Жаңалықтар

ЕНДІ ҚАЗАҚТЫ ЕШКІМ ЫҚТЫРА АЛМАЙДЫ

ашық дереккөзі

ЕНДІ ҚАЗАҚТЫ ЕШКІМ ЫҚТЫРА АЛМАЙДЫ

– Нұртөре аға, «жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» де­ген халық даналығы бар ғой. Сіз осы уақытқа дейін не білдіңіз? Не байқадыңыз?

– Біздің халқымыздың даналығында шек жоқ. Осындай талай мәйекті сөзді мақал мен мәтелге түйіндеп, «ал да қа­жетіңе жарат» деп атадан балаға мұра етіп қал­дырған. Осы уақытқа дейін өмірден не білдіңіз, не байқадыңыз деген сұраққа бір-екі ауыз сөзбен жауап бере салу қиын. «Біл­генімнен білмегенім көп» деген екен бір данышпан. Осылайша бір-ақ ауыз сөз­бен жауап беруге де болар еді. Алайда сұрақ қойылған екен, соған сай жауап беруге ұмтылып көрейін. Баяғыда біреу «көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба?» деген екен. Сол айтқандай, біл­генімізді баяндай берсек, газет бетіне сый­мас. Байқағанымызды айта берсек те біраз жерге барармыз. Барынша қысқартып айтар болсақ, Мекке-Мәдинаға барған бір бауырымыздың: «Біріншіден, дүниеге мұсылман болып туғаныма, екіншіден, қазақ болғаныма қуандым» дегеніндей, мынау жарық дүниеге келгенімізге, мектепке барып, білім алғанымызға, ат жалын тартып, азамат атанғанымызға, соның іш­інде жер бетінде көлемі жағынан 9-шы орынды алып жатқан Қазақ Елінің бір баласы болғанымызға Жаратқан Иемізге мың мәрте шүкіршілік айтамыз. «Болғанда атам қазақ, анам қазақ, мен неге қазақтықтан сақтанамын», – деп Міржақып айтқандай, қазақ екенімді әр­дайым мақтан тұтамын. Алла Тағаланың ұй­ғаруымен, өзіміздің талабымызбен өмірде журналист деген мамандықты таң­даппыз. Осы мәртебелі мамандықтың арқасында бүгінде Қазақстанның барлық облысын түгелге дерлік аралаппын. Одан қалды әлемнің 30-дан астам еліне сапарлап барыппын. Салыстыруға да, салғастыра қарауға да мүмкіндік алыппын. Сонда бір білгенім: біздің қазаққа жетер ел жоқ екендігі! Кеңдік, дархандық, парасаттылық, жан дүниесінің байлығы жағынан қазақ ешкімнен де кем емес! Кезінде «Біз ешкімнен кем емеспіз» деген кітап шығарған едім. Сондағы ойым, өтпелі кезеңде әр қазақ баласының бойы­на қайсарлық рухы дарыса деген ниет еді. Білгенім: қазақ қабілетті халық; бұған жеті атаға дейін қыз алыспайтын даналығы бір себеп, «өнер алды – қызыл тіл» деп буынсыз тілден балдан бұлақ ағызған шешендігі мен аңыз-әфсана, жыр-дастан, ертегі-қиссалар арқылы 100 томдық ауыз әдебиетінің мол мұрасын қалдырған рухани байлығы екінші жағынан; үшіншіден, қаншама нәубет, аштық пен қуғынның қасіретін басынан өткерсе де, ертеңгі күннен үмітін үзбеген қайрат пен қайсарлыққа толы өміршеңдігі зор ел екені. Біздің қазақты кешегі отаршыл Ресей қия бастырмай, қарға адым ұзатпай, қыспақта ұстап келді. Халқымыз тағдыр-талайлы талай кезеңді бастан өт­керді. Қырылып кетуге шақ қалған талай тақсіретті заманнан аман қалды. Сөйтіп, бү­гінгі Тәуелсіздігіне жетті. Енді қазақты еш­кім бұқтыра да, ықтыра да алмайды. Ал байқағаным: біздің өткен тарихпен өмір сүруге бейім екендігіміз; елесті ертеңгі күнмен емес, баянды бүгінгі күнмен өмір сүруге келгенде отаршылдық қа­мытының әлі күнге дейін бойымыздан арылмағандығы; «көп ойланған құл қаша алмас» дегендей, еліміздің Тәу­ел­сіздігі нысаналы арнасынан ауытқып, ел байлығын талан-таражға салушылардың табылуы, елдік пен мемлекеттілік деген ұғымдардың орнын «пайда табу, баю, шет­ке қашу» деген сықылды келеңсіз құ­былыстардың белең алып, екі ортада асыл арман, асқақ мұраттардың ат төбеліндей ашқарақ ағайындардың құлқынына айырбасталғандығы жалғыз маған ғана емес, қалың елге қатты бататындығы.

– Ұлт жанашыры ретінде бүгінгі қазақ қоғамында нендей дүниеге қуанасыз, не нәрсеге налисыз?

– Біз қолына қалам ұстаған қау­ым­нанбыз. Яғни бүгінгі қазақ жазушылары мен журналистері егер жүрегінде иман, ұлт, ел, жер, дін, тіл деген асыл ұғ­ым­дар орын алған жан болса, қаласын, қаламасын өз ұлтының жанашыры болуға ти­істі. Жас болса елуден асты. «Елуде – ел ағасы» деген сөз бар. Неге қуанасыз де­генде тағы да қазақ деген елдің баласы бол­ғаныма қуанамын. Сол қазақтың баласы бұл күнде әлемнің кез келген елінде оқып, кәсіп игеріп, тіршілігін жасап, қолынан талай нәрсе келетінін дәлелдеп, өзге жұрттан қалыспай өмір сүре алатынына қуанамын. Неге налисыз дегенде қазақ деген елдің бү­гінгі қоңторғай тірлігіне, қонақжай пейілін білдіріп, төрін ұсынғанда қаптаған келімсектердің қазақ жерін өз үйіндей билеп-төстеуіне, сөйтіп республикаға атын да, затын да беріп отырған қазақ деген халықтың осыншама байлықпен өз елі, өз жер­інде көрінгеннің босағасына телмірген «квартирант» сияқты күй кешіп, өмір сүріп отырғанына налимын. 

– Осы саланың ыстығына күйіп, суы­­­ғы­­на тоңып жүрген жан ретінде, сізді жур­налистикада не толғантады? Қазіргі қазақ журналистикасы ендігі бағытын қалай түзегені жөн? Бірқатар мерзімді басылымдар ендігі «өмірін» сайт ретінде жал­ғастырмақ. Жалпы, осы дүниелерге көзқарасыңыз қалай?

– Қазақ журналистикасы бұл күнде өсу, өр­кендеу, жаңа бағыттарды игеру жолына түсті. Қазақтілді басылымдар бәсекелестікке қабілеттілігін іспен дәл­ел­деп келе жатыр. Қағажу қалған қазақ тіл­інің шырағын алаулатып отырған да ең алдымен қазақ журналистері. «Қо­ғамда болып жатқан құбылыстарды жазуға келгенде қазақ журналистері қазақ жазу­шыларының алдына түсіп кетті» деген заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Ма­ғауиннің берген бағасы бар. Сондықтан бір романға жүк болатын мәселені қазақ жур­налистерінің бір-екі мақалаға сыйғыза бі­летін шеберлігіне тәнті боламын. Журналистикада кадр даярлау деген мәселе тол­ғантады. Соңғы үш жылда Қазақ Ұлт­тық университетінің журналистика факультетінде мемлекеттік емтихан ко­миссиясының төрағасы болдым. Сонда бір бай­қағаным: бұл күнде журфакқа түскен студенттің бәрі бірден телевидениеге барып, «жұлдыз» болғысы келеді. Солардың іші­нен газет журналисі болу дегенді ілуде біреуі ғана таңдайды. Менің ойымша, нағыз журналист болғысы келген адам бірінші кезекте газеттің «қара қазанында» қайнауы тиіс. Кімде-кім газетте ең болмағанда үш-төрт жыл істеп барып, телевидениеге ауысатын болса, ол саланың майталманы болу еш қиындық тудырмайды деп білемін. Журфактар қазір барлық өңірде бар. Соларды бі­тіріп жатқан жастардың тіл байлығы өте нашар. Көп нәрседен хабары шамалы. Газет-журнал оқымай-ақ журналист болғысы ке­летіндер көп. Бұл журналистика саласын әлсірететін нәрсе. Сондықтан кейде мен журналис­тика факультетіне арнайы дәріс ретінде шешендік өнер мен актерлік өнерді енгізсе, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Сосын журналистер, әсіресе тележурналистер оқу барысында белгілі бір жоба бо­йынша жұмыс істеуге бейімделсе деймін. Журналист – қара сөздің қамшы салдырмас жорғасы болуы тиіс. Тіл тазалығы – тікелей журналист кадрларға тіреледі. Ал тіл үшін кү­рес – ұлт үшін күрес. Тіл тазалығы үшін күрес – қазақ болу үшін күрес. Осы күресте белдесе кетсе, жығыла салатын палуандар қатарын қаптатып шығара беру­ді әсте дұрыс көрмеймін. Екінші бір өзекті мәселе: қазіргі журналистердің жас буыны қазақ тілімен қатар шет тілдің бірін мейлінше жетік білуі. Бізде басы Ақордадан бас­тап, қыл аяғы аудандық га­зеттерге дейін мемлекеттік тілмен қатар түрік, ағылшын, қытай және басқа тілдерді еркін меңгерген журналистер шо­ғыры қалыптасуы қажет. Ақпарат беру, ақпарат тарату деген мәселелермен қатар ақ­парат алу деген мәселенің өзекті болып тұрғанын естен шығармаған абзал. Осы ақпарат алу – тікелей тіл білу­мен тығыз байланысты. Ақпараттық қауіп­сіздік те сол арқауға негізделген. Жас журналистердің міндетті түрде шетел тіл­­дерінің бірін меңгеріп шығуы маңыз­ды. Журналистика факультеттері осы мәселені назарда ұстаса деймін. Қазір жур­налистиканың бағыты өзгерді. «Жаңа медиа» деген пайда болды. Бұл – интернет журналистика. Бұл күнде «газеттер өледі, интернет басылымдар дамиды» де­ген көзқарас бар. Газеттер өлмеуі керек. Екі сала да қатар дамыса болмай ма? Меніңше, әбден болады және солай бол­уы тиіс те. Қазақтілді сайттардың қа­тары көбейе түседі. Бұл – заңдылық. Бұдан мен еш жамандық не болмаса, газеттерге келетін сұмдық бір қауіпті көріп от­ырған жоқпын. Талғам деген нәрсе бар. Қалай киіну, қалай тамақтану – адамның тал­ғамына тікелей байланысты. Газет-журнал да, интернет басылым да сол талғамнан өріс алады. Газетті жастанып оқи­тындар интернетке шұқшиып қараса, көзін ауыртқаннан басқа рахат таппайды. Сол сияқты мына асығыс заманда қажетті ақ­паратын тиісті сайттан қарай салып, газет оқуға уақыт таппайтындарға «жас­танып газет оқы» деп ешкім әмір ете алмайды. Меніңше, елге екеуі де керек, бірін-біріне қарсы қою – пойыздың екі рельсін алып, екі жаққа қойып, пойыздың келуін күткен әпендінің тірлігі сияқты баянсыз әрекет.

– Жас толқын журналистерге қан­шалықты көңіліңіз толады? Сіз басқарып отырған басылымға жаңадан келген қыз-жігіттерге ағалық таныта аласыз ба? 

– Жас толқын журналистерге қызыға қа­раймын. Қандай зор мүмкіндікке ие. Қайда барамын, қайдан ақпарат аламын, не жазамын, не қоямын дегеннің бәр­інде есік ашық. Біздің уақытымызда шетелге шығу дегенді ешкім ойына алмайтын. Қазір Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болуымен азаматтарға әлемнің қай түкпіріне бару мүмкіндігі ашылды. Ерінбеген адамға Қазақстаннан тыс жерлерге де барып жұмыс жасауға болады. Ол үшін тіл білу шарт. Журналистердің міндетті түрде бір шет тілін білуі қажет екені, не үшін керек екенін жоғарыда айттым. Жас толқын неге жалқау, неге ізденбейді, қолдарында тұрған орасан мүм­кіндікті неге толық пайдаланбайды деп көңілім толмай қалатынын да жасырмаймын. «Айқын» газетінің редакциясында бүгінде университет қабырғасында оқып жүрген жас журналистер де бар. Өз салам бойынша мен олардың қай-қай­сысына болса да редакторлық, қажет болса ағалық кеңесімді бере аламын.

– «Сырласуға» берген сұхбатыңызда «га­зеттің мектебінен өтпеген журналистер­дің бір қайнауы ішінде» деген екенсіз. Ал сол газет тәрбиесін көрмеген жас қалам­герлерді тарту үшін не істеу қажет? Сонымен қатар «қазақ газеттері оқырман­дарының санын көбейту үшін де қандай ша­ра қолданған жөн» деген сауалды қоя кет­кім келіп отыр? 

– Газет – журналист үшін нағыз университет. Газетте істеу – бір бақыт. Газет тәр­биесін көрмеген жастарға айтарым, бұл кәсіпті терең меңгергің келсе, газетке кел! Өкінбейсің! Ал газет оқыр­мандарының санын көбейту деген мә­селе қазақтың санын көбейтуге тікелей тәуелді. Сондықтан қазақта отырып қал­ған қыз болмасын, қырыққа жеткенше үйленбеген жігіт болмасын. «Он үште – отау иесі» деген сөзді айтқанда, қазақ бірден он үш жаста үйлене сал деп отыр­ған жоқ, осы жастан бастап өзіңе, отбасыңа, Отаныңа жауаптысың дегенді меңзеп отыр. Бізде ұлт алдындағы жауап­кершілік ұмытылып барады. Селеңдеп босқа жүргенше, қазақтың санын көбейтуге сәл де болса үлес қосса, жастарымызға риза болатындардың қатары күрт артар еді…

– Әңімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

 Еркежан ЖҰМАТАЙ