ЕКІ ТҰЛҒАҒА ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА
ЕКІ ТҰЛҒАҒА ЖАБЫЛҒАН ЖАЛА
Жуырда бірнеше газет бетінде көрнекті ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың «Қалдаяқов екеуміз ұрымыз ба?» деген мақаласы жарияланды. Ш.Қалдаяқов пен М.Шахановтың бірлесіп жазған «Арыс жағасында», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Қуаныш вальсі», «Өмір-өзен», «Арайлым ақ Келес» т.б. әндерін білмейтін қазақ аз шығар. Нақ осы жылдың 13 тамыз күні Қалдаяқовтың туған күніне орай Оңтүстік Қазақстан облысы, Төлеби ауданы, Мәдени ауылында Шәмші мен Мұхтар бірлесіп жазған «Ақсудан ұшқан аққуым» әніне арнайы фестиваль өткізілді. Өйткені сазгер мен ақын 1968 жылғы сәуір айының басында, бұрын «Коммунизм» колхозы боп аталатын, іргесінен Ақсу өзені сарқырап ағып жататын, қазіргі Мәдени ауылына жергілікті тұрғындардың арнайы шақыруымен барып, екі күн қонақ болып, осы әнді дүниеге келтірген екен. Мәденидегі бір белгілі адамның үйінде шәй ішіп отырғанымызда Шәмшінің аузынан «Ақсудан ұшқан аққуым» әнін үйреніп алған адамдар да табылды. Және бұл әнді Шәмшінің өтінішімен алғаш рет Шымкент облыстық радиосында орындаған, қазіргі белгілі кәсіпкер Серікжан Сейітжанов та әннің тарихы жайлы ұзақ әңгіме өрбітті.
Егер менің қолыма 2013 жылы Алматыдағы «Баянжүрек» баспасы шығарған Құдаш Мұқашевтің «Сөйлеп бір кетсе өткендер» кітабы түспегенде, маған бұл мақаланы жазудың тіпті қажеті болмас еді. Жинақты құрастырып, баспаға ұсынған Қ.Мұқашевтің жары Ақжолтай Жылқыбайқызы екен. Жазықсыз екі тұлғаға адамның сай-сүйегін сырқырататындай жала жапқан бұл кітап М.Шахановтың қолына түспегендіктен, мұндағы жөнсіз айыптаулардан ақын ағамыз да, оқырман қауым да бейхабар. Жинақтың алғашқы беттеріне Ш.Қалдаяқов пен М.Шаханов жазған «Ақсудан ұшқан аққуымның» әні мен сөзі «Ақсудан ұшқан аққулар» деген атпен Қ.Мұқашевтің өз шығармасы ретінде ендіріліпті. Кітапқа алғысөз етіп «Құдаш (Құдайберген) Мұқашевтің бір өлеңі хақында» деген атпен арнайы мақала беріліпті. Оған Құдаш ақынның жерлестері Құдайберген Қабдолин, Шәкен Күмісбаев, Арасанбай Естенов, Егеубек Нүсіпов, Тұраш Шыныбекова, Гүлжи Мырзағалиева, Нүкен Бекежанова, Жолдыбала Бағаевалар қол қойыпты. Мақала бастан аяқ Ш.Қалдаяқов пен М.Шахановтың «ұрлығына» құрылған. Үзінді келтірелік:
«Қалдыбек Құрманәлінің ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген Ш.Қалдаяқовтың ән кешінің жүргізушісі Болат Әбділманов: «Бұрын орындалмаған Шәмші әндері де бар, сол әндердің бірі – «Ақсудан ұшқан аққу», сөзін жазған Мұхтар Шаханов», – деді. Ән орындала бастағанда концертте отырған Талдықорған өлкесінің азаматтары орнымыздан қозғалып, тұрып та кете жаздадық. Осы концертті теледидардан көргендер де: «Бұл неғылғандары? Құдаш өлгенмен, біздер тіріміз ғой, бұл қиянатқа жол бермеуіміз керек», – деп бір-бірлеріне телефон шалысып, осы хатты жазуымызға түрткі болды. Нағыз ән жылдар өткен сайын өз өміршеңдігін көрсетіп, аты аталып, әуені айтыла салысымен бұрынғы тыңдармандарын селт еткізетіні баршамызға аян. Шын жүректен шыққан сөз бен саз бірлік тапса, жазылмаған заңменен, үлкен сахнада шырқалмай-ақ ел жадында жатталып қалары хақ. Сондай әндердің бірі – Құдаш Мұқашевтің «Ақсудан ұшқан аққулар» әні…»
Бұл әннің қалайша «Шәмші мен Мұхтар Шахановтың қоржынына түсіп кету мүмкіндігі жайлы» Құдаш Мұқашевтің балдызы, яғни Ақжолтайдың туған сіңлісі Майра Жылқыбайқызы өзгеше ой түйеді. Оның сөзіне сенсек, «1971 жылдың июнь айының басында Құдаш өз үйіне Шәмші Қалдаяқовты ертіп келіпті-міс. Сол жолы Шәмші Құдаштың әні «Ақсудан ұшқан аққуларды» нотаға түсіріп алуы әбден мүмкін екен. Түптеп келгенде, «ұрлық» солай басталса керек.
Мақала былай аяқталады:
«Оу, ағайын, бұл әннің сөзі менікі емес деуіне болады ғой Мұхтар Шахановқа. Ал Қалдыбек Құрманәлі бауырымызға айтарымыз, жер-көктегі үлкен сахнадан орындалмаған әнді Шәмші атына тели бермесеңіз де, ол кісінің өз әндері-ақ Шәмші атын шырқау биікке шығарып тастаған еді ғой».
Мақала авторлары өздерін өздері ұстап беріп отыр. Шәмші Қалдаяқов 1971 жылы Құдаш Мұқашевтің үйіне барып, оның «Ақсудан ұшқан аққулар» атты әнін нотаға түсіріп алып «ұрлады» делік. Бірақ бұл әнді Шәмші мен Мұхтар 1968 жылғы сәуір айының басында Мәдени ауылында жазып, сол айдың 13-інде, Шымкенттен шығатын «Оңтүстік Қазақстан» облыстық газетінде, Шәмшінің өз қолымен жазған нотасымен бірге жариялаған ғой. Сонда кім кімнен ұрлаған? Анық-қанығына барып, зерттемей ұлтымыздың екі үлкен мақтанышын ұры деп айыптау нағыз масқарашылдық емес пе?
Хатқа қол қойған 8 адамның бірі Шәкен Күмісбайұлы деген 20-дан астам кітабы бар балалар ақыны. Екіншісі, Арасанбай Естенов. Ол да жұртқа таныс жазушы. Әрі Құдаш Мұқашевтің кітабын шығарған «Баянжүрек» баспасының директоры. Екеуі де, Құдаштың жары Ақжолтай Жылқыбайқызы өтініш жасаған соң қол қоя салған болуы керек. Ол екеуімен хабарласқанда Қалдаяқов пен Шахановқа қарсы орнықты уәж айта алмапты. «Ауылда өтіп жататын жиындарда «Ақсудан ұшқан аққуларды» ылғи да Құдаш Мұқашевтің әні деп хабарлайтын. Сол рас екен деп, қол қоя салғамыз», – депті. Қ.Мұқашевтің жары Ақжолтай Жылқыбайқызы және кітапқа қол қойған алғысөз авторлары Қалдаяқов пен Шахановты орынсыз кінәлағандары, «ұры» атандырғандары үшін кешірім сұрауға міндетті. Егер олай етпеген жағдайда Төлеби ауданындағы Мәдени ауылының адамдары оларды сотқа беруге әзір отыр. Ал көтерілген мәселелерде принципшілдігін танытқан, әділдікті бәрінен үстем санайтын «Қазақстан» телеарнасының «Айтуға оңай…» бағдарламасы алдағы күндердегі бір санын осыған арнамақ.
Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ,
композитор, шәмшітанушы