Жаңалықтар

МАМАНДЫҚТЫ ЖАҢЫЛМАЙ ТАҢДА

ашық дереккөзі

МАМАНДЫҚТЫ ЖАҢЫЛМАЙ ТАҢДА

Балаларға арналған түрлі ғылыми шаралар олардың ертеңгі күнге деген сенімі мен қызығушылығын арттырады. Заманауи техника мен технологияның құлағында ойнайтын өскелең ұрпақ Қазақстанның жарқын келешегінің кепілі саналары сөзсіз.Өткен аптада Алматыдағы «Тау самалы» білім беру-сауықтыру орталығында «Жастар арманы» жобасы шеңберінде Алматы қаласында орналасқан мектептер оқушыларының көркем-техникалық шығармашылығының фестивалі өткізілді. Аталған бағдарлама бойынша роботтар жарысы, инже­нер­лік жобалар тұсаукесері, қағаз­дан түрлі мүсіндер құрастыру байқауы, «авиашоу» мен пленэр ұйым­дастырылды. Балаларға қуа­ныш сыйлаған «Балбұлақ–Родник» қоғам­дық қоры, С. Бегалин атын­дағы Мемлекеттік балалар кітап­ха­насымен бірігіп, шеберлік сабағы, көркемсуретті әңгімелеу, көрмелер мен балаларға арналған ойын-сауықтар ұйымдастырылды. Ұйымдастырушылардың ай­ту­ынша, 2012 жылдан бері «Шеврон» компаниясы осы жобаның тұрақты се­ріктесіне айналыпты. 

Шара барысында «Шеврон» ком­­паниясының Үкіметпен және қоғам­мен байланыс депар­та­ментінің директоры Еркін Зікібаев: «Өзіміз жұмыс атқарып жат­қан елдер азаматтарының әлеуетін арттырып, дамыту компаниямыздың табысқа жету факторларының бірі болып табылады. Қазақстан жеткіншектері үшін бүгінгі таңда жасалып жатқан жағдайлар міндетті түрде өз жемісін береді және ол біздің Қазақстан болашағының өркендеуіне қосқан үлесіміз», – деп мәлімдеді.

Ал «Балбұлақ-Родник» қо­ғам­­дық қорының директоры Елена Фомченконың пікірінше, бала­лар арасындағы техникалық шығар­машылық тақырыбының таңдалуы кездейсоқтық емес: «Қазақстанның білім беру саласында техникалық және ғылыми – жаратылыс тарабында көңіл аударарлық келелі мәселелер баршылық, жастар арасында инженерлік мамандықты меңгеру деңгейі төмендеп барады. Мамандық таңдау бағытында тың жұмыстар ұйымдастырып, білім беру технологияларының жаңа жолдарын іске асыру қажет». Әлбетте, өскелең ұрпақтың болашақ мамандығын жаңылыспай таңдауына үлкендердің ықпалы зор. Ересектер қауымы жастарға бала күннен бастап жөн сілтесе, мамандығын таңдаған жастар кейін өкінбейді.

Келешекті көздеген осындай маңызды мәселені тиімді шешудің төте жолы бар. Ол: «Шеврон» компаниясы және «Балбұлақ-Родник» қоғамдық қорының бірлесіп С.Бегалин атындағы Мемлекеттік балалар кітапханасы аясында ашқан түрлі кафедралардан құралған (робототехника, қағаздан құрастыру, техникалық моделдеу, көркем-қолданбалы шығармашылық) «Жастар арманы» атты ғылыми-техникалы шығармашылық зертха­насы. Аталған зертханада балалар онсыз да ұшқыр қиялы мен арманын, көкейдегі ойын кәдеге жаратады. Әрі бұл еліміздің дамуына да сеп. 

Ұйымдастырушылар жобаның бас­ты мақсаты оқушылардың ғылыми техникаға, көркем-қол­данбалы шығармашылыққа деген қызығушылығын арттырып, дұрыс бағыт беру екендігін айтады. Осындай шаралардың саны мен түрі көп. Әрі балалардың және олардың ата-аналарының қатысуымен өткізілетін шаралар, сондай-ақ, мұғалімдер арасындағы жан-жақты пікір алмасу сағаттары өз нәтижесін беруде. 

Осы фестивальдің қатысушысы, 15 жасар Ярослав Халиулин робо­то­техника зертханасының үш жылдан бергі мүшесі. Өзінің шеберлігін үнемі шыңдау үстінде келе жатқан ол жуырда зертхана тізгінін қолына алып, өз білгені мен білімін қатарластарымен бөлісіп келеді: «Фестивальдің ең қызықты сәті, ол өз жетістіктерінің нәтижесін ортаға салу мүмкіндігі, басқаларға көрсетіп, оларда үйренсе екен деген тілекте боласың. Мұндай кездесулер барысында жаңа ойлар, жоспарлар туып, жаңа достар табасың».

Сөз жоқ, жастардың сүйікті ісімен шұғылдануына мүмкіндік беретін әрі олардың ертеңгі күнге деген құлшынысын арттыратын шаралар сарқылмауы тиіс.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ