Жаңалықтар

ЖАҢА МАУСЫМ ЖАҢАЛЫҒЫ

ашық дереккөзі

ЖАҢА МАУСЫМ ЖАҢАЛЫҒЫ

Жылына екі рет жаңа өнімдер тарату мау­сымын жасайды. Бірі жыл басында, екін­шісі жаз мезгілінен кейін жаңа маусымда жаңа қырынан танылады. Қазір телеарналар жапатармағай жарысып көрерменге жан-жақты эфир мәзірін ұсынып отыр. Бүгінгі БАҚ сан жағынан ғана емес, сапа тұрғысынан да артып отырғаны анық. Сол себепті, көрерменді басқа арнаға аудармай ұстап отыру оңай емес. Жаңа маусымда жаңа мазмұнмен қалың бұқараға жол тартқан бағдарламаның бірі “Арнайы хабар”. “Хабар” арнасынан әр сейсенбі сайын 22.30 шығатын репортаж жанрындағы бұл хабар, тақырыптарының өткірлігімен, әралуандығымен ерекшеленеді. Мәселен, “Жетімдер”, “Қарттар үйі” және “Есірткі саудасы” репор­таж­дары нақты оқиғаларымен ай­шықты шықты. Кейіпкерлердің шынайы­лығы, журналистің жан-жақты із­денісі, өзге елдегі жағдаймен салыс­тырып нақты мысалдар келтіруі еш­кімді бейжай қалдырмайды. Қазір таңдау мүмкіндігі кеңейгендіктен журналистік талдау, зерттеу, сараптау басты мәнге ие болып отырғандығы шындық. Қоғамдық пікірдің басты құралы БАҚ болғандықтан, журналистерге қойылып отырған жауапкершілік те зор. Осы тұрғыдан келгенде “Арнайы хабар” түсірілім тобы әр өнімнің сапалы, конструктивті болуына, шынайы сын орын алуына, ақпараттық сұранысты қанағаттандыруға жіті назар аударып отырғандығы қуантады. Репортаж авторлары Шынар Сағындықова, Мырзабек Түсіпов және Асқарбек Қазанғап әр тақырыпты егжей-тегжейлі зерттеп, зерделеп, барлық тараптың пікірін ортаға салады . Тіпті бағдарламаның мазмұнын ашу үшін ізкесу операцияларын қосып, өзекті өртеген мәселені өз бастарынан кешіреді. 

Сонымен қатар, көрермендердің назарына жаңа «Нүкте» атты ток-шоу ұсынылады. Бағдарлама жоба жүргізушісі Азамат Шарғынмен бірге қоғамды мазалаған әлеуметтік сұрақтарға жауап іздейді. Жоба авторлары әр тараптың басын қосып, тағдыр тәлкегіне түскен талай жанның шешілмей жүрген түйіткіліне нүкте қоятын ірі әлеуметтік бағдарлама болады деген сенімде. Өз құқығын қорғай алмай сенделген мүгедек, қатерлі дерттің қармағына ілініп қапа болған науқас, жетімдіктің кермек дәмін татқан бүлдіршін, діни сектаның арбауынан адасқан жас, ішімдіктен тағдыры талқан болған замандас. Мұның бәрі «Нүкте» ток-шоуының кейіпкерлері, талқылайтын тақырыптары. Бұл бағдарламада сіз бен біз өмір сүріп жатқан қоғамның қалтарыстарында қалып қойған түйткілді мәселелер жан-жақты талқыланады және бағдарлама тілшілері белгілі бір тақырыпты қозғамас бұрын оның себебі мен салдарына журналистік зерттеу жүргізеді. Ток-шоуы “Хабар” арнасында әр дүйсенбі сайын, сағат 22.30-да эфирде тамашалуға шақырамыз. Бұл жоба өз көрерменін тауып, елдің сүйіп көретін әрі көтерілген әр мәселеге нүкте қоятын хабар болады деген сенімдеміз.

Шынар Саметова