Жаңалықтар

ҚАРТ ЖАУЫНГЕРДІҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ

ашық дереккөзі

ҚАРТ ЖАУЫНГЕРДІҢ БАСТАН КЕШКЕНДЕРІ

Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Кириллов осы жылы өзінің 90 жасқа толған мерейтойын атап өткен болатын. Ол кісіні ұстау оңай емес. Бұрынғы жауынгер өзінің әдетке айналдырған әрекеттерін әлі де жалғастрып келеді. Ұзақ жерге серуендеу ол кісінің бұрыннан келе жатқан дағдысы. Қарттың қимылы ширақ. Іске икемді мығым қолдары, жеңіл, сергек жүрісі, келісті сырт келбеті, иықтарының теңдігіне қарап, ол кісін 90 жасты алқымдаған ақсақал деп айтпайсың. Ол кісіні өмір ешқашан еркелет­пеген. Қарт өз өткен өмірін еске алғанда дауысы дірілдеп, көзіне жас келді. «Мен есімді білгелі жұмысқа араластым. Ол уақыт менің өмірімнің жарқын шақтары еді. Отбасымыздағы алты баланың үлкені болғандықтан артымнан ерген бауырларыма бас-көз болып, солар үшін жұмыс істеу менің мойнымда еді. Мектепте тек 5 сыныпқа дейін ғана оқыдым. Ата-анам «жұмыс істе» деген соң, қандай тірлікті болмасын қолыма алдым. Аяғымыздан енді тұрар шақта соғыс келіп, берекетімізді алды. Ол кезде «Белая холуница» қаласында тұратынбыз. Немістер тарапынан шабуылды тез сезе бастадық. Қанды соғыс, өлімді біздің және де басқа отбасылардың басынан өткерген, қиын кезеңі еді. Мені 1942 жылы әскер қатарына шақыртты. Ол жақта өмір қиын. Әскери қызметімді училище курсанты болып бастап, белгіленген танк полктерінің радио хабарлағышы қызметін атқардым. Алғашқы шабуылға шыққан сәтімді еш ұмытқан емеспін. Сол кезде командирдің бұйрығымен алға ұмтылған біздің танк бұзылып, шарасыз күйде қалған едік. Ескі, сапасы сыр бере бастаған танк мың мәрте бұзылып, бәрімізге және командирге айтарлықтай салмақ салды. Оның бізге пайдасынан зияны көп болды. Ол кезде мамандары таптырмайтын радио қызметіне байланысты гвардиялық 69- армия штабқа шақыртылдым. Бұл Винницаның маңында болған еді. Немістермен соғыста бұл әскери құрылым сапында Венгрияға да жеткен едік. Ұлы Жеңісті Будапешт қаласының шетінде қарсы алдым. Қасымдағы жолдастарымның сол кездегі қуанышын, менің қуанышым­ды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Әрқайсымыз көрген қиындықтың соңы ұлы жеңіспен аяқталды. Осыдан кейін елімізді соғыстың ызғары мен суығынан арылтуға деген құлшыныс пайда болды. Соғыстың аяқталғанына қарамастан менің әсери қызметім ең алдымен Румынияда, сосын Австрия жерінде 5 жылға созылды. Ақыры 1950 жылы елге ұзағынан оралуыма мүмкіндік туды. 1958 жылға дейін Вологда қаласында жұмыс жасадым. Содан соң еріктілерді Қазақстанға жұмысқа шақырды. Жүргізуші мамандығын меңгеріп алғанмын. 125-ке жуық мамандандырылған әскермен Қазақ­стан­ға келдік. Сөйтіп, осы елде тұрақтадым. Зырян қаласы сүйікті қалама айналды. Бұл жерде өмірлік серігім – Лизоньканы жолықтырдым. Оны­мен бірге жақсы өмір сүріп, үш қыз тәрбиелеп өсірдік. Қазір олардың барлығы тұрмыс құрып, ана атанып отыр. Менің немерелерім, шөберелерім де бар. Тек менімен бірге жарым Елизавета Степанова ғана жоқ. Ол мені сегіз жыл бұрын жалғыз қалдырып кетті. Бұл шаңырақ кішкентай болғанмен, кезінде барлығына орын табылған. Мен үйге кезекке тұрған едім, бірақ әлі күтумен келемін. Бұл баспана біздің отбасымыздың бірінші мекені болды, соңғысы да осы», – деп өткенін баяндады Александр Кириллов. Ол кісі нағыз еңбектің адамы болған. Ол кісі машина, трактор, бульдозер сынды техникалық құрылғылардың бәрін шебер меңгерген. 1979 жылы еңбек демалысына шыққан ақсақал бірнеше жыл құрылыспен айналысып, сонымен қатар, дүкенде жүк тасушы, жиһаз құрастырушы т.б қызметтерді атқарған. 

«Бүгінде саяжаймен айна­лыса­мын. Менің саяжайым тамаша! Онда жұмыс істеу бір ғанибет. Бұл жұмыстан күш-қуат аламын. «Еңбек – өмір, денсаулық, бақыт, даңққа бастайды» деген халық нақылы бекер айтылмаған ғой», – деген еңбекқор қарт көзіне жас алып, көңілі босады. 

Надежда Акулова

Зырян қаласы