Жаңалықтар

ЖУРНАЛИСТ БОЛЫП ТУҒАН ОЛ

ашық дереккөзі

ЖУРНАЛИСТ БОЛЫП ТУҒАН ОЛ

Барлық шығармаларының кейіпкері – өзі. Өнегелі өмірін кітаптарына арқау еткен. Жүрегінен жарып шыққан ұтымды пікірлері өмірлік көрген-түйген мол тәжірибесінен бастау алып жатса, тың идеялары, жаңашыл бастамалары қазақ журналистикасына деген қамқор көңілінен туындап жатады. Сүбелі еңбектер… Тартымды тақырыптар…Қырық жыл бойы табан аудар­мас­тан журналистика факультетінде еңбек етіп, кәсіби журналистер дайындауға, қазақ журналистикасын дамытуға үл­кен үлес қосқан ұстаз, ғалым, қай­раткер Сағымбай Қабашұлы Қозыбаев туралы айтылар естеліктер аз емес. Өмірлік ұстанымын «Адам­гер­­шілік» деген ұғыммен тығыз бай­­­­ланыстырған ғалым қашан бол­ма­сын тек адалдық пен әділдікті жақ­тайды. Шәкірттерінің университет қабыр­ғасынан кейінгі кәсіби қызметін ба­ғалап, жеңістері мен жемістеріне жүрегі жарыла қуанып, сәтсіздіктері болса, қосыла ренжіп, қуаныш пен қайғысын қатар бөліседі.

Қазақстан журналистерінің бар­лық буынын тәрбиелеуге үлес қосқан ұстаз шәкірттерін қабілетіне қарай бағалайды. Ақпараттық ғасырдағы журналистиканың мақсат-мұратын жүзеге асыратын «ойлы журналистердің» қатары сиреп қалмаса деген пікірін бүркемей ашық айтады. Расында қазіргі ақпараттық технологияны терең меңгергенімен, тек жалаң ақпаратты жеткізуші рөлін орындау бұл кәсіптің жүгін жеңілдетіп жібермей ме? Жетінші кітабында «Журналист болып туа ма, әлде қалыптаса ма?» – деп сауал тастаған ғалым-ұстаз бұл сауалына тоғызыншы кітабында: «Нағыз журналист барлық желдің өтінде, өзінің ұстанымы қалыптасқан, пікірі мен бағалауында принципшіл, тақырыптың тұздықты тұсын табуда нағыз мерген»,– деп толымды жауап береді. 

Ғалым-ұстаздың бай шығарма­шылық әлеміне сүңгіп шыққан кімде-кім Қазақстан журналистикасының даму кезеңдеріне куә болады. «Отандық журналистика» сериясынан туын­дап жатқан ізгілікті ойлар, жаңа де­ректер, журналистиканың қыр-сырына бой­латып, мамандықты жаңа қырынан танытады. 

Ғалым қаламынан туған еңбектердің бір бөлігі өңірлік журналистиканың өзекті мәселелерін қозғайды. «Конечно, сейчас региональная пресса иногда просто выживает. Она дотационная, и вот здесь есть повод для размышлений – как помочь этой прессе? Здесь много серьезных проблем», – деуі оның аймақтық журналистика тағдырына бей-жай қарамайтындығын көрсетеді. Отандық журналистиканың дамуына үлес қосқан өңірлік бұқаралық ақ­па­рат құралдарын «Алтын жұл­дыз» сыйлығымен марапаттауы қоғам қайраткерінің шыншылдық қа­ғи­дасын бетке ұстап, әділдікке жүгін­ген­дігінің айғағы. Журналистика Акаде­мия­сының марапаты арқылы өңір журналистерін ынталандырып, кәсібіне деген қызығушылығын арттыру, журналистердің еңбегіне құрметпен қарауды қалыптастыру сынды ізгілікті мақсатын орындап келеді. 

Ғалым қаламынан туған журналис­ти­каның тарихына қатысты құнды дүниелер шежірелі кезеңдердің куәсі іспетті. С. Қозыбаевтың редакциялы­ғы­мен жарық көрген «Журналистика Казахстана» энциклопедиясы журналис­тика факультетінің студенттеріне аса пайдалы еңбек. Өңірлік газеттердің тарихын түгендеп, қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары болып саналатын газеттердің тұңғыш нөмірін мұрағаттардан іздеп табу, сарғайған беттерін сараптау оңай емес. Осы орайда зерттеуші облыстық «Рудный Алтай» газетінің тұңғыш нөмірін тауып, 1918 жылы 10 сәуірде шыққандығын анықтады. 

Өңірлік жастарға арналған БАҚ нарығын, ақпараттық саясатын зерделеп, жастарды тәрбиелеу функциясына жете мән берген зерттеулері өз алдына бір төбе. Ғалым еңбектерінен жаңсақ, жалаң пікірді кездестірмейсіз. Қандай дерек келтірсе де, дәйектеп, дәлелдеп отыруы зерттеулерінің сапалы, толыққанды екендігін көрсетеді.

Көркем әдеби тілі мен мол тәжі­ри­бесі арқылы өмірдің мәнді, мағыналы кезеңдері мен әдеби көркем тілді қабыстырған эссе жанрына қалам тербей отырып, С. Қозыбаев тағылымға толы өткен шақтың құндылықтарын асқан шеберлікпен баяндайды. Еркін, ешкімге тәуелсіз пікірі, жан-жақты ой-толғауы, түпнұсқалығы, белгілі бір кезеңге, оқиғаға, тұлғаға баға беріп, қорытынды жасауы, деректің мәнді, мағыналы тұстарына оқырманның назарын баса аудару автордың тағы бір шеберлік қырын танытады. Автордың 600-ге жуық ғылыми және публицистикалық мақалалары, эсселері бар. 

С. Қозыбаев Қазақстан журналис­ти­­ка­сы туралы жазылған ғылыми еңбек­терді қалт жібермей, ойынан шыққан зерттеулерге пікір қосып, ғалымдардың жаңа буынына ағалық ізгі ниетін білдіріп отырады. «Егемендіктің елең-алаңын көрген, өтпелі кезеңдердің қиындықтарына куә болған, ғылымға да тәуелсіздіктің таңымен бірге қосылған ғалымдардың жаңа буыны бар екенін естен шығармаған жөн. Отандық ғылымның жаңа парақтарын жасай­тын да, ұлттық ізденістердің шежіресін түгелдейтін де осылар», – деп қазақ журналистикасына қосылған іргелі зерттеулердің теориялық және практикалық құндылықтарын қуана қолдауы ұстаздық етуден жалықпаған тұлғаның адамгершілік биік парасатынан хабар береді.

«Гордое имя – журналист», «Когда бо­лит душа…», «Времен и судеб влас­титель…», «Свет Звезды. Элита отечес­твен­ной журналистики» т.б. авторлық серия­лары мен қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдарының шежіресі іспетті сүбелі, қызықты еңбектері құнды, маңызды мәселелерді жан-жақты және ауқымды қозғайды: БАҚ-тың қоғамдағы орны, саяси үдерістерге ықпалы, ұстанымы, менеджменті т.б. Журналистік шеберлік мектептерін жастарға үлгі етіп ұсынады. Дәстүр сабақтастығын жоғары бағалайды. 

Өмірлік тәжірибе араға жылдар салып қалыптасады. С.Қозыбаевтың ғылыми мектебі жас ғалымдар мен журналистерге жол сілтейтін бағдаршам бола беретіні анық. 

Назгүл Шыңғысова, 

филология ғылымдарының 

докторы