Жаңалықтар

БОДАНДЫҚҚА БАС ҰРМАҒАНДАР

ашық дереккөзі

БОДАНДЫҚҚА БАС ҰРМАҒАНДАР

Халықаралық «Түркістан» газетінде осыған дейін «Бодандыққа бас ұрмағандар» деген атпен көлемді мақала жарияланған болатын («Түркістан» газеті № 34, 28 тамыз, 2014 ж.). Көп мәселе қозғалды. Кейінгі жастар кеңес өкіметі кезінде қалыптасқан ахуалдан мүлде бейхабар. Кезінде жергілікті кадрлар, анығын айтсақ, қазақ мамандарын екінші сортты санап, олар қандай терең білімді, кәсіби деңгейі жоғары маман болғандығына қарамастан қызмет сатысында өсірмеу, қолдан кедергілер жасау, басшы орындарға өзге ұлт өкілдерін, көбіне орыс адамдарын тағайындау және олардың қолына шексіз билік жинақтаудың барлық жерде қалыпты жағдай саналғанын 30-35 жастағылар біле бермейді. Олар үшін бұл мүлдем мүмкін емес жағдай сияқты көрінері рас. Ал ең өкініштісі, қазір қолына қалам ұстап, түрлі басылымдарда өткен уақыт – кеңес өкіметі тұсындағы жағдайды жазушылардың көбі сол бір кезеңді, қазақ халқының қолына бодандық бұғауы салынған бейқұт кезеңді мейлінше ғажайып кезең, тамаша бір уақыт, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман деп тамсанып суреттеуден табан тайдырар емес. Ал ол кезеңнің шындығы мүлдем басқан еді, әлгі коммунистік, құлдық санадан құтыла алмағандардың қаламынан туған әдемі көріністерге мүлдем кереғар болатын…Сонымен газеттің бұрынғы нөмі­­­р­­ін­­де айт­­қанымыздай, сонау Кентау жақта нағыз ұлтжанды, шынымен ержүрек 45 тау-кен инженерлері, техниктер, қарапайым жұмысшылар осыған дейін қазақ даласында ешкімнің батылы жетпеген іске белдерін бекем байлады. Алған бет­терінен қайтпасқа анттасты. Өйтетін жөндері де бар. Өйткені бұлар­дың бәрін қамауға алып, бәрін де ұлтшыл деп айыптап, қараңғы қапасқа тоғыту оп-оңай. Ал алыс Алматыға, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.А. Қонаевтың қолына бәрі жиналып жазған хатты, «Ачполиметалл» комбинатында қалыптасқан ащы шындық, нәсілдік кемсітушілік, өктемдік және тоңмойын саясат туралы жазылған арызды жолай ешкімнің қолына түсірмей аман-сау жет­кізу қиынның қиыны. Тура ол кісінің қолына жеткізе ала ма? Хатты тапсырған күнде де бәрінің жүрегін сыздатқан жайттар жазылған бұл хатпен танысуға ол кісінің уақыты бола ма, әлде маңайындағыларға, көп көмекшілерінің біріне ысыра сала ма? Тіпті, танысқан күннің өзінде мәселеге үстірт қарап, бұлардың өз­дерін ұлтшыл деп айыптап, бәрін де тұтқындауға, үндерін шығармай тар түр­меге қамап, осы күндеріне зар қылуға бұйрық берсе ше? Ал одан төменгі әпербақан коммунистер, облыс деңгейіндегі шаш ал десе, бас алатындар бұларды, көзі ашыл­ған, ұлттық намысы оянған қазақ инженерлерін аяй қояр деймісің?! 

Қараңғы түндерде құпия орындар мен жасырын пәтерлерде бас қосып, осылардың бәрін жан-жақ­ты талқылауға салып жүргендер қазақтар өз өмірлерін тәуекелге тігіп жүргендерін жақсы білетін. КГБ-ның қолына түссе-ақ, бәрі де көзі­нен тізілген балықтай темір тордың тасасынан шығатыны айдан анық. Ал КСРО бойынша ең қуатты, әлемде теңдесі жоқ өндіріс орны саналатын, қорғаныстық маңызы зор стратегиялық нысан – комбинат төңірегінде КГБ-ның көзге көрін­бейтін қызметкерлері үймелесіп жүргені айдан анық. Бірақ бұдан ары шыдауға мүмкіндік те жоқ. Қой екеш қой да бауыздағанда тұяғын серпеді, шоршып түседі. Сондықтан олар комбинаттағы жағдайды ақ қағазға түсіре берді. Бұл жазбалар кейінірек партия комиссиясының анықтамасында да қаз-қалпында орын алды. «Комбинат басшылығының кадр­ларды, оның ішінде байырғы өкілдерін жоғарылатудағы объективті еместігін мына төмендегі мысалдардан көруге болады», – делінген онда.

«Матусевич В.В. – 1935 жылы туған, партияда жоқ, 1958 жылы Қазақ тау-кен – металлургия институ­тын бітірген. Алғашында флотация шебері, одан соң аға мастер, бас инженер болып тағайындалған, қазір Мырғалымсай кен байыту фабрикасының бастығы болып қыз­мет атқаруда, яғни 6 жыл 9 айда өндіріс орнының бастығы деңгейіне көтерілді. Ол өзін тәп-тәуір өндірісші ретінде таныта білгенімен, өкінішке қарай, тәжірибелі бұқара тәрбиешісі ретінде қалыптаса алған жоқ.

Сейілханов К., – 1931 жылы туған, 1959 жылдан КПСС мүшесі, 1954 жылы Мәскеу түрлі-түсті металл және алтын институтын инженер­-­байытушы мамандығы бойынша бітірген. 1954 жылы қызметін ауы­сым шебері ретінде бастап, комбинат басшылығы сауатты, іскер белсенді маман ретінде бағалап отырғандығына қарамастан, ол 11 жылда бар болғаны Мырғалымсай кен-байыту фабрикасының аға шеберлігіне ғана көтерілген. 

Андрианов Е.А. – 1935 жылы туған, партияда жоқ, 1958 жылы Ленинград тау-кен институтын инженер-байытушы мамандығы бойынша тәмамдаған. 1958 жылы қызметін фабриканың ауысым бастығы болып бастап, 6 жыл 8 айда Хантағы кен-байыту фабрикасының бастығы деңгейіне дейін көтерілді.

Жаппаров А. – 1933 жылы туған, партияда жоқ, 1955 жылы Қазақ тау-кен – металлургиялық институ­тын инженер-металлург мамандығы бойын­ша бітірген. 1955 жылы кен байыту фабрикасының ауысым бастығы болып еңбек ете бастаған ол мақталып жүргеніне қарамастан, 10 жылда Мырғалымсай кен байыту фабрика­сының аға мастері деңгейіне дейін ғана көтерілген.

Жоғары білімі жоқ Крыгин Н.С. 1960 жылдан бастап, 5 жылда бригадирліктен Мырғалымсай шахта құрылыс басқармасының учаске бастығына дейін жоғарылатылған. Ал жас маман Масальский И.А. 1937 жылы туған, партияда жоқ, өз міндеті­не адал болмауына қара­мастан 5 жылда Мырғалымсай кенішінің учаске бастығына дейін жоғарылатылды. Ал бұл уақытта тау-кен инженерлері: Қожабаев Х., Қаржаубаев М., Бегімбетов А., Қалымбетов, Шәріпов К., Әлібеков А., Ахмедов М. және басқалар 1954-57 жылдары жоғары оқу орындарын бітіргендеріне қарамай, тек тау-кен шеберлері болып қана жүр. Оларды жоғарылатуға сәл мүмкіндік туса, комбинат пен кәсіпорын басшылығы олардың жұмыста баяғыда жіберген ұсақ кемшіліктерін еске түсіреді және аталып отырған мамандарды қызмет бойынша өсіруге кедергі болатын жайттарды алға тартып келген.

Тексеру кезінде комбинаттың өндіріс орындарының кейбір басшылары жұмысшыларды жұмысқа қабылдау және жұмыстан шығару кезінде еңбек заңдылығын өрескел бұзатыны анықталды. Мысалы, Мырғалымсай кен-байыту фабрикасының бастығы Матусевич В.В. жұмысқа тұрушылардан өз бетімен математика, химия, физикадан емтихан қабылдауды әдетке айналдырған. Осылайша, орта мектепті бітірген Салиева мен Жұматовадан, 1965 жылы шілдеде қалалық комсомол комитетінің жолдамасымен келген қыздардан математикадан емтихан алып, оларға: «Х+У-ды квадратқа көтер» деген тапсырма берген, одан соң көзбе көз сөйлесіп, жұмысқа қабылдаудан бас тартқан. Тек қалалық комсомол комитетінің араласуынан кейін ғана Матусевич оларды транспортерші және флотатордың шәкірттері етіп қабылдаған. Олардың ізінше орта мектепті бітірген Удачина келгенде, ол ешқандай емтихансыз-ақ фабриканың химиялық лаборатория­сына қабылданған. 

Іскендірова Ш. Хантағы фабрикасында 15 жыл бойы завальщица, реагент болып жұмыс істеген. 1958 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығады. Мүгедектігі алынып тасталған соң, 1964-65 жылдары фабрика басшылығына (Попов, Матусевичке) өзін жұмысқа алу туралы бірнеше рет өтініш жасаған. Жұмысқа алу туралы өтініш аяқсыз қалдырылған, ал осы мезгілде Матусевичке азаматшылар: Густунова М.М. және Ефремиди О.И. зейнеткерлікке дейін фабрикада жұмыс істей тұру үшін өтініш білдіргенде, әлгілер бірден-ақ жұмысқа қабылданады. Ең бастысы, азаматша Ефремиди О.И. разряд бойынша насосчица болып қабылданғанмен, шын мәнінде, шаруашылық бригадасында жұмыс істеуде.

Матусевич В.Б. техник-механик, Ж.Құттыбаевты слесарь етіп қабылдамай, оны ІІ разрядты питательщик етіп қабылдады. Ал ІІ разрядты жөндеу слесарі етіп, ешқандай өндірістік өтілі жоқ 16 жасар Столяров В. деген жасөспірім қабылданған. 

Мұндай жағдайлар фабрикада аз емес, олар Кентау қалалық партия комитетіне жақсы мәлім.

Мырғалымсай кенішінің бастығы Коган И.Ш. соңғы кезге дейін адамдарды жұмысқа жеке өзі қабылдап келген және кадрлар бөлімінің бастығына сыртқы келбетіне қарап» өзі неғұрлым жарамды деп тапқандардың дәрігерлік анықтама алуларын бұйырған, ал қалған адамдарды жұмысқа алудан бас тартқан. Қарамағындағы адамдарға аса дөрекі, өзін жоғары ұстайды, көп жағдайда намысына тиеді, әпербақан, жұмыстан шығарумен қорқытады. Кейбір қызметкерлерге қатысты И.Ш. Коган жете ойланбаған, жеңілтек шешімдер қабылдайды. Мәселен, тап осылайша Р.Лунев, Елисеев, Федосенко, Демидович кезінде жер асты жұмысшылары ретінде қабылданған да, шын мәнінде, олар жер үстінде жұмыс істеген. Бұл фактілер облыстық партия комиссиясының тексеруі кезінде анықталды. Бұл туралы білген И.Ш. Коган жауапкершіліктен құтылу үшін, жіберілген кемшіліктері жөнінде кеніштің бір топ қызметкерлерін айыптаған бұйрық (№220-к, 2-.ІХ.1965 ж.) шығарады. Ал бұл қызметкерлер өздерінің кінәсіздігін дәлелдеуге тырысқанда, И.Ш. Коган бір күннен кейін жазалау туралы өз бұйрығының күшін жойған.

Западный кенішінде (бастығы Федоров М.Ф.) жұмысшыларды қысқартқан кезде көбіне жергілікті ұлт кадрларын жұмыстан шығарды. Атап айтқанда, 1963 жылғы 8 наурыздағы бұйрық бойынша 8 адам қысқартылған, оның 5-і қазақ, осы жылдың 21.ІІІ күнгі бұйрық бойынша 9 адам қысқартылған, оның ішінде 7-і байырғы ұлт өкілдері.

Комбинат кәсіпорындарының, партия ұйымдарының басшылары жұмысқа тұруға тілек білдірушілердің көптігіне қарамастан әйелдерді, оның ішінде қазақ әйелдерін жұмысқа алуға жеткілікті назар аудармайды. Мырғалымсай кенішінде 78 әйел жұмыс істейді, оның 2-і ғана қазақ әйелі; Западный кенішінде – 59, бір­де бір қазақ әйелі жоқ; Мырғалымсай шахта құрылыс басқармасында 53 әйел, қазақтар – 3, химлабораторияда – 40, қазақ әйел жоқ; тұрғын үй-коммуналдық басқармасында 438 әйел жұмыс істейді, небары 69 қазақ әйелі бар, Мырғалымсай кен-байыту фабрикасында 116 әйел, оның бар болғаны 7-і ғана қазақ. 

Западный кенішінде 1964 жылы 38 қазақ әйелдері жұмыстан шығарылған, ал 1965 жылы – 23. Осы уақыт ішінде бір де бір қазақ әйелі жұмысқа қабылданбады. 1962 жылы қайтыс болған озат шахтер, коммунист, кеніште 11 жыл бойы жұмыс істеген Бимырза Дәуленбаевтың кәмелетке толмаған төрт баласымен қалған жесірі Тәшбибі Дәуленбаева кеніштің бастығы М.Ф. Федоровқа, кеніш комитетіне өзін жұмысқа алу туралы өтініш білдірген. Бірақ оның өтініші ешқандай ескерусіз қалдырылды. Соңғы рет Дәуленбаева биылғы жылы өзін балалар бақшасына қабылдауға өтініш білдіреді, бірақ бұл жолы да өтініші аяқсыз қалдырылды, осыған қарамастан бұдан кейін балалар бақшасына бірнеше әйел жұмысқа қабылданған. 

Бимырза Дәуленбаев қайтыс болғаннан кейін кеніш басшылығы ол шахтердың отбасы қалай өмір сүріп жатыр деп бір де бір рет қызығу­шылық танытқан жоқ. 

Комбинатта орын алған жағдай­ларға кадрларды таңдау, тәр­бие­леу және жоғарылату, қызмет­ке тағайындауда партиялық принцип­тің өрескел бұзылуына жол берілуіне айтарлықтай дәрежеде комбинат директоры И.Г. Тараканов кінәлі. Кадрлармен жұмыста орын алған көптеген өрескелдіктерге қарамас­тан, қалыптасқан төзгісіз жағдайды жөндеуге тиімді шараларды қабылдаудың орнына, керісінше, кемшілік жіберген кадрларды бір орыннан екіншісіне ауыстырып, жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан кадрлардың іскерлік қабілеттерін көзге ілмей, әкімгершілікпен, дөрекілік танытып, жұмысшы табынан қол үзіп, жағдайдың одан әрмен тереңдей түсуіне жол ашты. Таракановтың жөнсіз әдеттерінен үлгі алған жекелеген кәсіпорындардың басшы қызметкерлері (Лившиц, Кузнецов, Коган және басқалар) өздерінің тек басшы ғана емес, бұқараны тәрбиелеушілер екенін ұмытып, қарамағындағы кісілерге дөрекілік көрсетеді, адамдардың намысын қорлайды. Мәселен, Мырғалымсай шахта құрылыс басқармасының бас инженері А.А. Кузнецов өз сөздерінде: «Шошқа», «Иіс алмас қой», «Көзі жылтыраған дөңбек», «Тек бала туып, оларды көбейту ғана қолыңыздан келеді», «Кәуек бас есек», т.т. («Свинья», «Баран», «Чурбан с глазами», «Вы способны только детей плодить», «Осел с пустой головой») деген қорлауды үнемі пайдаланады.

Осының бәрі инженер-техника­лық қызметкерлер мен комбинат жұмысшыларының бір бөлігінің арасында көңілі толмастық қалып­тастырды және бұл бір топ маман­дардың Қазақстан КП ОК-нің Президиумына хат жазуына түрткі болған. 

1963 жылдың сәуір айында кадр­ларды таңдау, тағайындау және тәрбиелеу жайы Кентау қалалық партия комитетінің VІІІ пленумында талқыланды. Пленум кадрлармен жұмыста жіберілген өрескел қателіктерді, оның ішінде «Ачполиметалл» комбинатындағы өрескелдіктерді де көрсетіп, партия ұйымдары мен кәсіпорын басшыларынан кадр таңдаудағы лениндік принциптерді қатаң сақтауды, сеніп тапсырылған істі құлдыратқан немесе өз атына кір келтірген қызметкерлерді бір орыннан екінші орынға жиі ауыстырудың жөнсіз әдетін шешімді түрде доғаруды талап етті. Ал 1964 жылдың қазан айында қалалық партия комитетінің V пленумында, қалалық партия ұйымдарында коммунистердің жарғылық талаптарды сақтауы туралы мәселелерді талқылауда «Ачполиметалл» комбинатындағы кадрлармен жұмыстағы айтарлықтай кемшіліктер де атап көрсетілді. Алайда комбинат директоры И.Г. Тараканов, комбинат өндіріс орындарының және бастауыш партия ұйымдарының басшылары өздерінің күнделікті қызметінде бұл шешімдерді басшылыққа алған жоқ, кадрларды дұрыс таңдау, тағайындау және тәрбиелеу мәселесіне айтарлықтай саяси маңыз бермеген.

Қалалық партия комитеті де өз шешімдерінің орындалуын әлсіз қадағалаған. Қабылданған шешімдер ұйымдастырушылық жұмыстармен бекітілмеген, негізгі жұмысты сая­си пісіп-жетілген, тәжірибелі ұйым­дастырушылар мен бұқаралық тәрбиешілер басқаруын, қызметкерді таңдауда саяси және іскерлік қасиеттеріне назар аудару қажеттігі жөніндегі лениндік принциптердің бұлжымай сақталуы жөнінде қажет­ті жұмыстар атқарылмаған. Бұл маңызды мәселе қалалық партия комитетінің бюро мүшесі, комбинат директоры Таракановтың қолына берілген және ол өз ыңғайына қарай атқарумен келген.

Номенклатуралық қызмет­керлердің саяси және іскерлік қасиеттерін зерттеуге үстірт қарау аса күрделі қателіктерге әкеліп соқтыр­ған. Мәселен, тау-кен технигі Кардаш А.М. Западный кенішінің учас­ке бастығы ретінде 1965 жылы жаңа жыл қарсаңында өлімге әкеліп соққан қайғылы оқиғаға жол берген. Бұл үшін ол жұмыстан шығарылып, қылмыстық жазаға тартылуға тиіс болатын. Бірақ сотталмақ түгілі бір айдан соң басқа қызметке ұсынылған – ақпан айында ол кеніш комитетінің төрағалығына сайланды. Қалалық партия комитеті мұндай адамның қатал жазаға тартылуына қол жеткізудің орнына, өзі кейбір жауап­сыз басшылардың жетегінде кетіп, 31 наурыздағы шешімімен Кардашты кеніш комитетінің төрағасы етіп бекіткен.

Қалалық партия комитеті мен комбинат өндіріс орындарының бастауыш партия ұйымдары, атап айтқанда, Мырғалымсай, Западный кеніштері, Мырғалымсай кен байыту фабрикасы, шахта-құрылыс басқармасы өмірді және адамдардың көңіл-күйін зерттеумен нашар айналысады, басқарушы инженер-техникалық кадрларды биік идеялық, адалдық, шыншылдық, тапсырған жұмысты жоғары жауапкершілікпен атқаруға нашар тәрбиелеген.

Мұның бәрі партия-ұйым­дас­тырушылық және партия-саяси жұмыс­тарының жеткілікті жүр­гізіл­­меуінің нәтижесі, қалалық партия комитетінің жергілікті жерлердегі жағдайды білмейтіндігінің көрінісі».

Міне, мемлекеттік комиссияның комбинатта қалыптасқан ахуал туралы ащы шындықты жайып салған анықтамасынан кейін Шымкент облыстық партия комитетінің бюросы шақыртылуға тиіс болғаны түсінікті де. Елдің, жұмысшылардың арасында бұрын-соңды байқалмаған дүрлігіс, көтеріңкі көңіл күй орын алды. Олай болуының жөні де бар, талай жылдан бері намыстары тапталып, жүнжіп жүрген, келімсектердің өктемдігін көп көрген байырғы жұрт еңсесін тіктегендей болды.

1965 жылдың 18 қыркүйегінде өткен Шымкент облыстық партия комитетінің бюросы қазақтың намысын жыртқан, жоғын қуып, жоғалтқанын түгендеген 43 азаматтың толық жеңісімен аяқталды. Өзім білермендікке салынған, қазақтарды көзге ілмеуге әдеттенген, өркөкірек И.Г. Тараканов қызметтен аласталды, оның жандайшаптарының көбі төмендетілді, партиялық сөгіс алды. Қазақ мамандарының қуанышында шек жоқ! Есесіне, бұған дейін шалқақтап жүрген келімсектердің еңсесі түсіп кеткен. Қарапайым қазақтар өздерінің ел екенін, шын ұстасса әділдікке қол жеткізіп, келімсектердің аптығын басуға болатынын ұқты. Кентаудағы осы оқиғадан соң бүкіл Қазақстанда қазақ кадрларына құрметпен қарауды үйренді, олардың еңбегін, білімін бағалау жолға қойылды. Қазақ тарихында осындай күндер де өткен.

  Тәржімалаған 

Жаңабек ШАҒАТАЙ