ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУ –РУХЫМЫЗДЫ ГҮЛ ЕТУ
ТҮРКІСТАНДЫ ТҮЛЕТУ –РУХЫМЫЗДЫ ГҮЛ ЕТУ
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің
бесігі ғой…»
Мағжан Жұмабаев
«Тұмар (Томирис) патшайым туралы тәмсіл
«Шошақ бөрік киіп жүретін сақтар Сырдарияның орта ағысында, Тянь-Шаньда, Жетісуда тұрды.
Киген киімі мен тіршілігі скифтерге ұқсас, атпен және жаяу жүріп соғысады. Соғысудың екі түрін біледі. Садақпен, найзамен шайқасады, сондай-ақ айбалтамен де қаруланған. Олар егіншілер емес, көшпенділер».
Геродот одан әрі былай деп жазады. «Азия мен бүкіл Шығысты бағындырған Кир сақтармен соғысқа аттанды. Бұл кезде сақтардың әйел патшасы Томирис басқаратын еді.
Оның Кирге қойған талабы: «Егер массагеттермен күш сынасуға қатты құмар болсаң, жарайды! Бірақ өзен жағасында тосып әуре болма, біз өзеннен үш күндік жерге кетеміз, сонда сен біздің жерімізге өтіп ал!» – дейді.
Кир Аракс өзенінен сегіз күндік жерге ілгерілеп барып, Крездің кеңесін орындайды».
«Ол шегінген қалып танытыпты. Соны көріп масаттанған Томиристің жалғыз ұлы Спаргапсисес, әлгілердің тастай қашқан қосынын қоршап алып, сауық-сайранды бастап жібереді. Ақыры қоршауға түсіп, өзін-өзі жарып өлтіреді».
«Ол тау арасында алдын ала қос тосқауыл қойып, қалған әскерлерімен Кирді шатқалға алдап алып келді. Сол жерде ол өз әскерімен парсыларды қырып тастады. Тіпті осы масқара жеңіліс туралы парсыларға хабарлайтын жаушы да қалдырмады».
Гректер Амударияны – ОКС, Сырдарияны Аракс деп атағаны белгілі. Грек сөздері осылай «с» әрпімен бітіп отырады. Мысалы, Томирис, оның ұлы Спаргапсисес, белгілі ділмәр Анахарсис тәрізді.
Сырдарияның үш ағысы бар. Оларды ғылыми тілде «жоғарғы ағыс», «орта ағыс», «төменгі ағыс» дейді. Оның жоғары ағысы сулы, нулы жерге орналасқан. Төменгі ағысында Арал теңізі бассейні бар.
Сусыз өлке – «орта ағыс» Қызылорда облысының Шиелі, Жаңақорған аудандарының жерлеріне сәйкес келеді. Сырдария бұл жерлерде түстікпен төмендеген бетінде, Түркістан қаласынан өткен соң, бірте-бірте батысқа бұрыла бастайды. Қазақтың ежелгі қалалары Сауран, Сығанақ сияқты қалалары осы аймақта.
Бұл көнеден келе жатқан ескі сүрлеудің орны еді. Бұл – Сырдың ағысының бәсеңдеген жері. Екіншіден, қарт Қаратаудың өркешті шыңдарының жазылып, төбе-төмпешікке айнала бастаған маңайы. Одан ассақ болғаны «Су аяғы құрдым» жер – Шу бассейніне тап болады. Ары қарай ұзыннан-ұзын көлбеп жатқан белгілі Бетпақдала.
Егер тарихта айтылғандай, Кирдің әскері анық Аракстан өтсе, онда оған жолығатын «тау шатқалы» тек Қаратауда ғана бар.
Үшіншіден, Геродот көрсеткен «үш күндік» жер, «сегіз күндік жердің» барлығы Аракс – Сырдарияның – қарт Қаратаудың – Бетпақдаланың бассейні екенін байқатады. Жоғарыдағы «құлағын құнтитып, мұрнын шұнтитып кесіп тастап», Дарийдің әскерін әуре-сарсаңға салатын Ширақтың да тарихта табан ізі қалған жер – Созақ даласы. Олардың өткен «өзені» – Сырдария. Міне, «біздің заманымыздан бұрынғы 330-327 жылдары аралығында Александр Македонский Соғда, Мараканда тұрағын алып, отырықшылар мен көшпенділердің шекарасы болып табылатын Сырдарияға аттанды».
«Александрдың бұйрығымен Сырдария жағасында Александрия Эсхата «Шеткі Александрия» деген қала салынды».
«Александр Македонскийдің Сырдарияның ар жағында тұратын сақ тайпаларын бағындыру үшін жасаған жорығы сәтсіз аяқталды. Сақтар ұлы жаулап алушының Шығысқа қарай жүретін жолын бөгеді» («Ежелгі Қазақстан тарихы», «Алмты», «Рауан», 1994 жыл, 60-бет») деп жазылған.
«Біздің заманымыздан бұрынғы 519-518 жылдары І Дарий сақтарға қарсы жорыққа аттанады. Жер қайысқан қолды бастап, Дарий сақ жеріне кіреді. Бір күні оның отауына сақ малшысы Ширақ келеді. Оның бар денесі жараға толы. Құлақтары мен мұрны кесілген. Ширақ мұны істеген өз тайпасы екендігін, сол үшін кек алмаққа райы бар екендігін айтты. Ол парсыларға жол көрсетіп, оларды сақ әскерінің ту сыртынан алып шығуға келісті. Жеті күн арып-ашып жүргеннен кейін Ширақ оларды сусыз шөлге алып келді».
«Бұл ұшқан құстың қанаты талатын» Бетпақдала еді. Сөз сорабынан Созақ даласының бір бөлігі болып табылатын осынау ұлан өлкені жазбай тануға болады.
Тоғыз тараудан (кітаптан) тұратын, орыс тілінде 1972 жылы басылып шыққан Геродоттың сол «Тарих»-тың 1 және 4 бөлімдері сақ тайпалары туралы деректерге бай. Ол дерек-мәліметтер көбіне-көп Кир, Дарий деген патшалардың сақ елдеріне жүргізген шапқыншылық соғысына байланысты келтіріледі.
Біздің эрамыздан бұрынғы 6 ғасырда өткен осы оқиғаны Геродот баяндауынан қазақшалап, оқырман назарына тұтас ұсынып көрейік.
«…Кир массагеттерді бағындырып алмақшы болды. Бұлар, массагет дегендеріміз, әрі көп, әрі ер жүрек ел деседі. Олар күншығыста, Аракс дариясының арғы жағында, исседондар елімен шектес жерде жасайды. Кейбіреулер бұларды да скифтерге қосады.
Массагеттерді жесір қалған әйел патша билеп тұрған-ды. Оны Тұмар (То-марис) деп атайтын. Кир оған өзінің үйленгісі келетінін айтып, жаушы жібереді. Алайда Томарис Кирдің ниеті үйлену емес, массагеттердің жерін иелену екенін жақсы түсінеді. Сөйтіп жаушыларды құр қайтарады. Қулығынан түк өнбеген Кир массагеттерге ашық шабуылға шығады. Әскерлерін дариядан өткізбек болып, Аракстың үстінен қалқыма көпірлер (сал) құруға кірісті.
Жау әскерлері осы іспен шұғылданып жатқанда Томарис Кирге шапқыншы жіберіп, былай дейді:
– Мидиялықтардың патшасы! Ниетіңнен қайт! Салып жатқан жаман көпіріңнің игілігін көрер-көрмесіңді өзің де анық білмейсің. Өнбес істі қума, өз патшалығыңа өз әміріңді жүргізе бер, бізді күндеме. Бірақ сен айтқан тілді алармысың, бейбітшіліктен басқаның бәріне барсың ғой. Ал енді массагеттер жұртын қалай да шабуылдамақ болсаң, өзен үстінен көпір салғызып әуреленбе, жерімізге алаңсыз кіре бер. Біз болсақ сендерге жол босатып, дария жағасынан үш күншілік жерге шегініп кетеміз. Кезегі келгенде сендер де өстерсіңдер…
Бұл хабарды алысымен Кир парсының игі жақсыларынан пікір сұрады. Кеңесшілердің бәрі Томарис қолын өз жерлерінде күтуге ұйғарысты. Осылайша пікірді тыңдап алған Кир әуелгі ұсынысты тәрк етті де, Крез пікірін қабыл алды. Сөйтіп Томариске «уәделі жеріне шегінсін, патшалығына кіремін» деп шапқыншы жіберді. Уәдесіне берік Томарис айтқан жерінен табылды. Кир болса әскерлерін өзеннен өткізе бастады.
Массагет жеріне кіргеннен кейін түнде Кир бір түс көрді. Патшаға Гистасп балаларының үлкені елес берді. Екі иығында екі қанаты бар секілді, бір қанаты Азияны, екінші қанаты Европаны бүркеп тұрғандай. Ахаменидтер ұрпағынан тарайтын Арсамның баласы Гистасптың ең тұңғышы – ол кезде жасы жетпегендіктен жорыққа қатыстырылмаған, жиырмалар шамасындағы Дарий болатын. Ояна келе Кир көрген түсінің мәніне ой жүгіртті. Патша мұны тегін емес деп жорыды. Артынша Гистаспты шақыртып алды да екеуі оңаша қалған соң, көзбе-көз отырып мынаны айтты: «Гистасп! Сенің ұлыңның маған және менің мемлекетіме қастандық ойлағаны ашылды. Бұл жағдай айдан анық… саған оны қайдан білгенімді де айтып бере аламын. Тәңірі пірлердің үнемі менің қамымды жеп жүретіні және алдымды ашып отыратыны өзіңе де мәлім. Міне, солай, өткен түні тұңғыш ұлыңды түсімде көрдім. Екі иығында екі қанаты бар екен деймін. Қанатының біреуі Азияны, екіншісі Европаны бүркеп тұр. Қалай дегенде де, сенің тұңғышыңның менің өміріме қауіп төндіріп тұрғаны даусыз. Сол себепті дереу Персияға қайт-тағы, мен мына жауды жеңіп, елге оралғанымша балаңды жауапқа дайындай бер».
Кир бұлай еткенде Дарий өзіме қастандық ойластырып жүр деп топшылады. Бірақ, шынында, тәңір-пірлер осы түс арқылы патшаның ажалы осында болатынын, ал оның патшалығы Дарийдің қарамағына өтетінін аңғартпақ еді.
Гистасп болса патшаға былай деп тіл қатты: «Әміршім! Сенің жаныңа жаулық ойлайтын парсылықтың тумағаны да игі еді! Егер ондай жау туа қалған күнде ертерек өліп кеткені абзал-ды! Парсылардың басын азат қып, басқаларға салық төлейтін жұрттан басқалардан алым алатын елге айналдырған бір сенің басыңа сая, дертіңе дауа бола алмасақ, біз несіне адамбыз? Түсіңде көргеніңдей баламнан басыңа қауіп ойласаң, бердім соны қолыңа, құрбан қып шал жолыңа»!
Гистасп патшасына осылай деді де, дариядан ары өтіп, баласын тұтқындап, Кирдің келуін күтіп отырмақ болып Персияға бет алды.
Бұл екі арада Кир дарияның арғы жағында бір күншілік жол жүріп, Крездің дегенін істетті. Орнында аз-кем қосын қалдырып, негізгі жасағын дария жаққа әкетті. Шабуылға шыққан массагет сарбаздарының үштен бір бөлігі парсы қосынында қалғандардың қатты қарсыласқандарына қарамастан, оларды жусатып салды. Жеңіс желіктірген массагеттер жұртта қалған ішім-жемге кірісті. Тоя тамақ жеп, шарап ішіп алған олар ақыр ұйқыға бас қойды. Осы сәтті бағып тұрған парсылар бұларға тұтқиылдан шабуыл жасап, көбісін қырып-жойып жіберді, одан да көбін тұтқындады. Тұтқындар қатарында Томаристің ұлы, массагеттердің қолбасшысы Спаргапис де бар-ды. Томарис патша сарбаздары мен сүйікті ұлының қасіретті хабарын алған соң, Кирге шапқыншы жұмсатып, былай дегізді: «Қанқор Кир! Жеңісіңе желікпе. Сен менің ұлымды қайтарып бер де, есен-сауыңда жөніңді тап. Егер бүйтпесең, массагеттердің Тәңірі – Күн атымен ант етіп айтайын, қанша бір қанға тойымсыз болсаң да, сені адам қанына сусының қанғанша бір тойдырармын!»
Бұл кездері Спаргапис есін жиып, жағдайды түсініп, қол-аяғын шешуді өтінді. Ол сонан соң беліндегі қанжарды суырып алып, өз-өзін жарып жібереді.
Томарис болса, Кирдің өзі айтқан ақылға тоқтамасын білді де, бар әскерін жинап ап, парсыларға шеру тартып шықты. Бұл бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген жойқын соғыс болған көрінеді. Осы ұрыс-соғыстың барысы жайлы менің білгенім мынау болды: әуелі қарсыластар алыстан бір-біріне жай оқтарын жаудырысыпты. Саржалары таусылған соң найза, қанжар алысып, қолма-қол шайқасыпты. Екі жағы да аянбай алысып, ұзақ ұрысыпты. Екі жақтың да шегінгісі келмепті. Парсылар түгел дерлік қырылып, бас-аяғы 29 жыл патшалық құрған Кирдің өзі де өліп тыныпты.
Томариске келсек, ол шарап құйылатын месті адам қанына толтырып, қырғын тапқан парсылардың арасынан Кирдің денесін іздеттіріпті. Кирдің өлігі табылған соң, оның бас сүйегін әлгі қан толы меске тоғытып:
– Әйтеуір тірі жүрмін демесем, сені жеңіп шықтым демесем, жан дегендегі жалғыз ұлымды қулықпен қолға түсіріп, сен менің түбіме жеттің, жауыз. Берген сертімді берік ұстап, сені сусының қанғанша қанға бөктіргеннен басқа амалым қалған жоқ! –депті дейді.
Парсы патшасы Кирдің қазасы жайындағы ұшан-теңіз кеңестің ішіндегі ең деректісі, менің білуімше, осы оқиға секілді». (Аударған Әсілхан Оспанұлы, филология ғылымдарының кандидаты. 1975 жыл)
Тұр-Тұран – Түркістанның даңқының әлемге жайылуына себепкер болған тағы бір мынадай ұлы шығарма бар. Шығыстың жеті жарық жұлдызының бірінен саналатын ұлы ақын Әбілқасым Фердоусиге саманидтердің патшасы Махмұд Газенави сұлтан «Шахнама» атты дастан жазуды тапсырады. Әр жолына бір тілләдан төлеуге ұйғарым болады. Оны ол 35 жасында қолға алып, 20 жылдай еңбектеніп, 994 жылы аяқтайды. Ол 60 мың бәйіттен, яғни 120 мың жолдан тұрады. Бұл салыстырмалы түрде айтар болсақ, А.С. Пушкин жазған «Евгений Онегиннен» 20 есе көп боп шығады. Иранның ескі мифологиясына иек артқан Фердоуси поэманың басында Қаюмарстың патшалығынан сөз қозғайды. Сол мифтік ұғым бойынша, Қаюмарс Иранның бірінші патшасы болып саналады. Кітаптың елу шақты тарауында елу түрлі патшаның патшалық дәуірі суреттеледі. Эпостың соңы арабтардың Иранды басып алуымен аяқталады.
Осы шығармада Иран елінің ең басты қарсыласы – Тұрлар-Тұрандықтар – Түркі жұртының – Түркістанның патшасы, әрі алып батыры Афрасияп барынша суреттеледі. Тағы да поэмада ерекше сөз болатын тұлға Рүстемнің баласы Сухрап – Иранның ежелгі жауы Тұран елінің көрнекті батыры. Ол Тұран патшасының қызы Тахминадан туған. Бейбітшілік кезінде Рүстем Тұранға аң аулауға келген жолы Тахминамен табысып, іште қалған бала. Әрине, Фердоуси Тұран жағының батырларын аса даралап көрсете қоймайды. Ол түсінікті нәрсе. Иран патшасының мұрагері Сиявуш әкесі Кей-Қауыс патшаның кейбір шешімдерімен келіспей, Тұран еліне өтіп кетеді. Фердоуси мұны іштей құптамаса да, сол Сиявушқа қамқор болған Пиран батырды ерекше суреттейді. Пиран жас Сиявушқа қызын қосады. Содан кейін ол Афрасияп патшаның қызын алғанда да, қорғаштап отырады. Сиявуш ақыр-соңы қайтадан Иранға оралғанда қатты қиналады. Фердоуси Тұран-Түркістанның батырларын жырлағанда қаһармандық сөздерді қолданады:
«Биемад дамон тобари он се турк,
Чи турк он! Диловар сегурги ситрук!»
(«Жүгіріп жетті, ол жалма-жан үш түрікке,
Түрік емес-ау! Кілең, көкжал үш бөріге!»)
«Түркістанның ежелгі аты – Иасы. Археологтар ертедегі Иасының орны қазіргі Күлтөбеге сәйкес келетінін дәлелдеп отыр. 7-12 ғасырларда Түркістан төңірегі Шауғар өңірі атанған. Бұл өңір Түрік қағанатына қарады» («Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясы. 502-бет).
Біз бұл арада «Түркістан» атауының шығуының түпкі мәніне жақындап қалғанымызды жасыра алмаймыз. Себебі ұлан-байтақ жер Батыс Түрік қағанатына қарағаны анық.
«9-ғасырларда қарлұқтар мен оғыздардың қол астында болды. Бұл өңірге 809-819 жылдар аралығында Хорасан билеушісі әл-Мамун,10-ғасырдың соңында саманилік билеуші Наср жаулаушылық жорықтар жасаған. 12-ғасырдың бірінші ширегінде қидандар шабуылынан Шауғар құлағаннан кейін, Иасы өлкенің орталығына айналды» (сонда. 502-бет).
Сыр бойында оғыздардан орасан зор рухани, мәдени, әдеби байлық қалды. «Дәдем Қорқыт» кітабы дүниеге келді. Дәл осы кездері Сырдың бойында моншақтай тізілген қалалар бір-бірімен иық тіресті.
Көне тарих әңгімелері бізге Әму мен Сырдың бірнеше мәрте арнасын өзгерткенін айтады. Тіпті Узбой арқылы Каспийге құйған кездері болған. Тіпті, басын Қырғыз Алатауынан алатын Шу өзені қарт Қаратауды қазіргі Шиелі ауданы тұсынан жарып өтіп, Сырға сарқырай құйылғаны да рас. Ал енді Аралдың талай рет құрғап, ол жерлерге қала салынып, кейіннен ол су астында қалып, бертінде қайтадан табылып жатқан жағдаяттарын ел жақсы біледі.
Бұны аса тәптіштеп айтып отырғанымыз, қазіргі Түркістан қаласын бір кездері дарияның тармақтары арасында тұрғаны.
Яссауидың аса талантты шәкірті Сүлеймен Бақырғани 1186 жылы қайтыс болған. Ол өз кітабында ұлы ұстазына арнайы жыр арнап, оның әлдеқашан дүниеден өткенін, «орны Дару с-саламда – пейіште» екенін мадақтаған. Міне, оқып көрелік:
Йасы суының арасында,
Гауһардың сынығы жатыр,
Машайықтардың сарасы,
Шайхым Ахмет Яссауи.
Он сегіз мың ғаламда,
Аты машһур (Алланың) сөзін (білуде)
Орны-Дару с-салам пейішінде,
Шайхым Ахмет Яссауи.
Қыдырменен сұхбаттасқан,
Ілияспен сыйласқан,
Хақ қасында құрметті
Шайхым Ахмет Яссауи…
Шын сұлтан болған бабама,
Мүрид болды күмәнсіз,
Хаким Қожа Сүлеймен
Шайхым Ахмет Яссауи.
Түпнұсқасы былай:
Йасы суының арасы,
Йатур гауһар парасы,
Машайықлар сарасы
Шайхым Ахмет Яссауи.
Он сегиз мың аламда,
Аты машһур қаламда,
Орны Дару с-саламда
Шайхым Ахмет Яссауи.
Хызыр бирла сухбатлық,
Илийас бирла илтифатлик
Хақ қашында хараматлиқ
Шайхым Ахмет Яссауи.
Бабама чын ол султан,
Мурид болды бигуман,
Хаким хожа Сулайман,
Шайхым Ахмет Яссауи…
(«Ежелгі дәуір әдебиеті» хрестоматия. Екінші кітап. Құрастырған А.Қыраубаева. Алматы. «Ана тілі», 1991 жыл. 152-153,166-167 беттер)
Тағы да мынадай құнды дерек бар:
«Посреди реки (на острове) Ясы лежит драгоценная частица – могила моего шейха-повелителя шейхов Ахмада Ясави» (А.И. Пылев. «Ходжа Ахмад Ясави: суфиский поэт его эпоха и творчество» Атамұра, Алматы, 1997 29-стр.)
Мұнан көріп тұрғанымыздай, көне замандарда Иасы қаласы «өзен орталығында (аралда)» тұрғаны белгілі болады.
Мұны қалай түсінуге болатынын айтайық. Ұлы дария биік таулардан, жоғарыдан-төменге, оңтүстіктен-солтүстікке қарай жойқын күшпен ағып жатқан. Сол себепті де сол дәуірлерде Жейхун – Сейхун қазақша «жойқын» дария ретінде аталған. Ол тек Түркістанның тұсында ғана толастап,тоқырап тұрыңқырап барып, арнасына сыймай бірнеше жіңішке бөліктерге бөліне отырып, ағысы жылдамдап, солтүстік-батыстан көтерілген жалдарға соқтығып, Түркістаннан сәл төменірек Шиелі ауданы аумағында түйенің мойнындай иіліп, бұрылып, Арал теңізіне біржолата бағыт ұстанған. Міне, дәл осы қылтада қазақ даласын «Жиделі-Байсынмен» жалғастыратын ұлы өткел болған. Александр Македонскийдің, Дарийдің қос тігетін жері де осы ара. Бұл жерден «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» жырындағы Қарабайдың малы да өткен. Қаратаудан асқан бойда «Балталы-Бағаналы ел аман бол, Бақалы,балдырғанды көл аман бол» деп Ай,Таңсық қыздардың қоштасатын ұлы жұртқа жолығасыз.Оны «Қызылжыңғыл» дейді. Белгілі академик Мұхаметжан Қаратаевтың кіндік қаны тамған жері.
Тарих ілімінде «Қолында жағрапиясы жоқ ғалым көп адасады» дейтін қағидат бар. Бұл Түркістан тарихын түгендеген кездері де өз мәнін жоғалтпайтынын ескерткіміз келеді.
Ендігі әңгіменің ауанын «Иасы» қаласының қалай «Түркістан» атанғанына бұрайық. Бұл сөз жоқ, ұлы Қожа Ахмет Яссауи бабамызға байланысты.
Оның толық аты – Құл Қожа Ахмет ибн Ибрагим, ибн Махмұд, ибн Ифтихар Яссауи немесе Хазірет Сұлтан Шейх-ул Ислам Қожа Ахмет Йассауи.
Мынадай анықтаманы да қосқанды жөн көріп отырмыз: «Титул «ходжа» (персид. «учитель, наставник мудрец») был присвоен Ахмаду суфиями братства хваджаган (ходжагон)-накшбандийа, старавшимися исползовать авторитет Ясави своих целях (известно, что все уважаемые шейхи этого братства носили титул «ходжа»(40.стр.61:50,стр.21) Нисба (т.е. произвище по месту рождения или жительства) «Ясави» происходит от названия города Ясы (ныне Туркестан в Казахстане), где жил, умер и был похоронен в грандиозном мавзолее шейх Ахмад. Город известен с ХІ века, название его происходит от реки, протекавшей некогда в пределах города» (А.И. Пылнев. «Ходжа Ахмад Ясави», «Атамұра».Алматы,1997. 29-стр)
Қожа Ахмет Яссауи туралы ең алғашқы жазылған еңбек Ақсақ Темірдің жорықтарын баяндаған ирандық Шарафаддин Ғали Иаздидың «Зафарнама» деген кітабы боп табылады. Ол біздің жыл санауымыз бойынша 1424-1425 жылдары жазылған. Онда Қожа Ахмет Яссауи туралы: «Темір Сейхуннан өтіп, Ахангаран, Шыназ төңірегінде қыстау үшін тоқтап, әскеріне арнап үй салдырды. Содан кейін «Иассы» ауылына барып, сондағы Иассауи бейітіне зиярат етеді. Иассауидің Мұхаммед Ханафияға туыстығы бар еді» дейді.
Тағы бір құнды деректі Қожа Ахмет Яссауидің шәкірті, жолын қуушы, ұстазының жолымен софылық-дәруіштік поэзияны дамытушы Сүлеймен Бақырғани (Хакім Ата) қалдырыпты. Ол өзінің «Ақырзаман» кітабында былай дейді:
Ысқақ бабтың жұрыны,(яраны)
Ибраһим ата құлыны.
Шайқылардың ұлығы,
Шайқым Ахмет Яссауи!
Мұнан бөлек Қазақстан Ұлттық кітапханасының қорында Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың үрім-бұтағын талдайтын шежіре «Нәсабнама» сақталынған. Оның соңында жапырақ тектес етіп жасалынған Қожа Ахмет Яссауидің өз мөрі соғылған. Осы шежіреде, орта тұсында «Мен Хасан Хожа Бабаның оғылы Ибраһим Ата» деген дерек жолығады.
Осы шежіреде оның түп-тамыры былай берілгенін көреміз:
«Ұлы атасы Әзірет Ғали (Әзірет-әлі), одан Мұхаммед-Ханапия» делінген.
Шарафаддин Ғали Иаздидің «Зафарнамасындағы»: «Иассауидың Мұхаммед-Ханафияға туыстығы бар еді» дейтіні осы болса керек.
«Нәсабнама» одан әрі былай дейді: «Хазірет Әли Шаһімарданның» Хазірет Фатимадан үш ұлы болған. Бұдан басқа Хазірет Әлидің Иамана (Иемен) патшасы Жафар ибн Қайс қызынан Мұхаммед-Ханапия туған».
Осындай жарты әлемді жаулап алған ұлық патшаның көңілін өзіне аудара алған әулие көзі тірісінде-ақ «Пир-Туркестани»(Түркістанның Пірі), «Әзірет Сұлтан» деп атала бастады. Ол өзіне Иасы қаласын «Яссауи» деп ныспы етіп алғанмен де, былайғы жұртқа Иасыдан гөрі «Түркістан» деу түсініктірек еді. Бірте-бірте ұлы жаратылыс жатқан жер Иасыдан гөрі, Түркістан дегенге ойыса бастады.
Біріншіден, бір кезгі Түркістан-Түркі жұрты атанған ұлан-ғайыр аймақ жоқ болғанымен халық жады ол атаудан айырылғысы келмейтін. Мұндай мысалдар өте көп. Мәселен, Қарғалық – Баладж – Бабата, Талас – Тараз – Әулиеата атанды. Ал Түркістаннан басқалар Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Үндістан, Пәкістан мемлекеттік дәрежесін сақтай алды.
Әрине, мұның санаға салмақ салатынын ең алдымен Алаш ардагерлері аңғарды. Кезінде жаңа мемлекет – 1456 жылы құрылған Қазақ хандығы еңсегей бойлы ер Есімнің уағында 1598 жылдан бастап Ұлы Ордасы болған жердің атаусыз қалғанына жүректері сыздады.
«1918 жылы 6-9 қаңтар аралығында Түркістанда Сырдария облысының қазақтарының сьезі өтті. Сьезде Сырдария облысының Алаш автономиясына қосылу мәселесі қаралды. Онда Сырдария қазақтары Алаш автономиясына қосылған жағдайда Түркістан қаласы Алаш Астанасы болады деген Шешім қабылдады» («Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясы. 503-бет)
Алты Алаштың ардағы Сұлтанбек Қожанов алғашқы астана болған Орынбор қаласынан қазақ жұрты қапылыста айрылып қалғанда, Түркістанға ту тігуге жүрегі дауаламай, сәл де болса жақындай түссін деген ниетпен Ақмешітке-Қызылордаға ұлы көшті аз-кем кідірткен болды. Кейіннен Алматыға ауыстырғанда «Әулиені аттаған оңбайды деуші еді, мен екі ұлы әулие – Қожа Ахмет Яссауи мен Әулиеата қаласын аттап өттім. Енді солардың қаһарына қалмасам етті!» – деп қатты опық жеген көрінеді.
Ол ол ма, Әулиеата қаласына өз есімі берілгенін радиодан естіген Жамбыл «Атыңнан айналайын, Әулие ата, Атыңды тартып алдым, болма қапа!» – деп кешірім өтінді.
Осылайша, замана ағымы – Түркі әлемінің ту тіккен ордалы орнын «1928 жылы Түркістан ауданының әкімшілік орталығы» атандырды. («Оңтүстік Қазақстан» энциклопедиясы.503-бет)
Қазір Түркістан қаласы «Рухани астана» деп құр сөзбен күмпиткенімен жәй ғана қалашықтың қатарында. Барлық экономикалық жағдайы алақандай «Қошқарата» бұлағына шоғырланған облыс орталығы Шымкентке тәуелді.
Соңғы кездері биік-биік мінберлерден «Мәңгілік Ел» болудың мәселесі көтеріле бастады. Басқа жұрт Рим, Париж. Берлин, Лондон сияқты ұстындарға сүйенсе, біз неге Түркістанды таяныш етпейміз. Бүткіл түркі жұрты Түркістанды Ата жұртымыз деп танығанда, ол қалайша «аудан орталығы» боп қала бермекші?! Әлде біздің өреміздің тек соған жеткені ме?!
Өсетін, өнетін қай халық, мемлекет болмасын өз жәдігерлеріне аса мұқият қарайды. Өзбектер Самарқан, Бұқараның т.т. бағын басынан аудырмас үшін оларға «облыс» деген статус беріп қойған. І Петр заманында «Еуропаға ашылған терезе» атанса да, орыстар Санкт-Петербургтен орталықты Мәскеуге көшірді.
Көптеген хандардың, билердің, бүткіл қазақ даласының қасқасы мен жайсаңдарының Түркістаннан топырақ бұйыруын бір Алладан тілеуін не деуге болады?!.
Жарылқасын БОРАНБАЙ