Жаңалықтар

ОҢТҮСТІКТІ МЕРЕЙЛЕНДІРГЕН ОТБАСЫ

ашық дереккөзі

ОҢТҮСТІКТІ МЕРЕЙЛЕНДІРГЕН ОТБАСЫ

Бимаханбетовтер отбасының Астана төрінде «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында бас жүлдені иемденгенінен ел құлағдар. Атағы алысқа кеткен әулеттің табысына бүгінде оңтүстік жұртшылығы да қуануда. Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов республикаға танымал болып үлгерген Елтай ақсақал мен Елена апаны немере-шөберелерімен бірге арнайы қабылдап, жеңісімен құттықтады. 

– Мінеки, бүгін қуанышты оқи­ғаға байланысты бас қосып отыр­мыз. Отбасы күніне орай Елбасы бас­т­амасымен елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауында Бимаханбетовтер отбасы бас жүлдені иемденіп, мәртебемізді көтеріп тастады. Бұл біз үшін үлкен қуаныш. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, туған шаңырақта алған тәлім-тәрбие халқымыздың жарқын болашағының кепілі. Мемлекет басшысы «Отбасылық құндылықтарды, көпбалалықты насихаттау – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі» деген болатын. Осы ретте Оңтүстіктің мерейін тасытқан Бимаханбетовтерге айтар алғысымыз мол. Бұл байқауда біздің облыстың топ жаруы заңды деп ойлаймын. Себебі, оңтүстікте демографиялық өсім жоғары, әрі отбасылық құндылықтар, дәстүрлер жақсы сақталған. Елтай ағаны білеміз, шығармашылығымен, белсенділігімен, өнегелі істерімен да­раланып жүрген қазыналы қария­лар­дың бірі. Ұл-қыздарын тәрбиелі етіп өсіріп, туған жердің атын шығарып отыр. Жеңістеріңіз құтты болсын! – деген облыс әкімі әулет атасы Елтай ақсақалға автокөліктің кілтін тапсырды. 

Қуаныштан жүзі бал-бұл жайнаған Елтай ақсақал мен Елена ана теле­фон арқылы қолдау көрсеткен облыс халқына алғыстарын айтты. Жеңім­паздар әулетінің атасы облыс әкімі Асқар Мырзахметовке Астанадан арнайы әкелген кітапты сыйға тартып, батасын берді. Салтанатты шарада жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Мархабат Байғұт Түркістаннан шыққан отбасының жеңісі барша қазақ баласы қуанатын мерейлі сәт екенін айта келе, ұрпағымен көгеріп, өсіп-өніп отырған әулеттерге құрмет көрсету міндет екенін жеткізді. 

Жиынға Елтай ақсақалдың ұл-қыздары мен немере-шөберелері, Түркістан қаласынан бір топ ағайын, жергілікті атқамінерлер автобуспен келіп, қуанышқа ортақтасты. Қазыналы қарияның өнегесін алған өрендер де өнерлі екен. Елтай ақсақалдың немересі Әсем атасына арнаған өлеңін оқып берсе, тағы бір немересі Сая мен тілі балдай шөбересі Ерназар ата-әжесіне деген балалық ақжарма ықыластарын жеткізді. 

Облыс әкімдігі ғимараты алдынан «темір тұлпарды» тізгіндеген Елтай ақсақал отбасының берік болуы сабыр мен парасатқа байланысты екенін айтса, Елена ана осындай жеңіс баршаңызға жұғысты болсын деген тілегін жеткізді.

Ғабит САПАРБЕКОВ