Жаңалықтар

АЛМАТЫДАҒЫ ӨРТ

ашық дереккөзі

АЛМАТЫДАҒЫ ӨРТ

Алматыдағы Шагабутдинов көшесіндегі (Бөгенбай батыр мен Қарасай батыр көшелерінің ортасында) орналасқан «Бастау» бильярд клубының ғимараты жанып кетті. Кеше таңғы онда басталған өрт үш қабатты нысанды түгел шарпыған. Бірнеше өрт сөндіру машинасы жұмылдырылғанымен, өрт біразға дейін өршіп, күш бермеді. Қазақстан Бильярд спорты федерациясының базалық клубы саналатын «Бастау» жақында ғана қайта құрылымдауға жабылған екен. «Бастаудан» басталған қызыл жалын Қарасай батыр көшесі тарапындағы Жапон мейрамханасына қарай ойысты.

Өрт сөндірушілердің жұмысына тар көшеде қаздай тізілген көліктер кедергі болғандықтан, эвакуаторлар оларды көшіріп әкетті. Бейресми деректерге сенсек, ғимараттың ішінде бір адамның қалып кетуі мүмкін.

Сенбінің таңында Алматыға Өскеменнен арнайы келген өнім өндірушілердің жәрмеңкесін көргіміз келген. Желтоқсан мен Төле би көшелерінің қиылысындағы ескі алаңда ұйымдастырылған көрмеге көңіліміз толды. Өйткені өнім өндірушілер бал, ет, тамаққа қататын сұйық май т.б. өз өнімдерін сатуға келген. Бірақ қол созым жерден шыққан қою түтінді көріп, алаңдай бастадық. Алғашқыда түтіннің қай тұстан шыққаны белгісіз болған. «Тағы да «қарабазар» жақ жанып жатыр ма, Құдай-ай!» деп налыдым іштей. Кенет Алматының қақ ортасында, адамдар тұратын тұрғын үйлер жақтан көтерілген қызыл жалынды көргенде, өрекпіген жүрек солай қарай асықтырды.

Шагабутдинов көшесіне жақын маңайды көліктер үшін түгел жауып тастап, тек жаяу жүргіншілерге ғана рұхсат еткен тәртіп сақшылары жүр. Солай қарай асыққан адамдар да құдды қызық тамашалағандай, ұялы телефондарына түсіріп әлек. Менің көңілімде де көп сұрақ бар: «Не жанып жатыр? Неге жанып жатыр? Адамдар аман ба? Қауіпсіздік ережелері сақталған ба? Біреу қасақана өртеп кетіп, қиянат жасамады ма?»… Көзім әркімге бір айқайлап, кіжініп, арасында былапыт сөздермен боқтап жүрген бір полицейге түсті. Бастапқыда мән бермеуге тырысқанмен, болмады. Өйткені әкесіндей бір адамға өктем сөйлеп, тағы бір жасты нұқып қалып, айқайлап, құдды жалғыз өзі жүргендей астамсығанына таңғалдым. Боқтық араластыра сөйлеп, көпшілікті көзге ілмегеніне налыдым. Адамдар алыстан қызықтағанмен, ешкім өрттің ортасына қойып кетіп жатқан жоқ. Бүлінген нәрсе тағы жоқ. Басқа полицейлерге қарасам, олар мәдеиетті әрі жайбарақат. Адамдарға қауіпсізідк ережелерін сақтауды майда тілмен жеткізіп жүр. Ал мынау тіпті, бір басқа. Қасымдағы бір кісіге айқайлай бастағанда «Сіз неге жай сөйлемейсіз? Қызметтік этика деген бар. Неге сақтамайсыз?» дей беріп едім, мені итеріп жіберді де: «Кет бұл жерден!»,– дегені. Жиырма жылдан бері журналиспін, тәртіп сақшылары тарапынан тап осындай сорақылықты алғаш рет көруім! Сонда да сабырға шақыруға тырысқанмын, мені тағы да итеріп жіберді. Үстіне полицейдің формасын киіп алып, сонша басынғанына мен шындап ашуланайын дедім: «Сіз неге итересіз мені? Неге кет дейсіз?! Мен сізге ит емеспін, дұрыстап сөйлеңіз! Адамдарға қалай болса, солай сөйлеуге қақыңыз жоқ! Кім аты-жөніңіз? Бастықтарыңыз қайда?! Үстіңізден шағым айтам!». 

Журналист екенімді білгенде ол одан сайын есіріп кетті. Көзі ежірейіп, жұдырығын түйіп алып, ұрып жіберетіндей боп, маған төне түскенде «Алаш айнасы» сайтынан Қанат Әбілқайыр деген әріптесім, басқа да журналистер тоқтатты. Ол алыстан айбат шегіп, «Журналист болсаң қайтейін! Білгеніңді істе!», – деп былапыт сөзбен боқтап кетті. Өзін суретке түсіріп алғанда да айылын жимады, одан сайын айқайлап, аузына келгенін айтты.

Менің таңғалғаным, «адамдарға дөрекі сөйлеме, қызметтік этика шеңберінен шықпа, заңсыздыққа өзің жол берме, қарапайым халыққа аузыңа келгенді айтып, боқтама» деген ескертпеме сонша есірген әлі тәртіп сақшысы журналиске көптің көзінше ойына келгенін істесе, басқа қорғаны жоқ адамдаға қандай сорақылықтар жасауы мүмкін?! Салық төлеушілердің ақшасына айлық алып отырған жап-жас капитан кімге және неге сенді? «Бұқаралық ақпарат туралы заңға сәйкес, мен жұмыс істеуге қақым бар» дегеніме қарамастан, суретке және видеоға түсіруге кедергі жасады. «Сен сияқты журналист көрген жоқпын! Қолыңдағы жаман телефоныңмен жүдә қояр емессің ғой!» дегенде оның сонша астамсығанына тағы таңғалдым. Таңғалмасқа шараң жоқ, өйткені құны 110 мың теңге тұратын ұялы телефоныммен-ақ талай сұхбат жасағанымды, тіпті, сот процестерін де осы телефонға жазғанымды айту артық оған. Ақталу да. Мен полиция қызметкері заңды өзі бұзбаса, адамдарға дөрекі сөйлемесе, қызметтік этиканы сақтаса деген едім. Шынымды айтсам, итеріп жібереді, боқтайды, қорлайды деп мүлде күткен жоқпын. Ол әлбетте, батырсынып тұрғанмен, аты-жөнін айтудан қашты. Ал қасындағы әріптестері бізбен сөйлесуден бас тартты. Оларды тақақтап, іздерінен қалмай, қууды қажет деп таппадық. Өйткені өрт сөндірушілер өртпен алысып жатқанда, полицейлер тәртіпті қамтамасыз етуге міндетті. Әрі қолымызда оның суреті бар ғой. Жақын маңдағы Алматы қаласы Алмалы аудандық ІІБ-де істейтіні де анық. Сондықтан  мақала жазуға отырдым. Тәртіпсіздікке жол берген тәртіп сақшысын ҚР Ішкі істер министрі тәртіпке салсын деген мақсатпен.