Жаңалықтар

БАҒЗЫДАН ЖЕТКЕН БЕКЗАТ ӨНЕР

ашық дереккөзі

БАҒЗЫДАН ЖЕТКЕН БЕКЗАТ ӨНЕР

Есте жоқ ескі заманнан келе жатқан халқымыздың ғажап өнерінің бірі – құсбегілік. Біз аңшылық өнердің бір қыры деп білетін бұл өнерді бағзыда бабаларымыз ел күзетіне, жер қорғауға пайдаланса, заман өте келе сал-сері, аңшылардың құралына ғана айналған. Келе-келе осынау асыл өнер пұшайман күйге түсіп, бүгіндері шалажансар күн кешуде. Құсбегілікті алғаш зерттеген академик Әлкей Марғұлан еді. Аса көрнекті ғалым: «Бұл – ұлы мәдениетіміздің зерттелмей тұрған ұлы тарауларының бірі», – деген болатын. Осыдан бір ғасыр бұрын Әлкей Марғұлан қаққан дабыл әлі тыншыған жоқ. Бұл өнердің белгілі бір жанашырлары болмаса, ұлттық, мемлекеттік тұрғыда әлі күнге қамқорлыққа алынған емес.

Ел аузындағы аңыз бен белгілі зерт­теу­шілердің айтуы бойынша құсбегіліктің 3 мың жылдық тарихы бар. Қытайды үрей­лен­дірген ғұн халқының патшаларына Қыран Баба титулы берілетін болған. Көне тү­рік аңыздарында қыран құс айдаһардың да мысын басады. Бұдан байқайтынымыз – құсбегілік ғұн бабаларымыздың тұсында да ұлттық өнеріміз болған. Құсбегілікті Еуро­па­ға да апарған Еділ патша бастаған осы ғұндар.

2005 жылы қыркүйек айында Абу-Дабиде өт­кен «Саятшылық: бүкіләлемдік мұра» симпо­зиумында әрқилы пікір айтылды. Біреу құсбегіліктің отанын моңғол даласы десе, енді біреу парсы елі деді. Үшіншісі жырт­қыш құспен саятшылық құру Тұран мен Парсы елдерінде бір мезгілде пайда болып, қатар дамыған деді. Алға тартқан парсы тіліндегі құжаттық деректерде жыртқыш құстарды алғаш рет Зороастраға дейін екі мың жыл бұрын Пишдадид (Pishdadid) династиясының патшасы Тахмоореттің (Tahmooreth) пайдаланғаны айтылады. Бұл айғақ құсбегіліктің тарихын 10 мың жылға дейін ұзартады. Жыртқыш құсты аңға салу жайлы алғашқы кітап ХІІ ғасырда парсы елінде Насереддин шахтың тапсырмасы бойынша жазылған дейді. Ол кітап кейіннен ағылшын, француз, неміс тілдеріне аударылған көрінеді.

Орхон өзені, Өтүкен өңірінде жүргізілген археологиялық жұмыстың нәтижесі тағы бір дәлелге айналды. Мүсін тастардан белгілі болғандай, көк түріктердің ұлы қағандары Елтеріс Құтылық қаған мен оның ұлы Күлтегін самұрықтың бейнесі салынған тәж киген. Құс салып, аң аулау Түрік империясын гүлдендірген Құтылық қағанның інісі Қапаған қағанның сүйікті ісі болған. Бұл жөнінде жазушы, ғалым Тұрсынхан Зәкенұлының «Мәңгітас» атты тарихи еңбегінде терең суреттелген (Алматы, 2012. «Мәңгітас» 469-бет).

«Диуани луғат ат-түрік» атты еңбегінде Махмұт Қашқари:

«…Құлан киік аулатып,

тамаша қылып қуансам.

Асауды мініп тулатып,

…итке (тазыға) киік қайыртып,

ұстап соны бір тынсам,

аңға барып құс салсам», – деп толғайды. 

Италиялық Марко Поло, ресейлік Николай Карамзин, поляк Адольф Янушкевич секілді зерттеушілердің еңбектеріне сәйкес бекзада өнер болған құсбегілік Еуропа елдеріне орта ғасырларда ғана тараған. Құбылай ханның (1254-1324) қол астында 15 жыл қызмет еткен саяхатшы Марко Поло естелігінің жөні тіптен бөлек. Сол еңбекте Құбылай ханның саятшылық мақсатында қолға үйреткен 500 аң сұңқары мен өзге де қыран құстары және оларды баптайтын 10 мың құсбегісінің болғаны айтылады. Тарихта Шыңғыс ханның 3 мың бүркіт, 2 мың қаршыға, 12 мың сұңқар ұстағаны, ал қазіргі қазақ даласын билеген Жошы ханның 300 бүркітшісі, Абылай ханның 500 бүркіт пен 300 қаршыға, сұңқар ұстағаны, екі жүз нөкерімен аңға шыққандығы туралы деректер бар. Орта ғасырларда Орталық Азия мен Қазақстан, Қырым, Еділ бойын билеген патшалар мен хандар да өз сарайларында арнайы құсбегілер ұстаған. Олар сарай қызметкерлерінің құрметтісі саналған. Негізінен хан сарайындағы құсбегілік қызметке ақсүйектер, бектер, әмірлер тағайындалған. Осының бәрі бізге құсбегіліктің ғұн, түркі дәуірлерінен бері келе жатқан бекзада өнер екенін айғақтап тұр.

Ел ішінде ит жүгіртіп, құс салған, қақпан-тұзақ құрып, тор жайған атақты аңшылар болған. Кейде солар бас қосып, аңға бірге шыққан екен. Көшпелілер арасында бүкіл ру-тайпа болып қотарыла көтеріліп, байтақ өңірді қаумаласа сүзіп шығатын аңшылық дәстүр болған. Мұндай жойқын аңшылықтың ізі Қазақстандағы Үстірт үстіндегі «құпия сызық» деп жүрген әйгілі қалта ауыз ұра қазбаларда, сондай-ақ кезінде Шоқан Уәлиханов таңдана жазған Іле өзені мен Тарбағатай арасындағы ұрада жатыр.

ХVІІІ ғасырда құсбегілігімен мәшһүр болған жалайыр Шораның аты аңызға айналды. Қыран бүркіт: «Көкке шықсам қанатым талады, жерге түссем жалайыр Шора алады» дейді деген халық аузында қалған сөз бар.

ХVІІІ-ХІХ ғасырларда башқұр аңшылары Оралдың ақ иығы мен сібір суығына төзімді шудалы қырандарды Орал тауынан ұстап, Орынбор, Уфа, Троицк қаласында өтетін жәрмеңкеде қазақ саятшыларына ең қымбат бағамен сататын болған екен. Ал енді, патшалық Ресей мен кеңес өкіметі кезіндегі құсбегіліктің жағдайы бәрімізге белгілі. Қоластындағы елді тұқыртып, отарлауды, уысынан шығармауды ғана көздеген өкімет көне дәуірден тамыр тартқан рухани мұраларымыз бен өнерімізді қайтсін?! Тек құсбегілік қанына сіңген белгілі бір қазақтардың ғана арқасында осынау асыл өнеріміз бүгінгі күнге өшіп кетпей, аман жетті.

Бүгінгі таңда еліміздің әр түкпіріндегі бірді-екілі құсбегілеріміз мемлекеттен қамқорлық көрмесе де, өнерді өлтірмеуге атсалысып келеді. Әсіресе Орталық және Шығыс Қазақстан өңірлерінде бұл өнер ерекше дамыған.

Бәлкім құсбегілік бір кездері көшпе­лі­­лердің ғана ұлттық ерекшелігі болған шы­ғар, ал қазір бұл өнер әлемге ортақ бо­лып тұр. ЮНЕСКО назарға алған осы­нау өнермен әлемнің 77 мемлекеті айна­лысады. Сондықтан құсбегілікті қазір бір ұлтқа, не елге ғана телу мүмкін емес. Құсбегілердің халықаралық қауымдастығына мүше мемлекеттер саны көп-ақ. Олар: Австрия, АҚШ, Аргентина, БАӘ, Бельгия, Венгрия, Германия, Голландия, Ирландия, Италия, Испания, Жапония, Канада, Катар, Қазақстан, Литва, Марокко, Мексика, Намибия, ОАР, Перу, Польша, Португалия, Сербия, Словакия, Словения, Хорватия, Чехия, Франция, Швейцария, Ұлыбритания. Бұлардан бөлек, қауымдастырылған мүше, мүше-корреспондент, тірек элементі, бақылаушы мәртебесіндегі өзге де елдер бар. Бір замандарда құсбегілікті ғұннан үйренген еуропалықтар бүгінде өзімізге ақыл айтып отыр. Олардың бұл салада алға шыққаны сондай, құс баптаудың бұрын-соңды қазақ естіп-білмеген тәсілдерін тапқан. Олардың құсбегілік ұйымдары, интернеттік сайттары қаншама, өткізіп жатқан жиындары есепсіз. Ендігі жерде қазаққа құсбегілікті солардан үйренуге тура келіп тұр. Дүние кезек деген осы да.

Алайда не десек те, еңсемізді көтеріп тұратын бір шындық бар. Өзге жұрттар тырнақты жыртқыш құстардың шағындарын баптағанды тәуір көреді. Ал олардың ірісі бүркіт жарықтық түркі жұртының ғана қолына қонақтаған. Бүркіт 25-30 жыл өмір сүреді. Атам қазақ 1 жастағысын – балапан, 2 жастағысын – тірнек, 3 жаста – тас­түлек (қантүбіт), 4 жаста – ана (ұя сала­тындығына байланысты), 5 жаста – мұз­балақ, 6 жаста – көктүбіт, 7 жас – қана (құмтүлек), 8 жас – жаңа, 9 жас – май­түбіт (қоңыртүлек), 10 жас – барын (кәрі түлек), 11 жас – баршын (ақ түлек), 12 жас – шөгел (ақыр түлек) деп жіктеп, әр кезеңнің өзіндік ерекшелігі мен соған баптап-күтудің жолдарын жақсы білген. Кей жерде 12 жастағысын «баршын» деп жатады. Қазақтың «балапаннан баршынға дейін» деп сөйлейтіні осыдан. Қыран құстардың жас атаулары да аймақтарына қарай әртүрлі. Соған байланысты ғалымдардың тізбектеген жас атаулары да әр басқа. Байқап тұрсақ, жас атаулары құстың өсім қабілеті мен түлеген соң қауырсындарының өң-түсінің өзгеруіне байланысты. Бір мүшелге жеткен құс баршындап, қайраты қайтады, қимылы бәсеңдеп, кәрі шөгелге айналады деп санаған. Бүркіттің аяғындағы 4 саусағының да жеке-жеке атауы бар: артқысы – тегеуріні, ішкісі – жембасар, ортаңғысы – сығымы, шеткісі – шеңгелі. Әлкей Марғұланның зерттеуінше, қазақ тілінде тікелей бүркітке қатысты 1,5 мыңдай ұғым бар. Бүркітке қатысты емін-еркін ұзын-сонар әңгімелей беруге болады, бірақ оның қажеті шамалы. Себебі қалай алу, баптау, аңға салу керек, оның барлығын этнограф, ғалым Ақселеу Сейдімбек «Бүркіт» атты этнографиялық әңгімесінде тәптіштеп, егжей-тегжейлі жазып кеткен.

Бұдан шығаратын қорытынды сол, біз әзірге қазақ, қырғыз, моңғол даласына ғана тән болып отырған бүркітшілікті ұлттық брендімізге айналдыруға мүмкіншілігіміз бар. Ол үшін ең алдымен еліміздегі бүркіт санының кемімеуін қадағалауымыз керек. Заңсыз жолмен жүзеге асып жатқан құс саудасы бүркіт балапандарын аман қалдырар емес. Балапанды алушыға да, оны қорғайтын инспекторға да нәпақа керек. Ауыз жаласып ұлттық байлығымызға қол салуда. Бүйте берсе, көп ұзамай қазақ жерінде бүркіт атаулы біржола құрып кетуі бек мүмкін. Осындай келеңсіздіктің алдын алып, бүркітшілікті брендке айналдыру жолында кең ауқымды ғылыми зерттеулер жүріп, арнайы институттар ашылса игі еді. Бұл мәселені мемлекет деңгейінде қолға алған жөн. Қазақ даласында бүркіттен басқа да жыртқыш құстардың барлық дерлік түрі бар. Қазақ бүркітті түлкіге, мықтаса бөріге салған, ал үйрек-қаз секілді басқа да құстарға ителгі, сұңқар, қаршыға, қырғи, күйкентай тәрізді шағындау құстарды салған. Жерімізде бұлардан басқа тұрымтай, жағалтай, кезқұйрық, лашын, тұйғын сияқты көптеген жыртқыш құстың түрлері кең таралған. Мұндай шағын құстарды баулу араб елдері мен Еуропада кең етек алған. Осындай шағын құстарды баулитын біздің құсбегілерге демеу болса, олар дүниежүзілік деңгейге шығуға мүмкіндік алар еді.

Жанар ӘБСАДЫҚ