«КЕҢ БОЛСАҢ КЕМ БОЛМАЙСЫҢ...»
«КЕҢ БОЛСАҢ КЕМ БОЛМАЙСЫҢ...»
Сәкеңнің өмір бойы жазып келе жатқанының бәрін саралау мүмкін емес. Және ол осы мерейтойлық жазынның мұратына кірмейді де. Сәкеңнің ұлтына құлай берілген және сол ұстанымына берік азамат екендігін айғақтайтын деректердің бір ғана мысалын келтіре кету жөн. «Великие без прикрас. В этот день…» деген айдармен республикалық апталық – «Литер» газетінің 2013 жылғы 18 қаңтарында жарияланған Ахмет Байтұрсынов туралы өмірбаяндық мәліметтер берілген жерге Ахаңның суретінің орнына Міржақып Дулатовтың суреті беріліп кеткеніне елден бұрын елең еткен Сәкең болды. Сөйтіп, орыстілді тілшілердің өзі өмір сүріп жатқан мемлекетте тұрып, сол мемлекеттің ұлы қайраткерлерін әлі күнге танымайтындығын әшкереледі. Ол жазғанын кейін «Когда болит душа» деген жинағына енгізді. Осы бір лепесімен ғана Сағымбай аға шындығында ұлтымыздың тарихы мен тағдырына бей-жай қарай алмайтын қайраткер күрескер тұлға екенін бір дәлелдеді.
Тағы бір мысал. «Қазір Қазақстанда төрт мыңнан астам газет, журнал жарық көреді, солардың 2265-і Ресейден келеді де, бар болғаны 303-і ғана қазақ тілінде шығады. Мұнымен қоса республикамыздың территориясында «Известия», «Комсомольская правда», «Аргументы и факты», «Новая газета», «Труд» және т.б. басылады. Бұл дегеніңіз – ақпараттық кеңістігімізде орыс тілі үстемдік етіп тұр деген сөз, мұндайға жол беруге болмайды, бәрі де салыстыру арқылы танылады», – дейді. Дейді де бұрынғы кеңестік жүйеде бірге болған түркі тілдес елдермен салыстырады. «Көрші Өзбекстан мен Түркіменстанда орыс тілінде газет-журналдар шығарылмайды, таратылмайды, сондай-ақ, біздің елімізде эфирлік уақыттың 70 пайызын орыс телевидениесі мен орыстілді радионың берілімдері иемденген. Ал Өзбекстанда орыс тіліне берілген эфирлік уақыт бар болғаны төрт-ақ сағат, Түркіменстанда мүлдем жоқ», – деп нақты фактілердің астарына ұлт болашағына деген жан айқайын әдіптеп жеткізеді. (С.Козыбаев. «Гордое имя журналист» 2012. 37-бет). Қазақ тілінің артында қазақ деген ұлт тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Осындай ұлтының болашағына алаң көңілмен үнемі ізденіске толы күрескерлік жолмен келе жатқан Сағымбай Қабашұлының бұған дейінгі жүріп өткен соқпақтарына бір сәт назар аударғанның өзінде көп нәрсеге қанық боласың.
Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев 1944 жылы 16 шілдеде Қостанай облысының Меңдіқара ауданындағы Жаңа Тұрмыс ауылында дүниеге келген. Көкжиегіне көз жетпес Сарыарқаның сағымды сайын даласы қиялын шексіздікке жетелеп, арманын жаһандық кеңістікке алып ұшқан Сәкең жұмыр жерді жүрегіне сыйдырып алып, алыстағы Ленинградқа, журналистика мамандығына оқуға түскен. Ленинград Мемлекеттік университетін 1970 жылы тәмәмдады. Орыс халқының озық ойлы оқымыстыларынан тәлім алған ол Кеңестер Одағының Мемлекеттік телерадио саласында қызметке тұрды. Оқығаны да, тоқығаны да көп жас маман айналасы төрт-ақ жылдың ішінде редактор, аға редактор, Қазақстан Мемлекеттік телерадиосының Бас редакторының орынбасары, Бүкілодақтық радионың Қазақстан бойынша меншікті тілшісі дәрежесіне дейін көтерілді. Дәл осы жылдары Сағымбай Қозыбаев есімі бүкіл Одаққа талантты журналист, дарынды публицист ретінде танылып үлгерді. 1974 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін 40 жыл бойы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде үздіксіз ұстаздық етіп келеді.
Аға оқытушылықтан профессорлық деңгейге биіктеген Сәкеңді ел алдымен білімдарлығына, іскерлігіне, студенттерге тәлім берудегі жаңашылдығына, еңбекқорлығына, адамдарға деген сүйіспеншілігіне, әр адамның тағдырына деген алаң көңіліне бола құрметтейтіндіктен де өз ортасына аса сыйлы тұлға болып биіктеді. Оның отандық журналистикадағы өзіндік мектебі бар. Магистратурада «профессор Сағымбай Қозыбаевтың шеберлік мектебі» деген таңдау пән жүреді. Ол – шын мәнінде ұлағатты ұстаз. 7 доктор, 22 ғылым кандидатын даярлау Сәкең секілді өз ісіне құлай берілген жанкешті жандардың ғана қолынан келеді.
Сағымбай Қабашұлының өзі 1974 жылы ғылым кандидаты атанған. 1988 жылы докторлық диссертациясын жарық көрген ғылыми еңбектерінің жиынтық нәтижесі бойынша Мәскеуде қорғаған. Әдеттегі таңдалған тақырып төңірегінде жазылған ғылыми жұмыс көрсеткіші негізінде қорғау дәстүріне қайшы келетініне қарамастан, осындай үлгіде докторлық диссертация қорғау – Сағымбай Қозыбаевтың журналистика саласында бүкілодақтық шеңбердегі салмағы зор, танымал тұлға екендігін тағы бір дәлелдеді.
Сәкең 1976 жылдан 2011 жылға дейін факультетті басқару ісіне белсене атсалысты. Кафедра меңгерушісі, деканның орынбасары, декан болып қызмет атқарды. Ол декан болған жылдар қоғамда қысталаң кезең орын алған еді. Ұжымның ұйытқысы, ұйымдастырушысы бола жүріп, адамдар арасындағы психологиялық ахуалды жақсарту, жақсы дәстүрді сақтап қалуға күш салуы Сәкеңнің алғырлығы мен іскерлігін айқындады. Оның бастамасымен БАҚ және газет ісінің техникасы (1985), халықаралық журналистика (1993), журналистика тарихы (1996) кафедралары ашылды.
Сәкеңнің бойында бар тағы бір ерекше қасиеті – алғырлығы, ойына алған ұлық істерін орындамай тынбайтын табандылығы. Қазақ журналистикасы тарихындағы ақтаңдақтарды анықтап, айтылмай келген ақиқаттарды аршып, өзге ұлттарға таныстырудағы ғылыми ізденістерге толы еңбегі еш кеткен жоқ. Алаш замансөзгерлерін орыс тілді оқырмандар Сәкеңнің зерттеулері арқылы таныды. Мұхаметжан Сералин, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатовтар бастаған ұлттық журналистика мен замансөз тарихын зерттеу ісі кейінгі жылдарды да қамтыды. Әсіресе ұлттық мерзімді баспасөз тарихын орыс тілінде зерттеу Сағымбай Қабашұлының бастамаларымен, жетекшілігімен жүзеге асып, сонау «Айқап», «Қазақ», «Ұшқын» секілді алғашқы қарлығаш журнал, газеттерден бүгінгі жаңа шыққан электрондық басылымдарға дейін сабақтастыра зерделеп, ғылыми қорытындыларды оқу үдерісіне, зерттеу ісіне пайдалану ғылыми-педагогикалық дәстүрге айналды.
Сәкең факультеттің халықаралық байланысын нығайтуға да бір кісідей күш салды. Германия(1987), АҚШ (1993), Түркия 2005), Сингапур (2008), Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, т.б. елдерге барғанда олардың журналистикасындағы ерекшеліктерді біліп, біздің елде пайдалануға болатындарын кәдеге асыруға да бастамашы болды. БАҚ туралы заң және Қазақстан Журналистерінің әдеп кодексі жобаларын жасауда Сәкеңнің халықаралық тәжірибесі өз ықпалын тигізбей қойған жоқ. Мысалы Сағымбай Қабашұлының тікелей ұсынысымен Түркітілді елдер журналистік ұйымдарының конфедерациясын құру жөнінде шешім қабылданған болатын. Осындай қайраткерлік қабілетін ерекше танытқан тағы да бір ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды. Ол Қазақстан Журналистер Академиясын құру. Осы Академия талай тарлан журналистерді айқындады, атақ-даңқын әуелетті, талай жас таланттардың жолын ашты, талай тың бастамаларға қолдау көрсетті. Журналистика саласында ерекше жаңашылдығымен, жасампаздық ізденістерімен көрінген жеке тұлғаларға, ұжымдарға «Қазақстан Журналистер Академиясының «Алтын Жұлдыз» және «Алтын Самұрық» сыйлықтарын тағайындау арқылы да журналистер арасында заманауи талап пен талғам бәсекелестігін жаңғыртты.
Иә, Сағымбай Қозыбаевтың еліне еткен еңбегі айтылған деректер, келтірілген мәліметтермен ғана өлшенбейді. Оны қазақстандықтар ғалым, ұстаз, қайраткер ретінде ғана емес, қарымды қаламгер санатында да ардақтайды. Ол шығарған 40-тан астам монографиялар, жинақтар мен кітаптар, мыңға жуық ғылыми һәм замансөздік мақалалар – сөзіміздің дәлелі.
Сәкеңнің осыншама ұланғайыр еңбегі еленді ме? Әрине. Ол алған атақ, марапаттардың бәрін тізіп жатпай-ақ, бірнешеуін тілге тиек етсек жеткілікті шығар: Ол Қазақстан Журналистер одағының сыйлығын 6 (!) рет жеңіп алған; Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасы (2005ж.); ҚР Президентінің Алғыс хаты (2005 ж.); «ҚР Ғылым қайраткері» (2001 ж.); «ҚР Мәдениет қайраткері» (2006 ж.); «Алтын Адам» сыйлығы (2011 ж.); «Қазақстан ЖОО ең үздік оқытушысы» (2007 ж.) мемлекеттік гранты, ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, т.б…
Сағымбай аға бойында тектіліктің, ақсүйектіктің қаны бар. Әкесі Қабаш ақсақалдың елдік мұраттардың ұйытқысы болған, тұлғасы асқақ азамат болғандығын туған елі әрдайым мақтанышпен айтады. Соның бір дәлелі – Ұлы Отан соғысы жылдары Берлинді азат етуге қатысқан соғыс ұшағын өз қаражатына сатып әпергендігі – ерлікпен барабар іс еді. Ал туған ағасы Манаш Қозыбаев қазақ тарихы ғылымының ірі қайраткері болғандығы тарихта тайға таңба басқандай айқын.
Осындай тарихи тағылымдарды санасына сіңіріп өскен Сағымбай аға Қозыбаевтың да қайраткер ғалым әрі ұстаз, нар жолында жүқ қалдырмас қайраткер болуы заңдылық.
Сағатбек Медеубекұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Журналистика факультетінің деканы