Жаңалықтар

ҚАРАУҒА ҚАРУ БЕРСЕҢ...

ашық дереккөзі

ҚАРАУҒА ҚАРУ БЕРСЕҢ...

Украина мен Ресей арасындағы шиеленіс күн өткен сайын қарқынын үдетіп барады. НАТО-ның мәлімдеуінше, соғысты тоқтату кезінде 1000 ресейлік солдат Украинаның шығыс аймағында оққа ұшып, 2000-дайы жараланған. Ел арасындағы шекарада 20 000 шамасындағы ресей әскері төбе көрсеткен. Сарапшылар: «Украина жеріндегі Ресей әскер санының кемуі жағдайды теңестіруі мүмкін», – деген пікір білдіруде. Десе де, бұл турасында НАТО ешқандай көзқарас білдірмей отыр. Украина президенті Петр Порошенко Украина жеріндегі Ресей әскерінің 70%-ы шекарадан шығарылғандығын айтқан. Ол сондай-ақ, өз сөзінде Украинаның әскер саны қандай жағдайға да төтеп беруге қабілетті, қарулы күштер жеткілікті екендігін мәлімдеді. РФ Сыртқы істер министрлігінің өкілі Александр Лукашевич бұл жағдайға қатысты: «Украинада Ресей әскері болған емес. Ешкім ол жақта соғыс ұйымдастырған жоқ. Тек Луганск пен Донецк облыстарында ресейліктер ғана жүр», – деп әлемдік арналар барлық ақпаратты жоққа шығарды. Тамыз айының соңында Александр Захарченко ДНР-дың көшбасшыларының бірі Донбастағы ресейлік азаматтар өздерін еріктілер деп санайтынын айтқан еді. Тағы бір мәліметке сүйенсек, Ресейдің барлық аймақтарындағы ел азаматтарын жаппай әскерге, жедел қызмет сапарға шақыртып, оларды астыртын Украина жеріне жіберіп отырған екен. Жөнелтілгендердің отбасылары бұл жайтқа аса күдікпен қарап отыр. Айтуларынша, оларды Донбасқа баруға күштеп көндіріп, артынша келісімшартқа қол қойғызған. Осыған қатысты ақ-қараны анықтау мүмкін болмауда. Ресей басшылары Украинада тек еріктілер ғана жүр деуден жаңылмайды. Сонда әскерге, қызметтік сапарларға шақыртылған ресейлік азаматтар қайда жүр? Украина жерінде қару асынғандар кімдер? 

Путин неге бес қаруын сайлап жатыр?

Таяуда Ресей президенті Путин сақтықта қорлық жоғын ұғынып, әскерлерді күшейту шараларына білек сыбана кірісіп кетті. Кез келген қауіптен, әсіресе, АҚШ пен НАТО-дан қорғану шаралары есебінде, соғыс қару-жарағын көбейтуге ниеттеніп отыр. Ресей басшысы: «Бізді алаңдатып отырған басқа жайттар бар. Әскери космосты игеруді жалғастыру, стратегиялық қарулардың қолданысын арттыру сынды жұмыстарды қолға алу керек. Алдымызда туындайтын қауіптердің алдын алуға тиістіміз. Баршаңызға мәлім, жақын арада НАТО мен Шығыс елдерінің қуатын арттыру турасында шешім қабылданды», – деп көкейіндегі күпті жағдайларды жария еткен еді. Ескеретін жайт, Кремль 2011 жылдан бастап, 2020 жылға дейін әскери модернизация мен флотқа бас-аяғы 500 млрд. доллар қаражат бөлген. Дүние жүзінде қарулануға бюджеттің қомақты бөлігін ойланбай аудара салатын бірегей мемлекет – Ресей екен. Жылына қарулы күштерін ұстап тұруға 78 миллиард АҚШ долларын жұмсайды. 2008 жылғы Грузиядағы соғыстан соң Ресей қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны 30 пайызға арттырған болатын. Нью-Йорк университетіндегі Ғаламдық қатынастар орталығының аймақтық сарапшысы, Мәскеуде тұратын Марк Галеоттидің айтуынша: «Ресей соғысқа Украинадан екі есе көп сарбаз жұмылдыра алады». Бұл мәлімет Ресейдің бес қаруы сақадай сай екендігін аңғартса керек. Күштің атасын қару-жарақ деп білетін бұл елдің, қалай болған күнде де қимылы ширақ. Десе де, көзі түскеннің барлығын қару асынып шешеміз дегендерге «еруліге қарулы» барын ұмытпаған дұрыс.

Путиннің психикасы бұзылған ба?

Ағайындас көршілерін айдап өргізіп, иіріп жусатқан Путиннің қыры мен сырын санауға екі қолдың саусағы жете қоймас. Әккі саясаткердің бұрынғы әйелі Людмила Путина британдық The Guardian басылымына берген сұхбатында өзін Путин қорқытып-үркіту арқылы ұстап тұруға тырысқандығын жеткізген. Саясаттың кері ықпалының салдарынан Ресей басшысы айналасындағыларға жаппай сенімсіздік танытатынын, психикасына айтарлықтай зақым келгендігін де айтқан. Тіпті, Алина Кабаева қоғам алдында шымылдық қана, мәселенің бұдан өзге де жағымсыз тұстарының жеткілікті екендігін де жалпақ жұртқа жария етті. Путиннің бұрынғы әйелін толғандырған тағы бір мәселе оның Конни дейтін итіне қатысты. Бұл ақпарат шетел БАҚ өкілдерінің жағасын ұстатқан болатын. Конниді Ресей басшысы әр сапарында өзімен алып жүреді. Тіпті, Коннисіз ваннаға түспейді екен. Үйіндегі күтушісі Путиннің іс-әрекетінің біртүрлі екендігін де айтқан. Бұл жағдай Батыстың бірқатар басылымдары үшін нақ іздегенге сұраған болды. Ресейлік кейбір басылымдардың жазуынша, иттің «әке-шешесі» Мәскеудің түкпіріндегі қарапайым отбасы. Оларды Путин дәл бір қайын жұртындай көріп, алтынмен аптап, күміспен қаптап, жағдайын жасап қойған. Бұл әрекеттерінен Ресей басшысының санасына соңғы кездері біршама салмақ түскендігін аңғаруға болады.