БАҒДАРЛАМАДАН ТУҒАН МҮМКІНДІК
БАҒДАРЛАМАДАН ТУҒАН МҮМКІНДІК
Термомодернизация бағдарламасының аясында ағымдағы жылы Шығыс Қазақстан облысының Зырян ауданында 11 көп қабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Бағдарламаның негізгі мақсаты – көп қабатты тұрғын үйлерге күрделі жөндеу жүргізу. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттен бөлінген қаражатты тұрғындар жеті жыл ішінде қайтаруға тиіс. Кейбір жағдайда қаражатты қайтару мерзімі он бес жылға дейін созылады. Бұл ретте мемлекет тарапынан пайызсыз несие де қарастырылған. Бағдарлама барысында коммуналдық инфроқұрылым желілерін жаңғырту, жалпы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары да жүзеге асады.
Зырян ауданының тұрғындары да осы бағдарлама аясында үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуде. 2012 жылы алғаш рет осы бағдарлама негізінде Зырян қаласындағы Ленин көшесінің бойындағы 75-үйдегі 18 пәтерлі тұрғын үйге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы жылдың 11 шілдесінде басталған жөндеу жұмыстары бір айдан кейін аяқталған болатын. Осы мерзім аралығында шатыр, үйдің алды, кіреберіс, су және жылумен жабдықтау кәріз жүйелері қайта қалпына келтірілді. Жұмыстың қаражаттық есептегі шығыны 43 999,856 теңге көлемінде. Бұл тұрғындардың келісімі негізінде жасалған жұмыстардың бірі.
Бұл бағдарлама аясындағы жұмыстар 2013 жылы да жалғасты. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 2013 жылы Зырян қаласында 3 үй, Серебрянск қаласы мен Октябрск кентінде бір-бір үй жөндеуден өтті.
Берілген мүмкіндіктің арқасында аудандағы 5 үй жөндеуден өткізіліп, сол үйде тұрып жатқан әрбір азаматтың қамсыз ұйықтауына жағдай жасалды.
«Зырян ауданының тұрғын үй инспекциясы» ММ басшысы Валентина Шмелева бағдарламаның өрісі анағұрлым кеңігенін айтады. Бүгінгі күні аталған бағдарлама аясында үйлеріне жөндеу жүргізуге ниетті азаматтардың саны артып отырғандығын да атап өтті. Дегенмен бөлінетін қаражаттың аздығын барлығына бірдей жетпейтіндігін де жасырып қалмады.
Бүгінгі таңда Зырян қаласындағы 10 үйге жөндеу жүргізу үшін 117 938 млн. мың теңге көлеміндегі қаражатқа орай келісімшарт жасалып, жөндеу жұмыстары басталып кеткен. Сонымен қатар Серебрянск қаласында да бір үйге жөндеу жүргізу жоспарда бар. Міне, осындай ауқымды істерді атқаруда, жалпы Зырян ауданында жүзеге асып жатқан бағдарлама аясында аудан әкімі Ермак Сәлімовтің атқарып жатқан еңбегі елеулі. «Термомодернизация бағдарламасы алғашында тұрғындар үшін жат әрі түсініксіз болған болар. Дегенмен жүргізілген, тіпті, күні бүгінге дейін іске асырылып келе жатқан түсіндіру жұмысынан бастап тиісті құжаттарды рәсімдеу, арнайы тексеру қорытындысының шешімін дер кезінде шығару, ең бастысы, қолға алынған, атқарылған жұмысқа беріліп отырған кепілдіктің барлығы кез келген тұрғынның көңілінен шықты. Әрине, біздің мақсат – тұрғындарымыздың жылы үйде, жөнделген үйде, көрікті қалада тұрғандары және де соған қол жеткізе білу. Сонымен қатар, бағдарламаның талабына сәйкес жөндеу жұмыстарына ниет білдіргендердің қайырымдылығы, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға талапқа сай, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Бұл да жанұя үшін үлкен мүмкіндік. Жалпы, ауданымыздың тынысының қарқыны үдей түсу үшін талмай еңбек етуіміз керек», – дейді Зырян ауданының әкімі Ермак Сәлімов мырза.
Жақын арада белгіленген үйлердің барлығына да жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал жөндеу жұмысының түрі мен қаражаты тұрғындардың келісімімен ғана бекітіледі.
Термомодернизация бағдарламасының арқасында үйлеріне жөндеу жүргізген аудан тұрғындары да қуанышты. Тұрғын үйіне жөндеу жүргізуге шешім қабылдаған Қайыпов көшесі, №28 үйдің тұрғыны Наталья Смирнова: «Осы бағдарламаның арқасында үйіме жөндеу жұмыстары жүретін болды. Бұл – біздер үшін үлкен қуаныш, әрі мүмкіндік. Бірден ақысын төлеп, жөндеу ісімен айналысу мүмкін емес-ақ. Осы орайда несие негізінде жыл сайын төлеу біздер үшін қолайлы. Және жүргізілетін жөндеу жұмыстарына 3 жылдық мерзімге дейін кепілдік беріліп отыр», – дейді.
Бағдарламаның тиімді әрі қарқынды қолданыста болуы – үлкен жетістік. Облыс бойынша бағдарлама негізінде тұрғындар тарапынан төленуі керек несие есебі де уақытында төленіп, өзге аймақтармен салыстырғанда 107 пайызға дейінгі көрсеткішке жеткен.
Ж. Баққондыұлы