Жаңалықтар

ШОТЛАНДТАР БӨЛІНУДЕН БАС ТАРТТЫ

ашық дереккөзі

ШОТЛАНДТАР БӨЛІНУДЕН БАС ТАРТТЫ

Өткен аптада Шотландия халқы тәуелсіз мемлекет атану үшін референдум өткізген болатын. Егер 18 қыркүйекте өткен референдум барысында шотландықтардың көпшілігі «Шотландия тәуелсіз мемлекет болу керек пе?» деген сауалға «иә» деп жауап берген болса, 2016 жылдың 24 наурызында Ұлыбританиядан бөлініп, тәуелсіз елге айналар еді. Алайда шотландықтар бөлектенуді қаламады. Дауыс берудің нәтижесі бойынша референдумға қатысқан тұрғын­дардың 55 пайызы Ұлыбри­та­нияның тұтастығын қолдаса, 45 пайызы қарсылық білдірген. Осылайша Шотландия Ұлыбритания құрамында қалды. Шотландия – Ұлыбританияның тарихындағы ежелгі аймақтардың бірі. Англия корольдігі Шотлан­дия­ны 1296 жылдан бастап бас­қара бастаған. Тәуелсіздікке қол жеткізу үшін Шотландияның жаса­ған алғашқы қадамы биылғы ре­ферендум ғана емес. Ағыл­шын­дардың құрамынан бөліну үшін 1314 жылғы Уильям Уоллестің көтерілісінің нәтижесінде Шот­ландия тәуелсіздікке қол жет­кіз­ген еді. Кейінірек, 1603 жылы Шотландияның королі VI Джеймс Англия монархы ретінде таққа отырады. Осы сәттен бастап Ұлыбритания мен Шотландия арасында уния пада болды, яғни екі мемлекет бірікті. Ал мемлекеттер өз тәуелсіздіктерін сақтап қала берді. Уния ыдырағаннан кейін екі ел жеке өмір сүрді. Бұл бөліну 1707 жылға дейін жалғасты. Осы жылдары саяси және экономикалық қиыншылыққа тап болған Шотландия Ұлыбритания құрамына қайта кіруге мәжбүр болды. Тәуелсіздікке ұмтылудың негізгі себебі – саяси келіспеушіліктер. Шотландия Ұлыбританияның консервативті саясатына қарсы. Олар либералды саясат жүргізуге тырысады. Шотландияның Ұлыбри­тания­дан бөлінуі туралы 2011 жылдан бері ашық айтылып жүр. Сол жылы өткен сайлауда «Шотландия ұлттық партиясы» жеңіске жетті. Осы жеңістен кейін Ұлыбритания мен Шотландия үкіметтері тәуелсіздік жөнінде референдум өткізуге келісім жасады. «Шотландия ұлттық партиясы» осы сәттен бастап референдум идеясын іске асыруды қолға ала бастады. 2014 жылдың 18 қыркүйегінде референдум өткізуге қол жеткізген «Ұлттық партия» шотландықтардың қажетті даусын жинай алмады. Шотландия тұрғындарының 88 пайызы – шотландтар, ағылшын халқы тек 7 пайызды ғана құрайды. Демек, Шотландияның Ұлыбританиядан бөлініп, тәуелсіз ел болуын шотландтардың өздері де қаламайды. Олар тәуелсіздіктен саналы түрде бас тартты. Референдумдағы сәтсіздіктен кейін Шотландия премьер-министрі Алекс Сэлмонд өзінің отставкаға кететінін мәлімдеді. Шотландия халқын тәуелсіз ел болуға үндеген премьердің сөзін қолдаушылар саны көп болған жоқ. Шотландия тұрғындарының Ұлыбритания құрамында қалуды құптағаны премьер-министр Дэвид Кэмерон үшін сәттілік болды. Кэмерон Шотландия дербестігінің алдағы уақытта кеңейтілетінін және елдің өзін-өзі басқару жоспары қаңтар айына дейін әзірленетінін қуана жеткізді. Бір айта кетерлігі, Шотландия өзге елдің отарлау әрекетінен, қысымынан құтылып, тәуелсіздік алуды көздемейді. Олар әуелден-ақ өзін-өзі басқарады. 1997 жылдан Шотландия шектеулі автономияға айналған. Қазіргі уақытта Шотландияның жеке парламенті, жеке үкіметі бар. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, қоршаған ортаны қорғау саласындағы мәселелерді өз қалауларымен шешетін мүмкіндікке ие. Шотландия халқының соты да, діні де тәуелсіз. Шотландияның қазіргі премьер-министрі Алекс Сэлмонд дербес болуды қалайтын. Қазір Шотландия, Англия, Уэльс, Солтүстік Ирландия бірігіп, Ұлыбритания атты ұлы державаны құрап отыр. Тәуелсіздікке қол созған шотландықтар Ұлыбри­тания монархынан да бас тартпай­тынын алдын ала айтқан. Олардың көздегені – Шотландия аумағындағы барлық институттар мен қаржы реттеуді жергілікті биліктің қолына ұстату еді. Шотландияның тәуелсіздігін қол­дай­­тындардың тобы «Егер мемлекет өз болашағын өзі айқындайтын болса, елдің әлеуметтік жағдайы жақсарады. Биліктегі партияларға жалтақтамай, Шотландия өз үкіметін сайлайды, елдің мұнайдан түскен байлығы халықтың әл-ауқатын арттыруға жұмсалады» дегенді алға тартқан. Сонымен қатар, тәуелсіздікті жақтайтындар Ұлыбритания үкіметінің мүгедек жандарға берілетін жәрдемақыны қысқартуын оларға жасалған қастандық деп санайды. Ал Ұлыбритания басшылығы болса: «бұл тек көп адамды жұмыс жасауға, еңбектенуге мәжбүрлеу шарасы», – дейді. Шотландияда «Better together» деп аталатын қозғалыс құрылған. Бұл қозғалыстың мүшелері – Шотландияның Ұлыбритания құрамында қалғанын қолдаушылар. Қозғалыстың атауы «бірге жақсырақ» деген мағынаны білдіреді. Аталған топтағы шотландықтардың дегені болды.

 

Ұлы державадан бөліну не береді?

 

Референдумда Шотландия тәуелсіздікке қол жеткізгенде қандай жағдай орын алар еді? Нендей өзгерістер болар еді? Шотландия Ұлыбританиядан бөлінсе, Еуропадағы шағын мемлекеттің біріне айналады. Бұл мемлекеттің жер көлемі 78,8 мың шаршы шақырымды құрайды, яғни Ұлыбританияның 32 пайызы. Ал халық саны 5,2 миллион, бұл көрсеткіш біріккен корольдіктің 8,4 пайызын құрайды. Шотландия алып державаның әлсіз дамыған аймағы болып есептеледі. Сондықтан олар тәуелсіздікке қол жеткізсе, табысты болады деу қиын. Біршама қиындықтар алдынан шығатыны жасырын емес. Халықаралық кедергілер де кездеспей қоймас еді. Референдум қорытындысы «Шотландия ұлттық партиясының» ойындағыдай болғанда, Шотландия үкіметінде келіссөздер кезеңі басталуға тиіс еді. Ұлыбритания мен Шотландия Біріккен корольдіктің қарызының қанша пайызы жаңа мемлекетке тиесілі, екі елдің шекарасы, олар қандай ақшаны пайдаланады, бұрынғыдай фунт стерлинг ортақ ақша ретінде сақтала ма деген мәселелерді ең алдымен талқылауы керек болатын. Егер Шотландия тәуелсіздігін алса, Еуроодаққа мүшелікке өтуі де ықтимал. Еуропалық одақ мүшелерінің жағдайы дәл Шотландия мен Ұлыбританиядағыдай. Яғни мұнда да барлық мәселе ортақ: саясат, экономика, т.б. Еуроодаққа мүше елдер барлық мәселелерді бірлесіп шешеді. Бұл одаққа кірген Шотландия дәл бұрынғыдай жұмыс жасайды. Сондықтан Ұлыбритания және Еуропа одағы құрамындағы Шотландияның еш айырмашылығы жоқ. Жеке ел болып шыққан жаңа мемлекет үшін экономикалық өсімді тұрақты ұстап отыру да маңызды іс. Сонымен қатар, Шотландия үкіметі салық жүйесін, қорғаныс жүйесін, әлеуметтік жүйесін қайта жасақтар еді. Референдумды ұйымдастырған «Ұлттық партия» Шотландияның НАТО-ға мүше болғанын да қалай­тынын айтқан болатын. Дегенмен Шотландия халқының басым бөлігі егемен ел атанудан бас тартты. Бұл Шотландия экономикасы үшін орынды қабылданған шешім болуы да әбден мүмкін. Ұлыбритания мен Шотландия арасындағы тығыз байланыс үзілсе, мемлекеттік бюджет пен халықтың әлеуметтік жағдайына кері әсер етуі ықтимал. Зерттеушілер Шотландия тәуелсіздік алатын болса, елдің мемлекеттік қарызы 143 млрд. фунт стерлинг болатынын да есептеп үлгірді. Бұл сома жаңа мемлекеттің жалпы ішкі өнімінің 80 пайызын құрайды. Расымен де, Шотландия тәуелсіздікке қол жеткізгенімен, оның мемлекет ретінде болашағы бұлыңғыр болуы мүмкін. Ұлыбританиядан бөлінген Шотландияның әскери қуаты әлсіреп, өзге мемлекеттердің шекарасынан өту қиындық тудырады. Бюджетке түсетін қаржы көлемінің азаюы да шотландықтарды біраз әбігерге салар еді. Оның үстіне, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Шотландияға Ұлыбританияның Орталық банкінен, мемлекеттік қордан бөлінетін субсидиялар тоқтайтындығын айтып, ескерту жасаған. Міне, осы мәселелердің барлығын талқылаған шотландықтар Ұлыбритания құрамынан бөлінуді қолдаған жоқ. Шотландияның тәуелсіздікке ұмтылуы Ұлыбритания үшін де экономикалық тұрғыдан соққы болар еді. Шотландия референдумын өткізу туралы жарлық шығарылғаннан бері көптеген ағылшын саясатшылары осы тақырыпқа қатысты алаң­дау­шы­лықтарын білдірген еді. Ағылшындар премьер-министрі Дэвид Кэмерон Ұлыбритания құрамындағы елдерге бөлінудің қажеті жоқтығын айтқан. Оның негізгі мақсаты – Ұлыбритания одағын сақтап қалу. Міне, ұлы держава мен егемендікке ұмтылған шотландықтар арасындағы сауалдың жауабы табылды. «Бір-ақ рет болатын ұлы мүмкіндіктен» айрылған Алекс Сэлмонд жеңіліп, «отбасын ажыратпауға» үндеген Дэвид Кэмерон Шотландияны уысында ұстап қалды.

Әсел ӘНУАРБЕК