ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА МЕКТЕПТЕР БОЙ КӨТЕРМЕК
ҚЫЗЫЛОРДАДА ЖАҢА МЕКТЕПТЕР БОЙ КӨТЕРМЕК
Қызылордада халыққа қызмет көрсету нысандары орналасатын әкімшілік ғимараты бой көтермек. Бұл туралы сәулет және қала құрылысы кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Жаңа ғимараттың жобасы туралы «МТС Компани ЛТД» ЖШС бас сәулетшісі Дәурен Ілиясов мәлімдеді. Заманауи үлгіде өзіндік кескін-келбетімен бой түзейтін бұл нысан облыс орталығындағы Ғ.Мұратбаев көшесінде орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығы жанынан салынбақ. Оған белгіленген аумақтың көлемі 32 мың шаршы метрден асады. Ал ғимарат 15 қабаттан тұрады. Мұның бірінші және үшінші қабаттары аралығында ойын-сауық орталығы, сауда орындары, мейрамхана, екі кинотеатр, балаларға арналған аттракциондар орналасып, уақыт сұранысына сай қызмет жасайды. Ал төртінші қабаттан бастап кеңсе бөлмелері орын теппек. Бизнес және сауда орталығы аумағында жабық және ашық паркингтер, саябақ аймағы автотұрақтар, демалыс алаңдары болады. Жобаның бас сәулетшісі, ғимарат классикалық стильде салынып, сыртқы келбеті мәрмәрмен, ірге тасы гранит плиткалармен қапталады деп отыр. Ең бастысы, ғимараттың сырт келбеті ұлттық нышандармен өрнектелмек. Кеңес отырысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев мұның қажетті нысан екенін атап өтті. Ғимарат орналасатын аумақтың бір жағында дария ағып жатыр, оған салынатын жаңа көпір де қашық емес. Сондықтан жоба иелері нысанға жақын орналасқан дария жағалауын қоса көркейту қажеттігін де ұмытпағаны абзал. Бұл ретте жаяу жүргіншілерге,велосипед тебушілерге және осында тынығып-демалушыларға арналған алаңдар болуы тиіс. Ал төселген көгалдарды тамшылатып суару әдісімен нәрлендіріп отырған жөн. Жоба барысында осындай қажеттіліктерге мұқият зер салу керектігін ескерткен аймақ басшысы эскиздік жобаны мақұлдауды ұсынды. Әйтсе де, бұл үш жыл ішінде жүзеге асырылмайтын болса, бұл аумақ қайта алынып, мемлекет қарауына берілетінін қатаң ескертті.Сондай-ақ кеңес қарауына облыстың елді мекендерінде салынатын бірнеше білім ошақтарының жобасы ұсынылды. Олардың екеуі 140 орындық мектептер, Қазалы ауданындағы Бірлік ауылында және Қармақшы ауданындағы Қуаңдария ауылында, салу көзделген. Ал 200 орындық мектеп Жаңақорған ауданындағы Қожамберді аулында, 300 орындық білім ошағы Шиелі ауданындағы Ә.Тәжібаев ауылында бой көтермек. Сәулетші Ғалымжан Әлиевтің айтуынша, жобалар толықтай облыстық құрылыс басқармасы тарапынан берілген техникалық тапсырмаларға сәйкес келеді. Аталған мектептерде оқу сыныптары, дене шынықтыру алаңы мен жабық зал, асхана, мәжіліс залы, алғашқы әскери дайындық және басқа да қажетті кабинеттер, оку-әдістемелік алаңы, демалыс орындары шаруашылық алаңдары орналасқан. Мұнда ғимараттардың сырты жаңадан шығып жатқан сапалы бояумен сырланып, аулаларды абаттандырудың да жай-жапсары ойластырылған. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойында салынуы жоспарланған кешендер жобасы да кеңес талқысына түсті. Оның алғашқысы Жаңақорған ауданының аумағындағы 198-шақырымда орналаспақ. Жобаны таныстырған «Казтуризм» ЖШС өкілі Серік Ералиев оның «А» категориясына жататын айтып өтті. Мұнда 100 орынға арналған қонақ үй, туристік бөлім, сауна, бильярд залы, 100 орындық мейрамхана, дүкен, сауда қатарлары, жүк және жеңіл көліктерге арналған автотұрақ, автокөлік шеберханасы, демалу аймағы орын алмақ. Автотұрақтарды күн сәулесімен қуаттанатын қондырғылармен жабдықтау ойластырылып отыр. Жалпы құны 720 млн. теңгелік құрылысты 2016 жылы аяқтау жоспарланған. Жоба толығымен іске қосылған жағдайда 50 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі.Ал «С» категориясындағы екі жоба туралы «Нұрдәулет-М» ЖК өкілі Қонысбек Жетпісбаев пен «К.Жүнісова» компаниясының өкілі Ерұлан Мыңбаевтар мәлімдеме жасады. Оның біріншісін Арал, екіншісін Шиелі аудандары аумағында орналастыру межеленген. Бұларда дәмхана, автотұрақтар, автономды қазандықтар, эстакадалар, май құю бекеттері болады. Олардың әрқайсысында кемінде 15 жұмыс орны ашылмақ. Аймақ басшысы атап өткендей, соңғы қаралған үш жоба ең басты күре жол бойынан салынатын болғандықтан олардың қызмет көрсету қарымы халықаралық талаптарға сай болуы қажет. Өз кезегінде кәсіпкерлер қайсыбір кешен аумағын болмасын келісті түрде абаттандыруды алғашқы кезекке қойғаны жөн. Сонымен қатар, құрылысты созуға болмайды. Әсіресе, Шиелі ауданындағы Оқшы ата кесенесінің жанынан салынатын кешен құрылысы қысқа мерзімде салынып бітуі керек. Өйткені киелі жерге еліміздің түкпір-түкпірінен келушілер көп. Ал мұны, яғни құрылысты жеделдетуді желеу етіп, сапаны ұмытуға тағы болмайды.
Қуат Шарабидинов Қызылорда облысы