Жаңалықтар

АУЫР ЖЫЛДАРДЫҢ АЩЫ ШЫНДЫҒЫ

ашық дереккөзі

АУЫР ЖЫЛДАРДЫҢ АЩЫ ШЫНДЫҒЫ

Қабырғаларыңмен кеңесіп, көздеріңді ашып, көңіл қойып қарасаңдар, жоғарғы айтқанның бәріне себепкер – өздерің. Қазақ-қырғыз еңбекшілері осы күнге шейін бастарың қосылмаған. Осы күнге дейін ауызбіршіліктерің жоқ. Осы күнге дейін ұйымдасу дегенді білмейсіңдер. Түркістан коммунистік партиясы Орталық комитеті мен Түркістан орталық Атқару комитеті 1920 жылы 19 қазандағы мәжілісінде «Қырғыз газеті туралы» мәселе қарап, осы екі биліктің органы ретінде «Ақ жол» газетін шығаруды ұйғарған еді. Газетті аптасына үш рет жарты баспа табақ көлемінде, жалпы саны 12 мың данамен шығаруға шешім шығарған. Газеттің жауапты шығрушысына Сұлтанбек Қожанов, жауапты хатшысына Міржақып Дулатов тағайындалды. «Ақ жолдың» алғашқы саны 1920 жылы 7 желтоқсанда жарық көрді. Онда Түркістан орталық Атқару комитеті жанындағы қазақ-қырғыз бөлімінің бастығы Нәзір Төреқұлов, мүшелері Г.Сафаров, С.Қожанов, С.Аспандияровтың «Еңбекшіл қазақ-қырғыз жұртына!» деп аталған арнау сөзі жарияланған. «…Патша үкметіне крестьяндардың наразылығын кеміту, оларды жұбату керек болды. Сол себепті қыңқыл шығарған жерсіз, сусыз крестьяндардың бірсыпыра артығын шеткі уалаяттарға көшіру саясатына кірісті. Ол уалаяттар хүкіметтің зорлығына қарсы тұра алмайтын қойдан қоңыр Түркістан, Қазақстан далалары. Патша хүкіметі бұл саясатын іске асыру үшін әдейі арнап переселен махкамаларын құрды. Закон бойынша талауға кірісті. Жүздеген, мыңдаған переселен шенеуніктері қазақ-қырғыздың ең шұрайлы қара топырақты, ағашты, сулы жерлерін алып, бұрынғы иелерін тауға, тасқа, тақырға айдап тастады. Бұлардың орнына Россиядағы өз жерінен қуылып келген келімсектерді орналастырды. Бұлар әлсіреген. Сосын жаңа қонысқа орныққан соң байи бастады. Байыған сайын жергілікті жұрттарға қожалық, өктемдік жүргізе бастады. Кембағалдардан, ақсүйектерден байлық жинап, өздерінің қуылып, қаңғырып келгендерін ұмытты. Патша хүкіметі мұндай саясат қолдану арқылы, екі түрлі мақсатына жетті. Бір жағынан жерсіздіктен, наразылық шығарған крестьяндардан құтылып, олардың мауқын басты. Екінші жағынан оларды жергілікті жұрттармен жауластырып қойып, соның арқасында Түркістанды өзіндік қылып бекітіп алды». Олар патша үкіметі кезіндегі отаршыл, озбыр саясатты бұқараға осылай жеткізді. Газет жарық көріп тұрған бес жыл бедерінде ұлттық интеллиген­ция­ның көрнекті өкілдері С. Қожанов пен М.Дулатовтан басқа Н.Төреқұлов, Қ.Күлетаев, С.Оспанов, С.Асфендияров, И.Тоқтыбаев, С.Сәдуақасов, Ж.Арыстанов, М.Қайыпназарұлы, Ө.Тұрманжанов басшылық етті. Олар газетке сол кездегі ұлттың элитасы Ахмет Бай­тұр­сынов, Халел Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Ғазымбек Бірім­жанов, Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгерұлы, Бейсенбай Кенжебаев, Қалжан және Әуелбек Қоңыратбаев, Телжан Шонаұлы, Әлжан Байғұрин, Шамғали Сарыбаев, Абдолла Байтасов, Қажым Басымов, Біләл Сүлейев, Сәдуақас Баймақанов, Есім Байғасқин, Әмин Жүсіпов және Жүсіпбек Арыстанов секілді алаш зия­лыларын тартып, оқырмаға ой салатын құнды мақалаларын жариялап, газетті ұлттық идея орталығына айналдырды. Саяси қарсыластарын сан алуан тәсілмен жолдан тайдырған большевиктер жеке дара билікке қол жеткізсе де, республикада енді ғана қалыптасып келе жатқан партиялық номенклатураның ұлттық кадрлары іштей алаштық идеяны ұстанып, ұлттық, таптық мүддені алға тартып отырды. Олар «Ақ жол» газеті арқылы қалың бұқараның саяси өмірге көзін ашып, өз ықпалдарын жүргізді. Большевиктермен астыртын жүргізілген идеялық күрес осылай жалғасып жатты. Сталиннің «Социализм дамыған сайын тап күресі күшейе түседі» деген тезисінің бір ұшығы осында болса керек. Ұлт зиялылары «Басқармадан», «Бұйрық-жарлықтар», «Әйел теңдігі», «Ресми бөлім», «Елден», «Сыртқы хабарлар», «Ішкі хабарлар» «Басмашылар тарихы» айдарларымен Кеңес өкіметінің алғашқы қалыптасу кезеңіндегі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, әлеуметтік жағдайынан, шетел жаңалықтарынан тұрақты түрде жариялап тұрды. Халыққа республикада Кеңес өкіметінің қалыптасу кезеңіндегі нақты жағдайды, бұрмаланған шындықты жеткізді. Соның арқасында газеттің тиражы белгіленген 12 мыңнан 21690 данаға дейін өсті. Газеттің әрқалай себеп­терге байланысты тиражының төмен түсіп кеткен кездері де болды. 1925 жылы күзде 3 мың данаға дейін түскен. Оның себебін Д.Махат «Алаш» журналының 2007 жылы №6 санында жарияланған «Ақ жол» газеті неге жабылды?» деген зерттеу мақаласында: «Ол біріншіден, бұрынғы «Ақ жолдағы» тәжірибелі тілші-мамандар ұстанған саяси бағытына орай редакциялық жұмыстан кетірілгеннен кейінгі кездегі газеттің мазмұн мен тіл жағынан кемшіліктері болды. Екіншіден, сипаты жағынан бұқаралық шаруа басылымы және Сырдария губкомы мен губаткомы органы болып қайта құрылғаннан кейінгі кезеңдегі оқырмандар саны күрт төмендеді. Үшіншіден, техникалық сапасына байланысты. Ташкентте газет жақсы сапалы ақ қағазда, үлкен көлемді, жаңа қаріппен шықты. Шымкентке келгеннен кейін газет сапасы нашар қағазда, көлемі шағын және бас әріпі жоқ, бір келкі қаріппен басылды», – деп анықтама берген. «Ақ жол» Ташкентте шығып тұрған кезінде тек Түркістан республикасы көлемінде ғана емес Қазақстанға да таралды. Тіптен жасырын жолдар арқылы шетелде жүрген Мұстафа Шоқай да бірнеше данасын алдырып, ондағы материалдарды «Яш Тюркистан» журналына пайдаланып, кеңестік биліктің сұрқия саясатын әшкерелеп отырды. Тарих ғылымдарының докторы К.Есмағамбетов «Әлем таныған тұлға» кітабында: «…Эмигранттық басылымдардағы мақалаларға қарағанда Мұстафа «Ақ жол» газетін жүйелі түрде алып тұрған. Ол қазақтардың мал шаруашылығының дағдарысқа ұшырауы, қазақ ауылдарындағы Кеңес хүкіметінің заңсыздықтары жөнінде осы басылымның 1923 жылдың 24 желтоқсанындағы,1925 жылдың 16, 25 наурызындағы сандарына сілтеме жасайды», – деп жазады. Мұстафа Шоқайдың «Ақ жолды» дерек көзіне айналдырып жазған мақалалары Сталиннің өкпесіне шаншудай қадалғаны рас. Ол 1925 жылы 29 мамырда Қазақ өлкелік партия комитетіне «Ақ жол» газеті туралы» арнайы хат жазып, газеттің алашордашыл бағыттағы қызметіне баға беруде тоталитарлық биліктің саяси ұстанымдарын орнықтырды. РК(б)П Орталық Комитетінің баспасөз бөлімі өзінің қаулысында «Ақ жол» қазіргі кезеңге дейінгі бүкіл Киргизиядағы ең ұстамсыз газет болып қалуда. Оның саяси бағыты, әсіресе соңғы айларда, мүлде төзуге болмайтын жағдайға жетті», деп көрсеткен. Сталиннің хаты мен осы қаулыдан кейін РК(б)П Өлкелік комитеті 1925 жылы 10 маусымдағы бюро мәжілісінің №69 хаттамасында былай деп міндеттейді. «Ақ жол» газеті қайта ұйымдастырылып, губерниялық органға айналдырылсын, бірақ, бұқаралық шаруалар газеті сипатын алсын. Орта Азияны ұлттық межелеп бөлуге байланысты РК(б)П Сырдария губкомының және Қырөлкекомының Ұйымдық бюросының Ташкенттен Шымкентке көшуінен, «Ақ жол» газетінің соңғы кезге дейін Ташкентте қалып қоюынан партиялық басшылықтың сол тұста әлсіреп кетуімен түсіндіруге болады». Билік осылай алаш зиялылары ұйысқан Ташкенттен газет редакциясын Шымкентке көшірді. «Ақ жолдың» №1 санына Ахмет Бірімжановтың «Бұған не дауа?» атты мақаласы басылған. «…Ташкентте жетім, кедей, жалпы қазақ балалары үшін ашылған 5 интернат бар. «Интернат» деген аты болмаса, көшеге шықсаң жалаң аяқ, жалаңаш, киімсіз дірдектеп, суыққа тоңып жүрген қазақтың шиеттей баласын көресің. Қылышын сүйреткен мынау қыстың суығында үйсіз-күйсіз жалаң аяқ, жалаңаш, киімсіз жүру де оңай тимес-ау. Интернаттағы балалардың ұйқыдан тұрысымен рахымсыз суық сызды жерді қалай басатынын, обалына қалып жүретінін өздері де білетін шығар. Үйлері терезесіз, есіксіз, төсек жоқ, жататын жері қу тақтай: «Жатардан бұрын пешке жайып екі құрым киіздің арасына барып оранамыз», – дейді. Пештен алған қызуымен өз денелерінің жылуын сақтайтын жамылға жоқ!.. – Бұл сорлылар қайда барып жыламаған? Сондағы бітіргендері – комиссия шығартуы. Комиссиялар үндемей-түндемей тақтаны тоздырып, протокол жазып ізінше қайтпақ. Бұл күнде, ондай комиссия, протокол құндары арзандады. Бұрын комиссия шығады деп құшағын жайып қуанып тұратын балалар бұл күнде қолдарын сілтейді. Бәрібір киім мен жылы үйді он жылсыз ала алмайтындығына көздері анық жеткен болуы керек. …Ал, әдемі, әрі жақсы тұрмыс – орыс балаларында. Бірақ, мұны білмей отырған жоқ. Әуелі әлгідей қазақ интернаттарында жұқпалы аурудың көбейіп, өлімнің көп болатындығын да білмейді емес, тек бізге қылып отырған қисық-қыңырлығы. Киіндірмей, оқытпай, үлгісіз-өнегесіз жалаңаш-жалпы балаларын тойтарудан қазаққа пайда кем. Қайта көзінің қарашығындай, мәпелеп отырған жасөспірім, ұлт азаматтарын жоғалтпақ болады. – Жүзі қаралар, мұны да білетін шығар! Енді, Ташкент осылай болған соң уезді айтуға аузым да бармайды». Балаларға жаны ашымаған Кеңес өкіметінің басқаларға жаны ашуы екіталай. Мақаладан патша заманынан бері келе жатқан нәсілдік кемсітушіліктің кеңестік жалғасын көргендей боласыз. Қазмұхамед Құлетовтің «Елден» деген шағын мақаласы астық салығы жөнінде. «…Қазалы уезіне түскен 100 мың пұт астықты азық-түлік бөлімі болыс-болысқа бөліп салып, тоқтаусыз жинауға бұйрық беріп еді. Қазақ халқының надандығын пайдаланып келе жатқан болыс исполкомында отырған «ел қамқорлары» бұйрық-жарлықтарды халыққа түсіндіріп білдірмей һәм өздері де қолданбай түскен астықты (егін еккен-екпегеніне қарамай) үй басына тегіс бөліп салып, астығы барлардан зорлап болса да алып, жоқтардан саттырып алып, елді бүлдіре бастаған. Екінші жақтан елге шыққан прокурор болмауы, отрядтар елде зорлық-зомбылықтар қылып, қатын, балаларды қорқытып қыстық та емес, күздік астықтарын тартып ала бастаған. Түркістан тұрмысымен таныс емес отрядтағы орыс жолдастар қазақтың ұраға көмген бидайларын жасырылған деп, бір түйір де қалдырмай алып кеткендер де болған». Халыққа «теңдік», «бостандық» алып береміз деген большевиктік биліктің астық салығын жинаудағы орынсыз әрі өрескел, зорлық-зомбылыққа негізделген іс-әрекеттері «Ақ жолдың» беттерінде шынайы шындық күйінде осылайша жарияланып отырды. Түркістан Орталық Атқару комитеті комиссиясының мүшесі Г.Сафаров Ташкентен жарық көретін «Известия» газетінің №268 санына «Қазақ мәселесі» деген мақаласын «Ақ жол» газеті көшіріп басқан. «…Шынымызды айта алмай қаншама оқталғанмен осы Кеңес үкіметі заманында Түркістандағы қазақ-қырғыз жайы баяғы патша заманындағы жайға ұқсайды. Патша заманында Жетісу, Сырдария облыстарындағы қазақ-қырғыздың егін салып, кәсіп қып, күн көріп отырған жерлерін «переселен» мұжыққа тартып әперген. Сөйтіп, қазақтарды тақыр тастаққа қуған. Мұның аяғы келіп қазақ кедейлерін «переселен» жуандарына, болмаса өз «байларына» құл қылып түсірген. Орыс мұжықтарының жуандары қазақ сорлының тірідей қанын сорып байығанда қазақты құл қылып, өзін қожа қылып жіберген. Ақырында, сыныққа сылтау таба алмай жүргенде, 16-шы жылғы көтерілісте қазақтарды қойша қырып, тірідей сойып жазалаған. Бостандық болғаннан кейін, 17 – 18 жылдарда әлгі айтылғандар қайта басталған. Қазақтардың шаруасын күйзелтіп, жерінен, жұртынан қуғандығы аз болған соң, құрым киізге орап отқа жаққан. Енді 19 – 20 жылдарда да баяғы мұжықтардың қазақ жерлерін тағы тартып алып отырғанын көріп отырмыз. …Қазақ халқының Кеңестер уақытында да, бұл қалде тұруы зор масқарашылдық. Мұны шешу керек». Кеңес өкіметі қанша әділетті қоғам орнатамыз десе де, орталықтың шовинистік пиғылдан арылмағаны, қайта үдете түскенін осы мақала айғақтап тұрған жоқ па? Сол Сафронов «Жетісу қаншерлері» деп аталған мақаласында да қоғамның осындай шын кейіпін көрсеткен екен. «…Өздері алда қазақтың бұрынғы жерін жерлеп, кедейін құлданған мінезді әлі тастаған жоқ. Бәрінен бұрын «еңбекшіл мұжықтар» қазақ-қырғызды талап жатқанда, Ташкенттің бар бітіргені «қаулы» шығарып, қағаз көбейту болды. Қазақ жуандардан қарыз деп 10 – 15 пұт бидай алса, жылдан аса құлдықта жүріп әрең өтейді. Солай болса да, қазаққа түспейтін ауыртпалық, салынбайтын салық та жоқ. Әскер болса «берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан» деп зорлықпен тартып алады. Азық түссе, қазаққа салады. Азық-түлік комитетінің елге шығарған әскері болса, аңдығаны «олжа». Қазақ партияға кірсе, «Сен тоныңды теріс айналдырып киген ұлтшылсың» деп партиядан қуады. Мұның бәрі үкіметтің қазақтан болмағандығы еді». Иә, Кеңес өкіметі қазаққа сөз жүзінде теңдік бергенімен іс жүзінде бұратана ретінде қарап келді. Тіптен саяси жағынан аз ғана көзі ашықтарын болмаса, басқаларын кемсітіп, басшылық қызметке жібермегені анық. Сондықтан да елде болып жатқан әділетсіздіктерге тек қаулы қабылдаумен ғана шектеліп отырған. Ө.Ғ-ның «Ақтөбе уезі» атты мақаласы қалыптасқан ауыр жағдайды аңғартады. «… Ел ішіндегі партияға жазылып, коммунист болып, қызмет етіп жүргендер ел талайды десе керек. Ақтөбе уезі Тұзтөбе ұлысында партияға жазылып, қызымет етіп жүрген біраз азаматтар бар. Сандары жиырмадай. Тұзтөбе ұлысы 2000-нан астам үй. Әлгі жиырма шамалы адам 2000 үйден артық бір ұлыс елді алалап бітті. Өйткені, тек үйлерінен шықса лау мінеді. Лаусыз жүрмейді. Өз жұмысымен жүрсе де, үкімет жұмысымен жүрсе де, бұларды тексеріп, көлік бермей тұратын халық жоқ. Түстегі қонақ асы дайын. Оның үстіне бір үйден отын, бір үйден төсеніш киіз, бір үйден кілем, бір үйден қой алады. Мұның түбін сұрастырып қағазын тексеретін, қазақ белгілі ғой. Сөйтіп, осы партияға жазылған жиырма шақты кісімен бүтін бір ұлыс ел әлек. «Бермейміз» деп айта алмайды. Айтса дереу протокол қыламын дейді. Протокол десе-ақ, қазақтың зәресі ұшады. Ақырында не керек, табан тіреп тұра алмастан жылай-жылай сұрағандарын береді». Осы бір өлара кезеңді ел ішіндегі жылпостар да қазақтың қараңғылығын көп пайдаланғаны мақаладан көрініп тұр. Облыстық комиссияның «Қазақ-қырғыз сьезіне» арнауы да кім-кімді де бей-жай қалдырмаған болар. «Қазақ-қырғыз еңбекшілері! Неге сендер қорлықта жүрсіңдер? Неге өз сыбағаларыңды алып, теңдікке ие болмайсыңдар? Қорлықта жүріп, теңдікке ие болмауларыңа себеп не? Қабырғаларыңмен кеңесіп, көздеріңді ашып, көңіл қойып қарасаңдар, жоғарғы айтқанның бәріне себепкер – өздерің. Қазақ-қырғыз еңбекшілері осы күнге шейін бастарың қосылмаған. Осы күнге дейін ауызбіршіліктерің жоқ. Осы күнге дейін ұйымдасу дегенді білмейсіңдер. Қазіргі Кеңес хүкіметі ортақшыл партиясы, кеңесшіл хүкіметі екенін біліп, өзге жұрттардың кедейлеріндей неге дүркіретпейсіңдер? Еңбекшілер табы өзі ұмтылып, өзі жігерленбесе, отаршы обырларға, жуан жұдырықтарға өзі қарсы тұрып қайрат қылмаса, теңдік көктен түспейді. Өздерің ұмтылмасаңдар, сендерді құлдықтан ешкім құтқармайды – Мұнан былай қайткенде жөнде­лесің­дер? – Шын еңбекшілер, шын езілгендер, жәбір-жапа көрушілер тездікпен бас қосып, ауызбіршілік қылып, еңбекшілер ұйымын ашуға кірісулерің керек. – Еңбекшіл, оқыған азаматтар! Жөн білмейтін жолдастарыңа басшылық қылып, ұйымдастыру сендердің міндеттерің». Газет қызметкерлерінің бұл арнауды тұтас беруі, біріншіден, өз ойларынан шыққан, екіншіден, қазақ-қырғыздардың намысын оятып, басқалардай өз ішінде бірігіп, мінез танытуына қамшы ретінде ұтымды пайдаланып отыр. «Елден» айдарымен «Шошқа салығы» хабарын Есенғали деген жазыпты. «Екі-үш күн болды. Шымкент уезінің кіндік комитетінің мүшесі «Н»-дан келген телеграммаға қарасақ, мынандай сөз жазылған: «Шымкент уезінің азық-түлік комитетінің бастығы жолдас Кривошапов ет салығын бөлгенде, Шымкент қазақ болыстарына 300 пұттан артық шошқаның етін салған. Тым болмаса «өздеріңде шошқа болмаса, орыстардан алсаңдар да тауып беріңдер» демейді. Тек соңғы бұйрығында ғана: «Шошқаларың болмаса, (!), оның орнына қой етімен берсеңдер де болады» деген. Автор осы тақілеттес тағы бір жайды мысалға алады. «Шымкенттің кедей жігіті «М» өзінің туысқанына қосып қойған жалғыз қойын керегіне жаратайын деп алып келе жатса, жолда азық-түлік комитетінің отрядынан біреу кез келіп, әлгі кедейдің жалғыз қойын ұстап: «Сен саудагерсің, спекулянтсың, қойды қазынаға алу керек», – деп «М» сорлыны сорлатып, қойын комитетке тапсырған. «М» бір қойдың артынан екі жеті сандалып жүріп комиссардан өзінің «спекулянт» еместігіне куәлік тапсырып, арыз беріп, әрең дегенде уездный исполкомнан азық-түлік комитетіне «Мынаның қойын тез қайтар» деген қағаз алады. Азық-түлік комитетінің бастығы жоғарғы Кривошапов жолдас «Мұндай жұмысты қарайтын Ливенцов жолдас, соған бар», – деп Ливенцовқа сілтейді. Ливенцов жолдасты Шымкент уезінде білмейтін адам жоқ. Ақмешіт уезі халқын қан жылатқан Гержудты қандай білсе, Шымкент уезі Ливенцовты да сондай біледі. Қой иесі Ливенцовқа барады. Ливенцов жолдас болмашы жұмыспен мазасын алғанына қабағын шытып, қағазды оқиды да, шетіне үкімін жазады. «Бұл қой иесіне қайтарылмасын, келешекте қазақ болыстарынан алынатын салық есебіне кірсін», – деп, «М»-ны жалғыз қойынан айырып, салын суға кетіріп қайтарған». «Ақ жол» газеті осындай билік басында отырып, әлеуеті төмен қазақтарға да жөн-жосықсыз салық салғандардың кесірлі қылықтарын жариялап, сынға алып, орынсыз істерін айыптап отырды. Газет республикадағы халық ағарту жұмыстарына да жете көңіл бөлген. «Еңбек туы» газетінің деректеріне сүйене отырып, оқырмандарға қоғамның осы саласындағы жаңа мәліметтерді ұсынған. «Қазанда басылып жатқан қазақша оқу кітаптары:1). «Баяншы». Ахмет Байтұрсынұлы –30000 дана; 2). «Оқу құралы». – 50000 дана; 3). «Тіл құралы I» – 25000 дана; 4). «Тіл құралы II» – 25000 дана; 5). «Есеп құралы I». Мирякуп – 25000 дана; 6). «Есеп құралы II» – 25000 дана; 7). «Қирағат» кітабы – 25000 дана. Қазірде осылардан басылып бітіп Орынборға келгені «Тіл құралы I» – 35000; жиналып болып қағазға қарап тұрғаны «Баяншы». «Тіл құралы II», «Есеп құралы II», «Қирағат» кітабы жиналып жатыр. «Есеп құралы I» оқу құралы жартылып басылады. Бұларға жетерлік қағаз алынды. Қағаз болса басылуға дайындалып қойған кітаптар: «40 мысал», Абай, Өлең-жыр құрамасы (газет-журналдарда жазылған тәуір өлеңдер). Бұл кітаптарды бастырып жүрген жігіт Бернияз Күлейұлы 29-шы өктәбірде Орынборға кітап алып келді. Жақын арада қайтадан Қазанға жүреді». «Тіл – ұлттың жаны». Қазақтың тіл мәселесі Ресейге бодан болып кіргеннен басталып, әлі де толық шешімін таппай келе жатқан жайы бар. Патшалық дәуірде заң-закон­дар орыс тілінде жүріп, сауатсыз қазақ тілмаш жалдауға мәжбүр бол­ды. Кейін келе патша ағзам бұра­таналарды тілінен, дінінен, ұлтты­ғы­нан айыру саясатын ұстанып, ел ішіне миссионерлерін жіберді. Тіптен 1909 жылы генерал-губернатор Шмидт Ақмола мен Семей облыс­тарына «Орыстың тілін білмеген, хатын танымаған қазақ болыс бола алмайды» деген заңсыз жарлық та шығарған. Мұны былай қойғанда 1913 жылы Ташкент семинариясының директоры, миссионер Остроумов бір мұғалімге «Қазақша әліппе жазсаң, ішінде «Алла» деген сөз болмасын, «Құдай патшаны сақта» деген өлең қалмасын» деп бұйырыпты. Кеңес өкіметі кезінде қазақ төте жазудан латын қарпіне көшті. Көп ұзамай билік оны кирилицамен ауыстырып, патшаның орыстандыру саясатын жалғастырды. 1920 жылы өктәбрде жалпы қазақ сьезінде тіл мәселесі де қозғалды. Сьезд «Қазақстан республикасында ресми тіл – қазақ тілі, орыстар көп отырған орында орыс тілі болсын» деген қаулы шығарған. Ағартушы Мәнан Тұрғанбайұлы «Ақ жол» газетіне «Кеңсе тілі қазақша болсын!» атты мақаласы жарияланды. «Жалпы қазақ тобы қаулы шығарған соң, Қазақ республикасындағы кең­селердің бәрі ол қаулыны орын­дауға міндетті. Оның ішінде жігері, ойы, түсінігі болған азаматтар бұл қаулыны жүзеге асыруға өте асығулары керек» деп жазды. Газет Түркістандағы әйел теңдігі тақырыбына да жиі оралып отырған. Кеңес өкіметіне дейін қазақ-қырғыз 12 – 13 жасар қыздарды келін қылып түсіріп алады. 5 – 6 жасар қыздарды сатып алады да, келін етіп қолына түсіріп, өскенін су әкеп, шай қайнатуға салып, қоятындар аз емес. Олар: «Қыздар әрі майлық, әрі сулыққа жараса болғаны», – дейді. Әйел теңдігі мәселесін 1921 жылы 15 январьда Әулиеатада ашылған қазақ-қырғыздың алғашқы сьезінде қарап, арнайы қаулы қабылдағаны жөнінде «Ақ жол» газеті оқырмандарға толық мағлұмат берген. Сьезде Сара Есова әйел теңдігі мәселесі бойынша «Қазақ-қырғыз еліне!» арнап сөз сөйлеген. Оның сол сөзін «Ақ жол» газеті толық жариялады. «…Түркістандағы миллиондаған қазақ-қырғыз әйелдерінің діңкесіне тиіп, олардың қорлықта, күңшілікте жасауына себепші болып келген нәрсенің біреуі «қалың мал» мәселесі. Қыздан қалың мал алу, оны мал орнына өзі тілемеген, көзі көрмеген біреуге сатып жіберу, қазақ-қырғыздың ескі әдет-ғұрыптарының ең жаманы һәм әйел күңдігінің бірінші себепшісі болды. …Осындай қорлықта, зорлықта, тепкі астында жасаған қазақ-қырғыз әйелінің тұрмысында төңкеріс болғаннан бері болып отырған бір өзгеріс болса, ол да жақында 20 январь 28-не шейін Әулиеата қаласында болған аймақтық қазақ-қырғыз кедейлерінің тұңғыш сьезінде қаралып, бұл күнге дейінгі күңдікте, зорлық-зомбылықта өмірі өткен қазақ-қырғыз әйелдерін қалың мал мәселесінің һәм әйелдер күңдігін туғызатын көп қатын алу дегендердің бітіріліп, осы күннен тұрмысымызға кірсін деген қаулысы. Бұл қаулы Түркістандағы жалпы қазақ-қырғыз кедейлері уәкілдерінің құлдықтағы, күңдіктегі апа-қарындастарын жарыққа шығару үшін, бірінші жол көрсеткіш боларлық қаулысы. Енді мұнан соң бұл әдет қазақ-қырғыз арасында болмас». Газет жарық көріп тұрған бес жылда Түркістан республикасындағы қоғамдық өмірдің барлық салаларын қамтып, өз үнін қосып отырды. Қазақ-қырғыз сьездері, ресми бөлім, бұйрық-жарлықтар, жастар тақырыбы, әйел теңдігі, елден, оқу-ағарту саласы, тіл, тарих, Қазақстан және түркі елдерінен, сыртқы және ішкі хабарлар жиі-жиі жарияланған. Газет материалдарын оқып отырып, 1920 – 1925 жылдар шежіресінен көптеген беймәлім мағлұматтар алып, тарихымыздың қырық қатпар сырына үңіле түсесіз. Идеялық жағынан қарама-қайшы екі жақтың арпалысы, тарихтың жұмбақ беттері ашыла түседі. Газеттегі бүркеншік атпен материалдарын жариялаған Алаш арыстарының еңбектері бүгін де оқырманға ой салады. Бәлкім саяси-мәдени газеттің құндылығы да осында шығар.

Көлбай Адырбекұлы