Жаңалықтар

БЕНЗИН НАРЫҒЫНДАҒЫ БЕРЕКЕСІЗДІК

ашық дереккөзі

БЕНЗИН НАРЫҒЫНДАҒЫ БЕРЕКЕСІЗДІК

Компаниялар шығындар туралы айтса, онда өз қызметкерлерінің жалақысы, тартылған инвестиция көлемін жария етуге тиіс емес пе? Алайда қазірге дейін бұндай мәлімет қолға түсе бермейді. Жанармай нарығындағы ашықтық осы саладағы біршама былықтың бетін ашқан болар еді. Бірақ бұған жауапты ведомство – энергетика министрлігінің ынтасы болмай отыр. 

Қазіргі таңда АИ-92/93­ маркалы жанармайы 128 тең­ге, дизельді отын – 115 теңге, АИ-80 – 89 теңге тұрады. Шамамен, сұ­йық отын 10-15%-ға жоғарылады. Жанармай тапшылығы алдымен Қостанай, Павлодар облыстарынан бас­талып, кейін Алматы мен Астана қаласына таралды. Бүгін Қазақс­танның барлық аймағында дер­лік тапшылық сезілді. Оның себебін энергетика вице-министрі Ұзақбай Қарабалин: «Бензин жетiспеушiлiгi Қазақстан шекарасының маңында орналасқан аймақтарда жиі байқалып отыр. Ол жерлерде, бiздiң ақпараттарымызға сәйкес, көршiлес елдерден, яғни Қырғызстан, Тәжiкстан мен Ресейден көлік ағыны арта түскен. Олар бағасы арзанырақ болатын қазақстандық бензиндi алып отыр. Сонымен қатар, Ресейдiң мұнай өңдеушi зауыттарының бiрiнде орын алған апат та қалыптасқан жағдайға әсер еттi. Ол бiздiң Павлодар қаласындағы зауытымызда жоспарға сәйкес жөндеу жүргiзiліп жатқан кезде жұмыс iстемей қалды»,–деп түсіндірді.Сонымен қатар Қарабалин отан­дық мұнай өңдеушi зауыттардың iшкi тұтыну көлемiн толық қамтамасыз ете алмай отырғанын келтірді. «Iшкi нарықтағы қажет­тi­лiктердің 30%-ға жақын көлемiн бiз келiсiм бойынша Ресейден алып келемiз. Ол көлемдi жыл бойы жеткiзiп тұру жоспарланған бола­тын. Көктемде жоспар бо­йын­ша норманың артып кету қаупi туындағаннан кейiн үкiмет Ресей­ден мұнай өнiмдерiн жеткiзуге шек­теу қойып, «ҚазМұнайГаз» компаниясын бiрыңғай жеткiзушi ретiн­де тағайындау шешiмiн қабыл­даған болатын. Шiлде айының соңында мұнай өнiмдерiн жеткiзу мәселесi реттелгеннен кейiн аталмыш шектеу алынып тасталды», – деді ол. Бұған қоса, шенеунік 2014 жылдың II тоқсанында Ресейде жанар-жағармай бағасының үздiксiз өскені Қазақстанға да өз әсерін тигізгенін мойындады. Шілде айының соңында Ресейде АИ-92 маркалы бензин бағасы теңгеге шаққанда 149 теңгеден 165 теңгеге дейiн, дизельдiк отын құны 164 теңгеден 178 теңгеге дейiн қымбаттаған. Осыған орай, сұйық отын тапшылығына жол бермеу үшін АИ-92 бензин литрiн 128 теңге көлемiнде белгiлеу шешiмi қабылданған. Алайда, бұл жағдайды реттей алмады. Бұған дейін «1 тамыздан бастап бензин және дизельдiк отын бағасы өзгермейді және ай соңына дейiн сақталып қалады»,– деген вице-министрдің әрбір айтқан сөзіне енді күмәнмен қарауға тиіс екенімізді айтып жүрген көптеген сарапшылар бензиннің бұдан әрі де қымбатта беретінін жоққа шығармайды. Алғашқы берілген уәде сол бойы орындалмады. Екінші берілген уәде – бағаны көтеру арқылы жанармай жетіспеушілігін жою да орындалмады. 

МИНИСТРЛІК МӘСЕЛЕНІ ШЕШУДЕ ТЫМ НЕМҚҰРАЙЛЫ 

Бірақ, үкіметтің жүзеге асырған шарасы қарама-қайшы нәтиже берді. Бағаның көтерілуіне қарамастан жанармай тапшылығы қатты сезілуде. Жалпы, бұл жетіспеушілік қолдан жасалып отырған сияқты. Басты себеп – бағаны көтеру, сол арқылы пайда табу. Сондықтан сарапшылар үкіметтің бағаны көтеру шарасы тығырықтан алып шықпайтынын айтуда. Мемлекет сұйық отын сұранысын отандық өндірушілер үлесімен толтырмайынша, мәселе жыл сайын қайталана бермек. Жалпы, жанармай дауының үнемі тамыз айында қайталанатыны бұл мәселенің алдын ала жоспар­ла­нып, мүдделестердің қолдауымен іске асырылатынын аңғартатын секілді. Билік өткен жылдың қазан айында жанармайды 110 теңгеден 117 теңгеге өсіргенде Brent маркалы мұнайы­ның тамыз айында барреліне 109 доллардан, қыркүйекте барреліне 113,68 долларға өсуіне байланысты 7 теңгеге қымбаттатып отырғанымен түсіндірген. Бір қарағанда, түсінікті, дәйекті негіз секілді көрінгенімен, шын мәнінде, Қазақстан бұл маркалы мұнай шығармайды деуге болады. Себебі, еліміз Brent маркасының нашар деңгейіндегі мұнай өндіреді, сәйкесінше мұнай бағасы да төмен болып қалуы керек. Өйткені бұған сұраныс аз. Сондықтан, Табиғи монополияларды реттеу агенттiгiнің бензин бағасын өсіруіне негіз жоқ екені айқын. Бірақ, бұл «операцияда» мұнай компанияларының өз ойлағаны бар. Биыл да дәл осы сценарий қайталанып отыр. Ресейдегі бензиннің көтерілгенін болжаған ведомствоның мәселені шешуге арналған арнайы жоспары болуы тиіс емес пе? Жоспар бойынша, форс-мажорлық жағдайдан халық мейлінше аз зардап шегуі керек. Алайда, шенеуніктердің қолы байланып отыр. Осы тұста сарапшылардың Кеден Одағы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердегі баға қымбаттауы Қазақстанға кері әсерін тигізеді деген тұжырымы дәл келді. Үкіметтің бұған «қарсы тойтарыс береміз» деген уәделері қазір ешкімді де сендіре қоймайды. Бір таңданарлығы, жанармай бағасының көтерілуін ұлттық оператор мен мұнай және газ министрлігі (қазіргі энергетика министрлігі) шығындармен түсіндіріп әлек. Ал шығындардың қалай пайда болғаны белгісіз. Өкінішке қарай, заң бойынша сұйық отын нарығындағы ойыншылар қаржылық есептерін жариялауға міндетті емес. Сондықтан, бензиннің алғашқы бағасына кімнің қанша теңге қосқаны, қанша шығын-пайда болып жатқаны беймәлім. Компаниялар шығындар туралы айтса, онда өз қызметкерлерінің жалақысы, тартылған инвестиция көлемін жария етуге тиіс емес пе? Алайда, қазірге дейін бұндай мәліметқолға түсе бермейді. Жанармай нарығындағы ашықтық осы саладағы біршама былықтың бетін ашқан болар еді. Бірақ, бұған жауапты ведомство – энергетика министрлігінің ынтасы болмай отыр. 

МҰНАЙ БАҒАСЫ АРЗАНДАҒАНЫМЕН, ҚАЗАҚСТАНДА БЕНЗИН ҚҰНЫ АСПАНДАЙ ТҮСЕДІ

Қазақстанның энергетика министрлігі Батыс Қазақстан облысы аумағынан Ресейге сұйық отын тасымалдауға тыйым салды. Облыс Ресейдің бес өңірімен шектеседі. Сондықтан көрші елге бензиннің тасымалданбауын ішкі істер департаменті мен кеден қызметінің өкілдері бақыламақ. Осы­дан болар, дәл осы облыстағы Федо­ровка ауылында АИ-93 145 теңге, дизель отыны 120, АИ-80 95 теңгеге дейін жоға­рылаған. Ал Маңғыстау облы­сында Монополияға қарсы инспек­ция жанармай нарығында моно­полия орнатқандарға айыппұл салы­натынын мәлімдеді. Қоғам тарапынан бұл жағдайға наразы­лық­тар да орын алды. Мысалы, Орал қаласының бір тұрғыны «бензин жоқ» деген жазумен әкімдік алдына көлігін тастап кеткен. Бұл жанармай бағасының орынсыз көтерілуіне көрсетілген қарсылық болып табылады. Сонымен бірге өткен аптада WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы Қазақстандағы жанармай бекеттеріне бойкот жариялау туралы хабарлар таратылды. «Қазмұнайгаз» тарапы ақпараттық наразылықты халықтың көзқарасы және қалауы деп жауап берді. Қазақстанның орасан зор мұнай қоры бола тұрып, бензинді көрші елдерден сатып алуы түсініксіз жайт. Тәуелсіздіктің 23 жылында кеңес заманынан қалған үш мұнай өндеу зауытынан басқа бірде-бір зауыт салынбады. Ол зауыттардың жыл сайын жөндеуге жабылуы бензин тапшылығын одан сайын арттырып отыр. Атышулы «Қашағанның» 2015 жылдың соңына дейін де іске қосылмайтыны таяуда белгілі болды. Қазақстан үшін аса маңызды жобалардың бірінің тежелуі сұйық отын нарығына да әсер етіп отырғаны сөзсіз. Бензин бағасының өсуі елдегі жол жүру бағасын ертелі-кеш жоға­р­ылатары түсінікті және қоғамдық көліктер жол жүру бағасын аспандататыны анық. Астық ору науқаны кезінде бензиннің қымбаттауы қарапайым шаруаларға оңай тимейтіні белгілі. Ал шын мәнінде, мұнайға бай Қазақстанда жағдай өзгеше болуы тиіс. 20 жылда Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі 4 еседен артық өсіп, 80 млн. тоннаға жеткен, ал газ өндіру бес еселеніп, 40 млрд. текшеметрге жеткен. Бірақ, бұдан пайда бар ма? Салыстырып айтқанда, мұнай өндіруден Венесуэла 13-орында болса, Қазақстан 17-ші орында. Алайда, Венесуэладағы бензин бағасы 15-20 теңге. Түрікменстаннан мұнайды әлдеқайда көп өндірсек те, көршілес республикада бензин бағасы біздегіден төмен – 30 теңге шамасында. Бір қызығы, әлемде мұнай бағасы төмендеген кезде, Қазақстанда бензин бағасы мүлдем арзандаған емес. Сондықтан, қоғам үшін бағаның неліктен төмендемей, керісінше аспандайтыны жауабы жоқ сауалға айналды.

«ШКОЛЬНИК ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА ҚЫЗМЕТТІК КӨЛІК АЛЫП БЕРСІН»

Жанармай тапшылығы кезінде осы салаға жауапты шенеуніктердің кейбір мәлімдемелері отқа май құюымен тең болды. Мысалы, Энергетика вице-министрі Қарабалин мырзаның жүргізушілер бензиннен бас тартып, газды қолдануға көшуге кеңес беруі және Владимир Школьниктің жанармайды үнемдеп, велосипед тебуге, жаяу жүруге әдеттене бастауға шақыруы көпшіліктің ашуын туғызған сияқты. Школьник мырза бір подъезде тұратын адамдар бір көлікпен қатынап, көбінше қоғамдық көлікті пайдалануға шақырды. Лауазымды тұлғалардың бұл сөздері бензин тапшылығын шешуге ынталы еместігін жағдайды реттей алуға қауқары жоқ екенін мойындағанымен тең. Атқамінерлердің өздері осы кеңеске қаншалыққа құлақ асады екен? Қымбат қызметтік көліктерді мініп, кең кабинеттерде отыратындарға жұртқа кеңес беру оңай, әрине. «Қызметтiк машинаға жанармай толтырғанда ешқандай тапшылық болған жоқ. Өзiмнiң көлiгiммен өте сирек жүремiн, демалыс күндерiнде ғана болмаса. Оған 2-3 ай бұрын бензин құйғам, әзiрге жетiп жүр», – деген еді Қарабалин мырза баспасөз мәслихаттарының бірінде. Әлбетте, әрбір қазақстандық қызметтік көлікке мінсе, жеке көліктеріндегі бензин 2-3 айға еркін жетіп, тапшылық орын алмас па еді?!.Жалпы, жанармай тапшылығы кезінде шенеуніктердің «үнемде, жаяу жүріп, велосипедке мін» деуі, ешқандай қисынға келмейтін орынсыздық. Бұны қарапайым жұртты мазақтау деп бағалауға болады. Өйткені Қазақс таннан басқа елдерде орын алған түйткілді шешуге күш салынады, ал бізде ақыл айтылады.Дегенмен, отандық сарапшылар жа­нармай тапшылығының қараша айына дейін жалғасатынын айтып отыр. Мұнай-газ саласындағы тәуел­сіз сарапшы Сергей Смирнов қазан айында астық оруға байланысты мәсе­ленің күрделене түсетінін айтуда. «Қазан айында астық жинау бас­талады. Дәл осы уақытта Шымкент мұнай өндеу зауыты жөндеуге жабылады. Сондықтан жағдайдың жақсаруына негіз көріп тұрған жоқпын» , – деді Смирнов. Сонымен қоса, Ресейге салынып жатқан санкцияларды да еске алған жөн. Оның мұнай өнімдеріне тікелей ықпал ететіні анық. 

Диас БЕЙСЕНБЕК