Трейсер болам десеңіз…
Жандос «паркур – қауіпті іс» дегенді жоққа шығарып, болашақ трейсерлерге сабақ болар біраз жайлар жөнінде ой бөлісті: – Егер жаттығу жұмыстары сауатты ұйымдастырылса, әр адам өз ағзасының мүмкіндіктерімен санасса, паркурдан төнетін қауіп жоқ. Бұл спортпен айналысу үшін бірқатар талаптар орындалуы шарт. Ең бастысы – ниет, құлшыныс керек. Есіңізде болсын, бір-екі күн жаттығып, ешкім трейсер болып кетпейді. Паркурға бел шешініп кіріскен адам кем дегенде екі-үш ай тұрақты дайындықтан кейін ғана қиындықтарды жеңіп шығады. Нәтижеге жетудің ең басты кілті – толағай күш емес, жетістіктің қай түрі болмасын таудай талаптың, қажырлы еңбектің арқасында келеді. Паркурмен айналысқысы келетіндердің ең бірінші қателігі – өз мүмкіндіктерімен санаспайды. Бәріне бірден қол жеткізуге ұмтылады. Ағзаға қысым жасаған дұрыс емес. Жүктемені бірте-бірте арттырып, қарапайымнан күрделіге қарай жылжу керек. Паркурға алғаш келгендер өзге спорт түрлерінің қағидаларын ұстана бастайды. Диета сақтап, өзіне әр түрлі шектеу қояды. Егер бұл спортпен тұрақты айналыса бастасаңыз, тамаққа деген тәбетіңіз артады. Әсіресе, тәтті тағамдарға. Паркур энергияның мол қорын қажет етеді. Сондықтан, құнарлы тамақтан өзіңізді шектей көрмеңіз. Ет жеңіз, сүт өнімдерін, тәтті тағамдарды көбірек тұтыныңыз.Бақытымызға орай…
Паркур мектебінде ер адамдармен иық тіресе жұмыс істеген арулар да болыпты. «Біздің топта екі қыз болды. Жаттығу кезінде олар соқталдай жігіттердің өзін шаң қаптырып кететін», – дейді Жандос. Алайда, жаттығу жұмыстары болашақ трейсерден көп уақытты талап ететіндіктен қыздар бұл спортпен уақытша ғана шұғылданған көрінеді. Қазіргі таңда трейсерлер ортасында арулардың жоқтығын тілге тиек етіп отырған Жандос сөз арасында «өкінішке қарай» деп қалды. Керісінше, бақытымызға орай дегеніміз жөн болар. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербететін болашақ аналардың таудан тасқа секіріп жүргені көрер көзге әбес секілді. Шоу-бизнес һәм паркур Спорттағы тың бағыт ретінде мойындалса да, паркурдан мемлекетаралық тұрмақ, республикалық деңгейде де ресми сайыстар өткізілмейді екен. «Тек қалалық деңгейдегі жарыс қана ұйымдастырылып тұрады. Алайда, оның сипаты тартыстан гөрі біріккен жаттығу жұмыстарына, тәжірибе алмасуға жақынырақ», – деп Жандос Жұманов бұл өнерде бәсекенің бәсең екенін айтып қалды. Айтпақшы, елімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «SNICKERS URBANиЯ» атты көше мәдениеті фестивалінің бағдарламасына үш жылдан бері паркур да енгізілген. Тіс қаққан трейсерлердің бақ сынасар алаңы, өз өнерлерімен таңдайларды қақтырар шағы да – сол фестиваль. Биіктік атаулыны бұйым көрмейтін трейсерлер ағаштардан, көп қабатты ғимараттардан, зәулім бағандар мен дуалдардан әр түрлі дене қимылын қолдана отырып секіреді. Епті жігіттердің бұл ісіне масс-медиа мен шоу-бизнес тарапынан сұраныс жоғары. Алматының трейсерлері бірнеше жобаның түсіріліміне қатысқан. Көрерменнің көзайымына айналған «Запрещенные танцы» мен «Обратная сторона – 2», «Олимпиада грабителей» секілді отандық фильмдерден, Ринго тобының «Let’s go» атты бейнебаянынан паркурдың көздің жауын алар қимыл-қозғалыстарын көруге болады. Бір қынжылтатыны, бейне өнім дайын болған соң, трейсерлердің есімі елеусіз қалып жатады.Анар ЛЕПЕСОВА