Жаңалықтар

ӨНДІРІСШІЛЕР ЕСЕП БЕРДІ

ашық дереккөзі

ӨНДІРІСШІЛЕР ЕСЕП БЕРДІ

 Өткен аптада Ақмола облысында өндіріс саласының сегіз айлық қорытындысы шығарылды. Аймақ басшысы Сергей Кулагин өндірісшілердің есебін тыңдап, алдағы уақыттағы жұмыс жоспарларын пысықтады. 

Облыс әкімінің орынбасары Қ.Отаров өз баяндамасында өткен 8 айда өндіріс саласын дамыту мақсатында жүзеге асырылған жұмыстар мен жіберілген кемшіліктер туралы айтып өтті. Бұдан соң Степногор қаласының әкімі М.Тақамбаев пен аймақтағы ірі кәсіпорын басшылары да есеп берді. Жалпы алғанда, биылғы жылдың қаңтар-тамыз айларында облыс кәсіпорындары 180,8 млрд. теңгенің өнімін өндірген. Жиынтық индекс көлемі 104,7 пайызды құрайды. Республикалық үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста жалпы құны 716,7 млрд. теңгеге 63 жоба қолға алынды. Жаңа кәсіпорындар есебінен өңірде 30 мың жұмыс орны ашылды. Ал республикалық Индустриаландыру картасы аясында Ақмола облысында жалпы құны 461,1 млрд. теңге болатын 2 ірі жоба жүзеге асырылуда. Ал аймақтық карта бойынша 61 жоба қолға алынған. Бүгінде жоспардағы 63 жобаның 44-і іске қосылды. Жыл соңына дейін облыста тағы 15 кәсіпорын пайдалануға беріледі. Бұл аймақта 1531 жаңа жұмыс орны ашылады деген сөз. Алдағы жеті жылдық жоспарға сәйкес, облыста Үдемелі индус­триалды инновациялық даму бағдарламасы аясында 9 жобаны іске асыру көзделген. Осы арқылы 24 625 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.

Көлбай ЖЕҢІС