Жаңалықтар

АЙТУЛЫ ҒАЛЫМ, ҮЛКЕН ҰСТАЗ

ашық дереккөзі

АЙТУЛЫ ҒАЛЫМ, ҮЛКЕН ҰСТАЗ

«Сыйынатын болса өмірде құдірет, сыйынар ем Ана деген Тәңірге» деп Әйел-Анаға бас иген қазақтың тарихында ел анасы атанған, дана да сара әжелеріміз қаншама!… Осы ретте Домалақ Ана, Айша-Бибі, Бопанай ана, Ұлпан, Зере, Айғанымдардың есімін құрметпен айтатынымыз хақ! Олардың қай-қайсысы да ел тізгінін ұстаған азаматтың жан жары, сенімді серігі, арқа сүйер ақылшысы бола білген. Жаны нәзік әйел баласына артылатын жүк қашан да салмақты болған. Алайда құдіреті күшті Тәңірі оған нар көтере алмас жүкті көтеретіндей қайрат сыйлаған!Сол жігерін жұртының игілігіне жұмсап, ел еңсесінің биік болуы үшін пайдалана білу – бүгінгі қоғамымыздың әр саласында жемісті еңбек етіп жүрген қазақ әйелдеріне мирас болып қалғандай. Бүгінде қазақ әйелінің миссиясы бұрынғыдан да ауырлай түскен сияқты. Дегенмен қырлаған сайын жарқырай түсетін гауһар тастың құны ешқашан түспейтіні сияқты, нар жүгін азаматтай арқалайтын нәзік жандар – әйел қауымының абыройы асқақтай беретініне өзіміз де куә болып жүр­міз. 

Өмірді біреу тұңғиық теңізге, біреу сарқырап жатқан асау өзенге, біреу жайылып ағатын дарияға теңейді. Қазақтың танымында сол өмірді жолға теңеу де бар. Сол жолды сүрлеу соқпаққа айналдыра ма, кең арналы даңғылға айналдыра ма – әркімнің өз еншісінде. Белгілі бір жасқа келгенде ақыл тоқтатып, артына қайырыла қараған адам өзінің кімдермен жолдас, кімдермен сапар­лас болғанын, сол «кімдердің» өз жүрегінде қандай орын алатынын бағамдайтын кез болады екен.

Анам «Өмір жолыңда жақсы адамдар кезіксін!» деген тілекті көп айтатын. Сол ақ тілектің орындал­ғаны ма, кім білсін, менің өмір жолымда да шын мәнінде жақсы адамдар көп кездесіпті. Солардың ішінде көңіліме ерекше ыстық, өмірімде айрықша орын алатын бір ғазиз жан туралы ой бөліскім келіп отыр. Ол – отбасын, жұмысын, ғылы­мын бір арнаға тоғыстыра білген аяулы Ана, асыл жар, ұлағатты ұстаз бола білген академик Рәбиға Ғалиқызы Сыздықова. Академик Рәбиға Сыздық есімі ғылым, білім саласында жүрген әріптестеріне, замандастарына, ізбасарларына ғана емес, жалпы қазақ жұртына етене таныс. Ғалым Абай шығармаларының тілі («Абайдың сөз өрнегі»,«Абай өлең­дерінің құрылысы»), сөздердің түп төркіні («Сөздер сөйлейді», «Қазақ тіліндегі ескіліктер мен жаңалықтар»), жазба түркі ескерткіштерінің тілі («Яссауи Хикметтерінің тілі», Жала­йыр руынан шыққан Қадырғали бидің «Жылнамалар жинағының тілі»), қазақ әдеби тілінің бес ғасырлық тарихы, қазақ өлеңдері мен әңгіме-романдарының көркемдік стилі, сөз мәдениеті (жазу, сөзді дұрыс айту), қазақ тіл білімінің негізін қалау­шылар Ахмет Байтұрсынов пен Құдайберген Жұбановтың өмірлері мен шығармалары туралы қомақты еңбектер жазды. Бұл туралы айтылып та, жазылып та жүр. Мен апайдың шәкір­ті болу бақыты бұйырған адам ретінде ол кісінің көпшілік біле бер­мейтін, өзім куә болған әйел, ана, ұстаз ретіндегі қырларын көрсететін адами тұлғасын тілге тиек еткім келеді. 

Ұстазыммен танысқанымызға 25 жыл өтсе де, алғаш кездескен сәтіміз көз алдымда. Қарапайымдылық, жауап­кершілік, еңбекқорлық, ғылым­ға деген адалдық, адамға деген қамқор­лық сияқты қасиеттер ұлағатты ұс­таз­дың адами тұлғасының бір ғана қырын сипаттайды. Тарқатып айтар болсақ, атағы жер жарған ака­демик болғанымен, апайдың ал­ды­на келген үлкен-кішіге бірдей құрмет­пен қарауы қарапайымдылығы болса, қандай жұмысты болса да, мейлі ол диссертация немесе мақала бол­сын, әр сөйлемін екшеп, үтір, нүктесіне дейін жөндеп, түзетіп барып жарық­қа шығаратыны, ешқашан бір қайнауы ішінде деген жұмысты баспаға, қорғауға жібермей, толық оқып, кем-кетігін түзеп, толыққанды жұмыс деңгейіне жеткенде ғана рұқсат етуі бір жағынан, жетекшінің үлкен жауапкершілігін көрсетсе, екінші жағынан, ғылымға деген адалдығын айғақтайды. Дәл осы принципті Рәбиға апай өмірде де ұстанады. Мұны шәкірттеріне үнемі айтып отыратын «Бір тақырыпты қолға алсаң, егжей-тегжейлі зерттеп, оң нәтижесін көрсете біл. Дүниеге ұрпақ әкелсең, оны өзіңнен жоғары қой. Себебі оның бүкіл өміріне, тағдырына сен жауаптысың. Тұрмысқа шықтың екен, сол жігіттің қара басын хан ететін де сенсің»  деген сияқты ақыл-кеңестері әрбір шәкіртінің өмір жолына дұрыс жол сілтейтін бағдаршам іспеттес. Қыз баланың өмірлік миссиясы – жар сүю, ана болу деген қазақы менталитеттің өзегін құрайтын идеяны ұстазымыз бірінші орынға қояды. «Сен – ең алдымен әйелсің, сол әйелдік міндетіңді дұрыс атқара біл. Одан кейін ғалым боласың ба, залым боласың ба – өз шаруаң» деген талабы бізге шәкірті ретінде ғана қарамай, туған қызындай көріп, жанашырлық танытатынын білдіреді. 

Апайдың атын естігенде санамызда сәулеленетін тағы бір ассоциация – еңбекқорлығы. Сол еңбекқорлығының арқасында апайдың он бес-он алтыға жуық қомақты еңбегі, монографиялары жарық көрді. Тіл білімінің жекелеген мәселелеріне арналған мақалалары қаншама. Осыншама ғылыми еңбекті апай «бір қолынан кітапты, бір қолынан еттің көбігін алатын шөмішті тастамай жүріп» жазғанын білеміз. Кішкентайынан бойына сіңген осы қасиетінің арқасында белгілі ғалым әлі күнге дейін қаламын қолынан тастаған жоқ.

Академик апамыздан үйренеріміз бұл ғана емес. Аумалы-төкпелі кезеңде дүниеге келіп, есі кіре бере «халық жауы атанған» әкесінен айрылып, бір таяқ жесе, ол соққыдан оңала бер­генде жастық шағы ел басына төнген зобалаң заманға тап келіп, нәзік бойжеткеннің ел басына түскен ауыртпалықты ер-азаматтармен қатар көтерісуіне тура келді. Бір күн аш, бір күн тоқ болып жүріп бала да оқытты, тылдағы еңбекке де белсене араласты. «Анасы сәбиін тұзды суға неғұрлым көбірек шомылдырса, соғұрлым ширай түсетіндей, мені де ащы тағдырым пісірді» деп өзі айтқандай, қажырлы қыз қандай тауқымет көрсе де мойымай, ширай түсті. Ел іргесі тынышталған кезде білім іздеп Алматыға жол тартты… 

Өмірдің қатал мектебінен өтіп, шыңдалған қыз өзінің қайсар мінезі мен қажырлы еңбегінің арқасында ғылым­ның төрінен орын ала білді. «Арпа-бидайдың ас екенін, алтын-күмістің тас екенін» ерте түсініп, таусылмас кен, асыл қазынаның білім­де екенін ұғынғандықтан да болар, дүние ол кісі үшін қашан да соңғы орында. Қарапайым ғана мысал, Шахан ата қайтыс болғанда көңіл айта келген адамдардың аяқ-киімін шешпестен төрге өтуін сұрайды. «Ой, апай, кілем бүлінеді ғой» деп бәйек болған кісілерге: « Аяқтарыңды сүртіп-сүртіп шыға беріңдер. Біз кілемге емес, кілем бізге қызмет етсін! » деп жауап қайтаруы апамыздың адамды бар нәрседен жоғары қоятынын көрсетеді. Апай үшін айналасындағы адамдардың амандығы, сау-саламаттығы қашан да маңызды. Мұны жақындарына деген асқан жанашырлығынан да байқаймыз. 

Шахан ата төсек тартып жатқанда күтіп-бағып, баласындай мәпелегеніне өзіміз куә болдық. Науқасты күтіп отыр­ғанына қарамастан үйіне кім келсе де, қабақ шытпай қарсы алып, шын ықыласымен көмектесуге әзір тұратын. Академик Рәбиға Сыздықтың тағы бір айрықша қасиеті – қандай жағдайда болмасын, істің ақ-қарасын ажыратып, шындықты бетке айтып, әрқашан ақиқаттың, әділдіктің жағын­да болуы. Әсіресе, топтың пікірі екіге жарылып, бірі кемшіліктерге көз жұма қарағанды жөн көріп, екінші жақ турашылдық танытып жатқан тұста ғалым әріптестерін де, шәкір­ттерін де әділдіктің ақ туын биік ұстауға шақыра біледі, әрі соны талап етеді. Турашыл ұстаздан үйрен­гені­міз көп, ал үйренеріміз одан да көп десек артық болмас. Ол кісінің айтқан сөзінде тұруы, қолынан келген жақсылығын аямауы, айналасындағы адамдарға, әсіресе, жастарға жанашырлық танытып, қамқор­лық жасап жүруі, шақырған жерге дәл айтылған уақытында баруы, қазақы менталитетімізге тән қонақжайлылығы, үнемі ақ жарқын мінезімен жан-жағына шуағын төгіп жүруі – бәрі-бәрі Р.Сыздықтың өмірлік кредосын құрайды. Біздер, шәкірттері, ұстазымыздың сөзінен ғана емес, ісімен көрсеткен өнегесінің бір бөлшегін ғана бойымызға сіңіре алсақ, соның өзі бір ғанибет болмақ.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген қазақ нақылы осы Рәбиға Сыздық сияқты тұлғаларға айтылғандай… Кезінде академик Мұхтар Әуезов, Ісмет Кеңесбаев, Мәулен Балақаев, Ғайниетден Мұсабаев, Шамғали Сарыбаев, Ахмеди Ысқақов т.б. сынды ғалымдарға лайықты шәкірт, сыйлы әріптес бола жүріп ғылымның шыңына ұмтылған академик Р.Сыздық артынан ерген шәкірттерін, ізбасарларын үнемі ауызбіршілікке, адамгершілікке баули жүріп, өз мектебін қалыптастыра білді. Әр шәкіртінің ғылыми жұмысы үшін үлкен жауапкершілікті сезінсе, олардың өмірдегі орнын табуына да тілеулестік білдіріп, ақыл-кеңесін аямай, анасындай бауырына тартты. Сондықтан да болар ұстазымыз Рәбиға апай әрқайсымыздың отбасымыздағы қуаныштарымызға ортақ болып, қиындықтарымызды да бөлісіп келеді. 

Қазақ ырымшыл халық қой, «жақсыдан шарапат» демекші, біз де отбасымызбен апайды анамыздай жақсы көріп, құрметтейміз. Қызымыз дүниеге келгенде ұстазымыздың ақ батасын алып, сәбидің «аузына түкіртіп» атын қойғызған едік. Апай қызымызға қазақтың біртуар ақын қызы Фариза Оңғарсынованың есімін берді. «Лайым, атына лайық болсын!» деп біз де қуана келістік. Алғашқы қоңырауға да өзі жетектеп барды… Сол Фаризамыз бүгінде ұстаздық жолын таңдап, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің қабырғасында білім алып жүр. Баланың өмірдегі ең маңызды қуанышты сәттерін осындай ірі тұлғамен бірге бөлісіп келе жатқанымыз үшін Аллаға мың тәубе дейміз. Лайым қызымыздың бұдан да үлкен белестерге шығуды, ал Рабиға апайға сол тойларымыздың төрінен орын алуды жазсын! Рәбиға Сыздықтың «Ата-анасының қандай адамдар екенін олардың өсірген балаларына қарап білемін» деген сөзі үнемі жадымызда. Жалпы адамның қандай болуы үш негізге: тегіне, алған тәрбиесіне және жүрген ортасына байланысты екені белгілі. Осылардың ішінде баланың ата-анасынан алған тәрбиесіне апай басымдық беретін сияқты. Бұл түркі жұртының ғұламасы Жүсіп Баласағұнның «Қатты тәртіп көрсе бала күнінде, өнерімен қуантады түбінде» деген философиясымен үндес. Бұл идеяны «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп түйіндеген қазақ әке тәрбиесіне, ана тәрбиесіне үлкен мән бергені белгілі. Әке тәрбиесі – асауды ауыздықтап, тентекті тұсаулап, ұлының бойына ерлікті сіңіре білетін, елдікті сақтауға баулитын ұлы мектеп болса, ана тәрбиесі – сәби жүрегіне мейірім шуағын төгетін, бала жанын нәзіктік пен әсемдікке бейімдейтін, жас ұрпақтың бойына имандылық нұрын құятын, шаңырақтың шаттығына ұйытқы болатын үлкен бастау. Осымен байланысты біз де ұл-қызымызға қолымыздан келгенінше тәрбие беруге, олардың бойына ұстазымыздан алған өнегемізді сіңіруге тырысып келеміз. Бір қарағанда бізге ғана ұстаздық еткендей болған Р.Ғалиқызы, шын мәнінде, біздің балаларымызға да ізгілік нұрын сепкендей. Бұны екінің біріне бұйыра қоймайтын бақыт десек те жарасар. Қарт тарихтың бүгінгі бет-бедерін Әйел – Ана, Әйел – қайраткер, Әйел – ұстаз, Әйел – қаламгер, Әйел – ғалым сияқты бірнеше рөлді қатар атқарып келе жатқан нәзік те қайратты жандарсыз елестету қиын. Сондай абзал жандардың көшбасшысы іспеттес Рәбиға апайымыздың әрбір сөзі мен ісі біздер үшін өмір сабағы сияқты. Осындайда қазақ қызы тақырыбын дендете жырлаған ұлт жанашыры болған ақын ағамыз Ж.Молдағалиевтің мына бір өлең жолдары еріксіз ойға оралады: 

Әжелер секілді бір батыр маған, 

Ықпаған нажағайдан сатырлаған,

Қазақтың еш әйелі өз ырқымен

Ешкімге, еш алтынға сатылмаған.

Сарадай ақын болған, би де болған

Динадай дана, дархан күй де болған.

Найза алып, қол бастаған, жауға шапқан,

Бұл – бұл гүл, бақта – бұлбұл, түзде балуан.

Ал қызық ала білген шерлі күннен,

О, баба, бірдей терлеп тірлігіңнен. 

Құран да, хан да оған бермепті ерлік.

Сыйлатқан әжем өзін ерлігімен. 

Ақынның осы өлеңі Тәңір берген таланты мен қажыр-қайратын ғылым, білімге де, отбасына да, дос-жаранға да бірдей жұмсай білген парасатты жан Рәбиға Ғалиқызына арналғандай. 

Академик Р.Сыздық туралы көп жаза беруге болады. Мен ол кісі­­нің шәкірті ретінде дәмдес, сый­лас, әріптес бола жүріп өзім бай­қаған тұстарын, әйел ретіндегі, ұстаз ретіндегі және ғалым ретін­дегі тұлғалық қырларын ашуға ты­р­ыс­тым. «Көңілдегі көрікті ойдың сыртқа шыққанда өңі қашар» деп Абай атамыз айтқандай, ұстазым тура­лы айтарым бұл жазылғаннан әлдеқайда кеңірек әрі тереңірек еді. Алайда ұстазыма деген шексіз ықыласымды толықтай жеткізу қиын екен. Кісінің адами болмысын танытатын ерекше белгісі – оның сөзі болса, жан тазалығының нышаны – оның таза күлкісі деуге болады. Рабиға апайдың таза табиғи күйінде сақталған сыңғырлаған күлкісі талайларды тәнті еткенін білеміз. Мұндай сыртқы тазалық ішкі дүниенің, риясыз көңілдің пәктігінен бастау алатын сияқты. Сыршыл ақын Қ.Мырзалиев «Қарттық бізге сән бермейді, қарттыққа біз сән бермесек» деген екен. Біз де Рәбиға Ғалиқызының қарттыққа сән беріп, ортамызда сыңғырлай күліп аман-есен жүре беруіне тілектеспіз! 

 Қалбике Есенова