Жаңалықтар

АЗИЯЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚҰРЫЛА МА?

ашық дереккөзі

АЗИЯЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚҰРЫЛА МА?

«Нұр Отан» партиясының төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Шри-Ланкада өткен Азиялық саяси партиялардың Халықаралық конференциясының (АСПХК) VIII Бас ассамблеясына қатысты. Кезекті ассамблеяның тақырыбы «Азиялық қауымдастық құру» мәселесіне арналды. Бұл құрылым әлемнің 53 елінен 360 партияны біріктіреді. Шри-Ланка астанасы Коломбода өткен аймақтық ашық конференцияға «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек комитеттің тұрақты мүшесі ретінде барды. Азиялық саяси партиялар халықаралық конференциясының 5-ші Бас ассамблеясы мен тұрақты комитетінің 10-шы отырысы 2009 жылы Астана қаласында өткен болатын. Коломбодағы отырыс барысында партия төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясының басты бағыттарына тоқталып өтті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген міндеттерді іске асырудағы партияның негізгі мақсаттарын айтты. 

Азиялық саяси партиялар бас қосқан ассамблеяда Азияның ресурстық әлеуеті зор экономикалық орталық екендігі сөз болды. Осыған орай, Бауыржан Байбек Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Азия – әлем халқының ең тығыз қоныстанған аймағы. Яғни, тұтынушылық сұраныстың аса ауқымды бөлігін беріп отыр. Біздің ортақ ықпалдастық үдерістерімізді Ұлы Жібек жолын жаңғыртудың айналасында құруға болады» – деп, Шанхай саммитінде айтқан сөзін келтірді. Елбасы Шанхай саммитінде Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын құру туралы бастама көтерген еді. 

Қазіргі уақытта Азия-Тынық мұхиты аймағындағы елдер арасындағы 6 мемлекет экономикасы дамыған жетекші 20 елдің қатарына енген. Азия елдерінің әлемдік жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3 есеге дейін артқан. Ал экономикалық және саяси дамыған Азия елдерімен байланыс орнату Қазақстан үшін басты басымдық болып есептеледі. VIII Бас ассамблеяға қатысқан барлық партияның өкілдері аймақтық қауіпсіздікті бұдан әрі дамытып, өзара келісім орнатуды ұсынды. Бұл келісім экономикалық өсімді одар әрі арттырмақ. 

VIII Бас ассамблеяның барысында Бауыржан Байбек Шри-Ланка президенті, Шри-Ланка бостандығы билеуші партиясының төрағасы Махинд Раджапаксамен де жүздесті. Шри-Ланка президенті кездесу аясында елдегі азамат соғысының мемлекетке апат әкелгенін, бұл соғыстың әсерінен ел экономикасының әлсірегенін тілге тиек етті. Мемлекеттің экономикалық және әлеуметтік ахуалы, елдің ынтымақтастығы мен тұрақтылығы тек соғыс аяқталғаннан кейін ғана қалыпқа келгеніне тоқталды. 

Сонымен қатар, өзге де партия делегацияларымен екіжақты кездесулер өткізілді. Мәселен, АСПХК төрағасы Хосэ дэ Венешиа, «Единая Россия» партиясы Бас кеңесі президиумының мүшесі Андрей Климов, Қытай компартиясы Орталық Комитетінің халықаралық бөлімі меңгерушісінің орынбасары Чэнь Фэнсян, Біріккен Малай Ұлттық Ұйымының Жоғарғы кеңесінің мүшесі Дато Сери Шахидан Бин Кассим, «Сэнури» оңтүстіккореялық партиясының Ұлттық ассамблеясының Ұлттық қорғаныс жөніндегі комитетінің төрағасы, АСПХК Парламентарилері одағының президенті Ванг Джин Хамен сынды көрнекті тұлғалармен кездесіп, партияаралық ынтымақтастық мәселелері талқыға түсті. 

АСПХК VIII Бас ассамблеясында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Азиядағы қауіпсіздікті нығайту, Азия елдері арасындағы байланыс пен ынтымақтастықты арттыруда қосқан үлесінің зор екені айтылды. 

Әсел Әнуарбек