ҚЫРЫҚҚЫЗҚАЛА – ЕРЛІККЕ ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ
ҚЫРЫҚҚЫЗҚАЛА – ЕРЛІККЕ ҚОЙЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ
1938 жылы ежелгі Хорезм мемлекеті аймағында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілу барысында, Қарақалпақстанның Беруни қаласынан 27 шақырым солтүстікте (қазіргі Еллікқала ауданы, «Қырыққыз» фермер шаруашылық бірлестігі аймағында) біздің дәуіріміздің ІІІ-VI ғасырына жататын және сол дәуірде адамдар тұрған Қырыққызқала атты қалашық табылды. Қаланы зерттеген ғалымдар «Қырыққызқала» қорғаныс қамалы болған және Хорезм мемлекетінің солтүстік-шығыс шекарасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін салынған» деген байламға келді.
Бекініс-қала төртбұрышты пішінде тегіс, кішілеу төбеге салынған. Қамалдың қарсы қабырғаларының аралығы өте жақын, алып тұрған аумағының өлшемі – 65х65 шаршы метр көлемінде болған. Қамал қабырғаларының ішкі жағынан қамал қорғаушы жауынгерлерге арналған екі текшелі орындар ойып салынған.
Қаланы зерттеген академик С.П. Толстовтың айтуына қарағанда, ІІІ-IV ғасырларда адамдар тіршілік еткен бұл қаланың құрылысы жақсы жасалған, дуалдары негізінен шикі кірпіштен қаланып, мықты болуы үшін қышпен қапталған. Қазба жұмыстары барысында қаланың орнынан қыш қалдықтарының көптеп табылу – қыштың құрылыс материалдары ретінде молынан пайдаланылғандығынан дерек береді.
Қаланың оңтүстік жағында 30-50 метр жерден орналасқан бірнеше бөлмелі үйдің орнынан үйілген шлак, темір қалдығы және темір ерітетін пеш табылған. Е.Е. Неразиктің көрсетуінше, Қырыққызқаланың оңтүстік-батысы тұсынан 3 шақырым жерден VII-VIII ғасырларда темірмен жұмыс істеген, көлемі 12х13 метр ұстахананың орны табылған (Неразик Е.Е. Сельские поселения Афригадского Хорезма. Москва, «Наука», 1966, стр.101). Демек, бұл қаланың тұрғындары түрлі металдардан әртүрлі бұйымдар жасаумен айналысқан деуге болады. Соның бір дәлеліндей осы қаланың орнынан 1984 жылы іші мыс теңгеге толы көзе табылды. Топырақ пен ылғалдың әсерінен майда ұнтаққа айналып кеткен екен, алайда солардың арасында қарайып, тот басқан бір мыс теңге осы күнге аман жетті. Теңгенің алдыңғы бетінде Хорезм патшасының оң жаққа қарап тұрған сақалсыз суреті көрінеді. Патшаның басына киген екі бұрышты тәжі шығып келе жатқан күнге ұқсатып берілсе, үстіне жаңа туған айдың бейнесі салынған. Ал, теңгенің артқы бетіне парсы батыры Сияуштың бейнесі бедерленіп, ол мінген аттың басы Сияушқа қайрылып қарап, оның алдында дутарға ұқсас музыкалық аспапта музыка ойнап тұрған жас әйелдің бейнесі берілген. (С.П.Толстов өзінің «Древний Хорезм» атты кітабында Хорезм теңгелерінің сақалсыз патша бейнеленген нұсқалары V-VІ ғасырға тиісті екендігін жазған болатын). Демек, бұл деректер Қырыққызқаланың бір кезде тек әскери бекініс қана емес, мәдениеті мен өркениеті дамыған шырайлы шаһар болғанын байқатады.
Сонымен, Қарақалпақстанның оңтүстігіндегі Қырыққызқала туралы қысқаша дерек осындай. Дегенмен, осы аттас қала мен елді мекендердің Өзбекстанның Сұрхандария қаласы аумағында және Әзірбайжан елінде және Қазақстанның оңтүстігінде Қазығұрт аймағында бар екені мәлім.
Ендігі бір айта кетер нәрсе – Қырыққызқала тарихы мен атауына қаншалықты қатысы барын кім білсін, бірақ ел аузында осы қаланың атына байланысты аңыздар мен жырлар өте көп, соның көбісінде ел қорғаған қырық батыр қыз туралы оқиға желісі бар. Сол көп шығармалардың ішіндегі ең көркемі әрі көлемдісі қарақалпақ халқының батырлық дастаны «Қырыққыз». Көлемі 10 мың жолдан асатын бұл дастанда Гүлайым бастаған қырық қыздың ерлігі жырланады. Жырда «Аз ноғайлы елінде, Алымханның билігінде, Жаңадария бойында, Саркоп деген қалада, түп атасы қаңлы, Бурабай деген байдың» ақылына көркі сай Гүлайым атты қызының он сегізге толғанда даңқы шығып, халықтың қамын ойлайтын батыр қыз болғаны айтылады. Сол Гүлайым күндердің күнінде әкесіне «өзінде батырлықтың нышаны барлығын» айтып, үш тілегін айтады: бірінші, «малға қызығып, біреуге ұзата салмауын», екінші, «басына бостандық сыйлап, бес қаруын түгелдеп, ел қорғауға дайын болуына жағдай жасауын», үшінші, «жаудан қорғану үшін Қаратаудың баурайынан қала салып беруін» өтінеді. Оған әкесі Бурабай ашуланып. «о заманда, бұ заман әйел атқа мініп, жаумен алысып абырой тауып па еді? Тым болмаса қалыңыңа тоқсан буаз мал алғызып, әкеңе пайдаңды тигізбейсің бе? Шайтанның жолына түспе, райыңнан қайт!», – деп ұрсады. Бұған Гүлайымның ашуы келіп: «Самның қызы Тәрмар набат, Мысырды билеген Балхия, сол сияқты Шаҳрухия, Анафия, Айпарша, Төребек ханум сияқты әйел затынан шыққан жаужүрек батырлар халқына қорған болмады ма? Солардан менің қай жерім кем? Олай қырсығып, керітартпалық қылғанша, батаңызды беріп, жолымды ашып, айтқан өтінішімді орындаңыз» деп қасқиып тұрып алады. Жалғыз қызының алған бетінен қайтпайтынына көзі жеткен. алты қатын алса да бір ұлға зар болған Бурабай «құдайдан ұл сұрап, ол дүниеге келсе иеленер деп сайлап қойған бес қаруын, мың жылқыдан тауып, бақтырып қойған Қарагер атты тұлпарды» Гүлайымға сыйлап, Саркоп деген жерге қала салып беруге уәде береді. Әкесінің ақ батасын алып, ойындағысы орындалған Гүлайым қасына өзі сынды жаужүрек аруларды жинап, оларды да қаруландырып, өз жасағын құрып, оларға «қырыққыз» деп ат береді. Сөйтіп жүргенде жасы сексенге келген Бурабай қарт түс көріп, түсінен шошып, оны ел-жұрты алдында қызына жеткізіп, «құбыладан бір дауыл есіп, бәрін қиратып келе жатқанын» баяндайды. Бұл қалмақтың ханы Елексан екенін, оның түбінде бұл елге соғыс ашпай тынбайтынын жеткізеді.
Қаратаудың баурайына салынған қала «Қырыққыз» атанып, оны салдырған Гүлайымның даңқы шартарапқа жетеді. Оны жеңіп, әйелдікке аламын деген талай хандар жеңіліс табады. Талай-талай шайқасты бастан кешіреді.
Он бөлімнен тұратын дастанда Гүлайымның осындай ерліктері баяндалады. Ақыр аяғында баяғы «Елексан ханды жеңіп, халқын дұшпанның қаупінен құтқарып, Қыран батырмен бас қосып, небір сындарда қасында болған қырық қызға рұқсат береді. Өзі салған қалада бақытты тұрмыс кешеді деп аяқталады «Қырыққыз» дастаны.
«Қырыққыз» – қарақалпақ халқының батырлық дастаны. Оның бірнеше нұсқасы бар. Соның көлемдісі – профессор Қабыл Мақсетовтың Қыяс жыраудан жазып алған нұсқасы. Дегенмен бұл дастанның шөмекей Жарылқап жырау жырлаған қазақша нұсқасы да болғанын айта кетуіміз керек. Яғни Қырыққыз аңызы қазаққа да жат емес. Қырыққызқала тұрған аймақты атамзаманнан бері қазақтар мекендеп келе жатқаны да көңілге ой салады.
Бұл күнде баяғы даңқы аңыздарға сіңіп, шын тарихы ғасырлар қойнауына жасырынып, жұмбаққа айналып, айбарлы ғимараттарынан замана мүжіген дуалдың қалдықтары ғана қалған Қырыққызқала – Отансүйгіш арулардың құрметіне қойылған ескерткіш екені даусыз. Оны батыр қыздар жайлы ел аузындағы жыр-аңыздар да, қаланы зерттеген ғалымдардың ой-пікірлері де жоққа шығармайды.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ