеңестер Одағының құрбанына айналды. Естеріңізде болсын, Еуропадағы жалпы қауіпсіздік пен бейбітшілік үшін Ресей қол астындағы орасан зор аумақтан өз еркімен бас тартып, КСРО құрамында болған республикалардың қанжығасына байлап берді. Сонымен қатар ежелден Ресейге тиесілі болған жерден де айрылдық. Мен Қырым мен Қазақстанның солтүстік аймағын ғана емес, сондай-ақ, Калининград облысын да айтып отырмын. Осының салдарынан, 25 миллион орыс кенет шекара сыртында қалды. Ресейдің оларды тағдыр тәлкегіне салып қоюына болмайды!», – деген. Қазақстанның территориялық тұтастығына осыдан 20 жыл бұрын көзін алартқан Путин бүгінде іргемізде жатқан алып елдің президенті. Еуропалық Одақта Ресейге қатысты мәселеде ауызбіршілік пен ынтымақтың жоқтығы да Қазақ елі үшін алаңдайтын жайт. Ресей Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Түркия сияқты түбі бір түркі елдері мен түркітілдес ұлттардың бірігуіне де мүдделі емес. Н.Назарбаевтың түркі бірлігіне қатысты әрбір бастамасына кедергі жасауға тырысып, әр сөзінен ілік іздейтіні соның айғағы.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ