Жаңалықтар

25 ЖЫЛДА КЕЗЕҢ АСПАҒАН КЕРУЕН

ашық дереккөзі

25 ЖЫЛДА КЕЗЕҢ АСПАҒАН КЕРУЕН

Осы аптаның басында бүкіл Қазақстанда Тілдер апталығы басталғаны белгілі. Осыдан 25 жыл бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған тіліміздің әлі күнге босағадан сығалай алмай жүргеніне кім кінәлі? Бір кездері саясаттанушылар осы та­қырыпта біршама бас ауыртып, талай сараптаманың жүгіне айнал­дыр­ғанымен, бүгінде оның да күні өткендей. Өткен аптада интернетте ең көп талқыланған тақырыптардың бірі – Алматы қалалық әкімшілігінің белгілі қоғам қайраткері, ақын Мұхтар Шахановқа дәстүрлі шеруін өткізуге орын бермегендігі. 

Мұхтар Шаханов 22 қыркүйекте өте­тін дәстүрлі мемлекеттік тілді қолдау шеруін өткізгелі жеті жыл болған екен. Бұл шеруді өткізуге әуелі Абай ескерткіші орналасқан Абай және Достық көшелерінің қиылысындағы Абай алаңы берілген болса, кейіннен Абай мен Алтынсарин көшелерінің қиылысындағы Сарыарқа алаңы ұсынылды. Ұлт патриоттары бұл алаңның өзін місе тұтпай, Республика алаңын бермеді деп дау­рығып жүргенде, биліктің де пейі­лі жыл өткен сайын тарыла түсті. Был­тыр едәуір жырақта, Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылы­сын­дағы Мемлекеттік мұрағат ғима­ра­тында өткізуге рұқсат беріліп, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Зәуре Аманжолованың өзі келіп, тіл дамыту идеясын қолдайтындығын ашық танытқан болса, биыл сол Аман­жолованың өзінің қолы қойыл­ған хатта «Мемлекеттік тілді қолдау ак­циясын» өткізуге ешқандай мүм­кін­діктің жоқтығы мәлім етіліпті. Әрі заңсыз митингіге шығудың соңы заңмен қудаланатынын ескерте кетуді ұмытпаған. Сөйтіп, тығырыққа тірелген шарасыз топ мемлекеттік тіл­ді қолдау акциясын Мұхтар Шаханов жетекшілік ететін «Жалын» журна­лы­ның редакциясында өткізуге мәжбүр болған.

Сонымен «мемлекеттік» деген дәре­жені үкілегелі 25 жыл өтті. Содан бері не өзгерді? 25 жылда 25 қадам алға жылжи алдық па? 

Лауазымды шенеуніктер жыл са­йын ашылып жатқан жаңа мектептер мен балабақшалардың санын көлденең тартумен келеді. Алайда тілді төрге оздырудың жүйелі бір бағдарламасын немесе заңдық актілерін ұсына алмады десек, артық айтқандық емес. Кезекті Премьер-министр тағына жайғаса салысымен, мемлекеттік жиындарды тек қана қазақ тілінде өткіземіз деген уәде береді, ал бұны Министрлер кабинеті жар сала хабарлады. Үкімет жар салып, бұқараны үміттендіріп қойғанымен, уақыт өте келе бұл мәселе мүлдем ұмыт болады.

Белгілі журналист Ғалым Боқаш өзінің фейсбук парақшасында «Бір ғасырлық науқан» атты жазба қалдырды. Мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі бір ғасыр бойғы қаулыларды тізбелеген ол мем­ле­кеттік тілдің төрге озуына әлі қан­ша уақыт қажет деген сауал тас­тайды? Өткенге салауат. Осыдан жүз жыл бұрын бас бұйдамыз өзгенің қо­лында болды делік. Өз қолымыз өз аузымызға жетпеген шығар. Алайда тәуелсіздікке қол жеткізген 22 жыл ішінде қандай сындарлы саясат жүзеге асырылды?

Ең әуелі іс қағаздарын мем­лекеттік тілде жүргізетін облыс­тар­дың тізімі жасалды, қазағы басым облыстар бірінші ке­зек­те, орысы басым облыстар соң­ғы кезекте іс қағаздарын қазақша­лай­ды деген науқан әлі күнге жүріп келеді. Сосын 2001-2010 жыл­дарға арналған мемлекеттік тіл­ді қолдаудың мемлекеттік бағдар­ламасын қолға алдық. Тағы да ұран мен жалған науқаншылдық жетегінде жүргенде он жыл өте шығыпты. Бұл бағдарламаның стратегиясы қаншалықты жүзеге асты, қаншалықты іс атқарылды, қай жерге келіп тоқтадық дегенге ешқандай сараптама жасалынған жоқ. Бұл аз болғанын сездік пе, тағы да жаңа бағдарлама қабылдадық. Ол бағдарлама бойынша, 2025 жыл деген межені алға қойдық. Алайда ол бағдарламада да мемлекеттік тілді жүзеге асырудың нақты механизмдері көрсетілмеген. Бұл екпінімізбен, 2025 жылды да еңсеретін түріміз бар. Сонымен, қыруар қаржы бөліп, ұлттың ұлы ұстыны – тілді төрге оздырамыз дегеннен шыққан нәтиже жоқтың қасы. Әлі күнге мемлекеттік жиындар, биік мінбедегі талқылаулар орыс тілінде жүргізіледі. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше болғалы біраз уақыт өткенімен, ол одақтың жарғысын қазақ қауымы қазақ тілінде әлі көре алмай келеді. Мемлекеттік тілде сөйлейтін мемлекеттік шенеу­нік­тер мен депутаттардың саны жыл өткен сайын азайып бара жатқаны байқалады. Сонда 25 жылда алға 25 қадам жасадық деуге қандай негіз бар? Тек бір нәрсе айқын, қазақша сөйлейтін қазақ балаларының қатары артты. Ал билік қоғамның мемлекеттік тілге деген сұранысын елей қоятын емес. 

Есенгүл Кәпқызы