Жаңалықтар

ЕСЕК МЕРГЕН ЖОЛЫМЕН

ашық дереккөзі

ЕСЕК МЕРГЕН ЖОЛЫМЕН

Есек мерген Есенқұлұлы жүрген жолды іздеу, сол жолмен жүріп өтем деу – бұл қазақтардың құрамдас бөлігі Кіші жүз ру-тайпаларының батыс өңірге, Маңғыстауға қайта қоныстану кезеңін зерттеумен тең талап. Неге десек, Есек мерген – Алшын ұлдарының сонау Жетісудан, Түркістан, Сауран маңынан қайтадан батысқа көшін бастаған адам.Қазақ баласы ХVІІІ ғасырдың бас жағында жан-жақтан анталаған жау мен ішкі алауыздықтан әбден шаршап, тынығатын жер мен тыныштық берер уақыт іздеп, айналадан жаңа қоныс қарай бастады. Соның ішінде адайлар бағзы заманғы бабалар мекені Маңғыстауға көз тікті. Ал, Маңғыстау, Үстірт, Жем-Сағыз бұл қазақтықтың бастауы еді. Сөзіміз дәлелді болу үшін қазіргі кез бүкіл қазақ ғылымы мойындаған Серікбол Қондыбаев ініміздің «Есен-Қазақ» кітабынан үзінді келтірейік. «… қоңырат, найман, керей, үйсін, маңғыт, қият т.б. жаңа ірі әрі саяси қуаты бар тайпалардың көлеңкесінде қалып қойған баяғы қыпшақ тілді аборигендер мен батыстан ауған қондыкер қазақтары немесе сиық-дей – байұлы-черкестер, аландар және басқа да өткен дәуірдің ұлы тайпаларының жұрнақтары, жалпы даланың шеттетілгендері (бұған орыс тіліндегі изгой сөзі сәйкес келеді) ХІV ғ-да бірнеше ондаған жасанды руларға – «алғашқы қазақылап жүрген консорцияға» бірікті. Оларды шартты түрде «Есен-Қазақтар» деп атадық. … Бұл «қазақ» деген мифоэпикалық есімнің бүкіл далада қадірлі, беделді универсал атауға айналып, ХV ғ-дың 60-70 жж. Қозыбасыда құрылған жаңа мемлекеттің «Қазақ хандығы» деп аталуына, ХVІ ғ-дағы Далада қалған көшпелілердің «қазақ» аталған халыққа айналуына алыстан да болса себепкер болған еді». («Есен-Қазақ» 281-бет). Ол тағы да «Маңғыстаунама» кітабында «Біз бұл мәселелер жөнінде «Есен-Қазақ» деп аталған еңбегімізде біршама тәптіштеп баяндадық, ал осы жерде айтарымыз – осындай, «құжатсыз жолмен анықталған» қазақ үшін маңызды болып табылатын рухани құбылыстың Маңғыстауда өткенін ескерусіз қалдырмау қажеттігі. Мұны маңғыстаулықтар да, жалпы қазақ та білуі тиіс». («Маңғыстаунама» 35-бет)  Маңғыстауға қоныс аудару – бұл Шоқан ғұламаның жазбаларында айтылатын Әмет пен Сәмет заманын аңсау. Олай дейтініміз, қазақтықтың бастауы осы тұста өрбіген. Өрбігенде де, айнала қоршаған отырықшы елдердің сұмпайы саясатына қарсы, ежелден жанымыз бен тәнімізге тән еркіндік үшін күрес түрінде болды. Қазақламақ… Бұғауда болмау… Әрине, қазіргі заманғы өмір сүрудің бүкілдүниежүзілік болмысы қазақ болудың аталарымыз армандаған түрін бізге басыбайлы сыйлай қоймас, бірақ, қанымызда бар құлдыққа бас идірмейтін қасиет, қазіргі кездегі мысық тілеулі, өзі дегенде өгіз қара күші бар саясаткерлердің іс-әрекеттеріне қарсы тұрғызар аталар жолын арлы азаматтарға әрқашан да аңсатар. Қоныс аудару жолындағы тіректік, ұстын­дық нүктелер – Мұңалжары, Бақашы, Ескі Бей­неу, Сисем, Отпан тау болды. Әрине, Мұңалжарыда мән басқа. Оның мәнін ашатын сұңғыла әлі туған жоқ. Бақашының айналасы тұнған тарих. Бұл та­рих та бүктетіліп жата бермес, ашылар. Ескі Бейнеуде Атағозы батыр мен түркілікті мәңгілік сенім-исламмен жалғастырушы Яссауи бабаның жолын қуған Бекет атамыздың мешіті мен ол серік қылған талай тарландар орын тепкен. Сисемді Маңғыстау елінің кейінгі ұрпақ­тары үшін құдайдай көрінетін әруақты аталар пан­теоны деп жүрміз. Ал, Отпан тау.. Отпан тау біздің келешегіміздің кепілі, қазақтықты аңсағанда барар тау, басар жер болу керек. Бұл орындардың әрқайсысының біздің тарихтағы еншісі айтса таусылмас әңгіме. Және жеке-жеке межелі, бағдарлы зерттеулер мен ізденістерді талап ететін кезеңдер. Әрине, әзірше біздің жүрегіміз тек бабадан қалған бағзы сөзбенен ғана сусындап жүр. Ал, негізгі талап – заман талабына сай ғылыми ізденістер мен көпшілікке таралуы тиіс бұқаралық құрал мүмкіншіліктері. Оларсыз ойымыз ойда болып, қолымыз қысқа жағдайынан арыла қоймас. Есек мерген жолын аңсау – бұл қазақтықтағы рухани дүние құндылықтарының қазіргі Батыстың батпағы мен Шығыстың шытырманына иленген ұлттық идеямыздағы орнын іздеу болу керек. Ел ауызындағы аңыздық әңгімелермен астасқан Есек мергенге байланысты оқиғалар Жем бойында болып, Есекжал, Биікжал, Сарқасқа атанған жер бедерінде бар нүктелер Есек атамыздың аяғымен басып, жамбасының табы қалған жерлер екеніне күмән болмауы керек. Тарихи Есек батыр мен мифтік Есек мерген арасындағы байланыстарды зерттей келіп, қазақ халқының рухани дүниесіндегі Есек мерген түсінігінің Есек Есенқұлұлы өмірімен қалай астасқанын алғаш көрсеткен де Серікбол Қондыбай. Оның «Маңғыстаунама» кітабында осыған байланысты төмендегі сөздер айтылған. «…Адайдың Есек батырына өз оқиғасын «берген» Есек мергеннің де жай ертегілік емес, бірнеше мың жылдық тарихы бар мифтік бейне екендігін көруге болады. Ал тарихи Есек батырдың өзі не бітірген? Ол туралы ешқандай дерлік тарихи аңыз сақталмағанына қарамастан, оның есімінің құрметтелуіне қарап, бұл кісінің де жай адам болмағанын көреміз. Ол – ХVІІІ ғасырдағы Маңғыстауды, Үстіртті иелену оқиғасына катыспаған, әңгімелеуіміздің қисыны соған келеді. Бірақ, ХVІІ ғасырдың аяғында не ХVІІІ ғасырдың басында адайлардың бері дегенде Сырдария бойынан, Арал теңізінің терістік жағынан әлі аспаған шағында, нақ осы Есенқұлдың Есегі барлау жасап, Борсық құмдарын, Маныссай-Шағырой, Ақтөбе жақтағы Айрық-Мұғалжар, Шерқала сияқты жерлерді басып өтіп, Жемнің бойына дейін жетіп, одан әрі Үстіртке шейін барып, ернектерін жағалай отырып, Маңғыстауға түспесе де көзімен көріп қайтқан адам болса керек.» (222-бет) Есек мерген туралы дерек алғашында, Маңғыстау жұртшылығына Әнес Сарай ағамыздың «Құнанорыс тайпасы. (Тарихи дереккөздер аясында)» атты мақаласында жарияланған болатын. «Бұл кезде адайлар Қазақ хандығының қарамағына кіріп, Түрікстан төңірегінде отырған-ды. 1694 жылдың 4 сәуірінен 1696 жылдың шілде айларында Түрікстандағы Тәуке хан ордасында болып, өз жазбаларын қалдырған Федор Скибин Есек мергеннің 300 жасағымен Түрікстан шахарынан шығып, орыс шекарасына жорыққа аттанғанын атап көрсеткен.» «Маңғыстау» газетінің 2008 жылғы 16 қазанында шыққан мақаладағы деректің арғы бастауын Әнекең былай көрсеткен – «История Казахстана в русских источниках. 16-17 в. А-ты, 1-том, 418-стр.» Атамыздың тарихилығы дәл осы кезде аңыздық бейнеліктен арылып, алға шыға бастады. Бұл құбылысқа дем берген – маңғыстаулық мұрағатшы Алқажан Еділханның «Маңғыстау» газетінде 2011 жылы 16 маусымда жариялаған «Мұрағаттар сөйлейді» дерекнамасы. Бұл деректе мезгілінде Тобыл архивінде болып, қазіргі кез Ресей ғылым академиясының Санкт-Петербург архивінде сақтаулы 1694 жылы Тәуке ханмен келіссөзге Түркістанға келген Скибин мен Трошин дегендердің жазбалары туралы айтылады. Онда 1695 жылы Қазақ ордасындағы үш жүзден құралған әскер иегері, басқарушысы (владелец) Есек мерген жорыққа аттанғанын және келесі жылы сол әскер адамдарының қала ішіндегі базарларда тобылдық бояр баласы Дмитрей Суздалцев дегенді сатып жүргенін айтады. Бұл оқиға 1695 жылдар. Сонда, сол жылы үш жүздің әскер басшылығына қол жеткізген болса, Есек атамыз 35-40 жас шамасындағы жігіт ағасы ғой. Оның туған жылын, осы есеппен 1655-1660 жылдар деуге болар. Ал, адай тайпаларының арқадан, Мұңалжардан Жем бойына келіп, Үстірт үстіне шығу мезгілін 1740 жылдар десек, Есек мерген атамыз 76 жастық ғұмырын Жемнің арғы я бергі бетінде, 1741-45 жылдары шамасында аяқтады деп айта аламыз. Ал енді Маңғыстау жеріндегі Есек мерген мен түркпеннің Ерсары батырына байланысты аңыз әңгіме туралы айтар болсақ… Бұл ауызекі әдебиеті мен мәдениеті, жазбалық дүниетанымы мен тарих-шежіресі көп өріс алмаған, яғни жазба-сызбалы өркениетке бой ұрмаған халықтарға тән көрініс. Бұл аңыздық мысал- белгілі бір тарихи оқиғаның уақыт өте келе ұрпақ жадында қалуы үшін сырлы сөздерге айналуы. Белгілі бір өмірде болған оқиға туралы ақпарат ауызекі қолданыста жүре-жүре келешекте ұмытылмау үшін жұмбақталады (шифрланады, кодталады). Ол жұмбақтарды болашақта ерінбей-жалықпай зерттеп, кілтін таба білген адам ғана аша алады. Ал енді ұғымдарды ашықтау, тереңде жатқан сырын көпшілік түсінігіне жақындату – ғалым адамдар, олардың ішінде де Серікбол Қондыбаев сияқты сұңғылалар пешенесіне жазылған. Ол осындай адай тайпасының тарихына байланысты шежіредегі екі бірдей сыр сөздерінің астарын ашықтап кеткен. Біріншісі – Адай баласы Құдайкенің түркпен шешемізге үйленуі. Ол Адай құрамындағы оғыздық компененттердің болуына байланысты қалыптасқан сырсөз. Екіншісі – Мұңал ошақ туралы ұғым. Мұңал ошақ – қазақтық құрған Адай елінің негізін қалаушы топ – мұңалдар екенін білдіретін ұғым. («Маңғыстаунама») Сондай астарлы сөз, аңыз бастауы шындық – сол кезде Маңғыстауды қоныстанған түркпен елінің (жалпы Ерсары батыр атағымен ұштасқан Ерсары елінің) Есек мерген бастаған қазақтардың келуінен шошынып, отырған жерлерін тастап кетуі, екі батырдың табан іздерін салыстырылуы арқылы беріледі. Яғни Есек мергеннің табанының ізін көріп, Ерсарының «мынаның табаны менікінен үлкен екен, сондықтан мен кетпесем болмас» деп ой түюін, енді бұл жерде отырып ел болуларының күмәнді екенін сезінуін, мифологиялық заңдылық осылай жеткізеді. Жалпы, бір кездерде болып өткен оқиғалардың – бұл жерде тарихи Ерсарының аңыздық кейіпкерге айналуын – мына мысалдан көруге болады. Кең Жылыойлық ағамыз жорналшы Мақсот Неталиев өзінің 2007 жылы «Арыс» баспасынан шыққан «Кіші Жүз шежіресінің» 51-52 беттерінде Байбақты Беріштерді талдай келіп, былай дейді: «Қосайдан (баяу жүретін кісі болғандықтан Шабанқара атанған) Пыштанай батыр туған. Мұны Маңғыстау бойы Ерсары батыр деп атайды. Бұрынғы Ералиев кеңшарының орталығы Сенектен қалаға қарай жолға шыққанда біраз жерден көзге шалынатын, биіктігі 4 метрдей дәу қайрақ тұр. Соны адайлар «Ерсарының қайрағы» дейді». Және де осы аңыз-әңгіменің түбін түптей келіп, «Ол Жантуған деген Құнанорыс адайдың үшінші ұрпағы – Қожамжардың Маман атты қызына үйленген екен» дей келе, Пыштанайға Хиуа ханының жасағына қарсы адайлар қолын басқартып қояды. Әрине, бұл әңгімелер де ел ішіндегі ақсақалдар ауызынан алынған, яғни ауыздан ауызға жеткен әңгімелер. Жазба тарихы дерек жоқтығынан, ізденіс дер кезінде қолға алынбағандықтан, соңғы буын ұрпаққа оқиға мүлде басқа түрде жетеді. «Гөмілен ақабалар, чөгілен юртлар» (Көмілген бұлақтар, шөккен жұрттар) атты Ашхабадтағы «Рух» баспасынан 1992 жылы шыққан Амантаған Бекжановтың кітабында Ерсары туралы нақтыланған деректер бар. Ол атышулы Көроғлыға тарихтағы салор тайпасының көсемі болған Оғыршық алыпқа шөбере болып келеді. Оғыршық алып салор тайпасының бір бөлігімен Иракқа барып, баяндырлармен сыйыспай, одан бір мың үйлі салорлар Шемаханың үстімен Қырымға барып, одан Еділ-Жайық бойына, одан қаңлы халқының Көк тонды билеген еліне келіп, олармен де шекісіп, 300 үй болып Маңғышлаққа жерлескені айтылады. Ерсары баба есімімен түркпен туыстардың жадында қалған Ерсары батырдың, жатқан жері қазақ пен түркпенге ортақ Балқан тау жері. Балқанның ол кезде Абылхан аталғанын, Ерсары бабаның шамамен 1335 жылдары дүниеден өткенін де аталмыш кітап баяндайды. Ал, аңызға бастау болған қайрақтасқа келер болсақ, ол тастың тарихтағы Қаңға дәулетімен байланысты екенін ғалымдар дәлелдеп, бетіндегі рун жазу, түркілік әріптерден «Қаңға» сөзін оқыған. Тарихтағы Қаңға, Кангюй мемлекеті біз қарастырып отырған жағдаяттардан көптеген ғасыр ерте өмір сүрген. Осыған дейін айтылып жүрген Есек атамыздың ғұмыр межелерін 1692-1768 жылдар деу – атамызды өзімізге жақындата түсу әрекетінен туған. Қазақ ғылымында Серікбол ініміз сомдап, іргетасын мызғымайтындай қылып қалап кеткен мифология ғылымына бой ұрмай, баяғы қазақшылық жолмен «тисе – бес, тимесе – жиырма бес», «жоба жобадан артық емес, Қаратаудың салмағы бәлен батпан» делініп тұжырымдалатын ойлардың жемісі. Сондықтан ендігі жердегі ізденістер архивтерде болу керек. Архив болғанда да бергі, қол жететін жердегілер емес, орыстың іргелі қалаларындағы, қазақ жерінің отарлану кезеңіндегі тарихын қозғайтын архивтер. Және бұл жұмыс тиіп қаштылықтағы, науқандықтағы емес, тыңғылықты, жанкешті кейіптегі жұмыс болу керек. Яғни, өмірдегі мақсаты тарихты қаузалау мұратына жалғасқан адам жұмыстануы керек, оны мансап, немесе қызмет орнымен, ақша-атақ қуу мұратымен жалғаған адам емес. Сонда ғана біз Есек мерген жолын түсіндік дей аламыз және ол салған жолды келешек ұрпақтың пайдасына жаратар жоралғылар шығара аламыз.

Сұлтан ҚАДІР

Бейнеу