Жаңалықтар

Айыпталушы Әбдішев мырза өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ

ашық дереккөзі

Айыпталушы Әбдішев мырза өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ

Жуырда Қарағанды облысының бұрынғы әкімі Бауыржан Әбдішев қызмет бабын асыра пайдаланды деген айыппен сотқа тартылған еді. Бүгінде бұрынғы әкім өзіне тағылған айыпты, яғни мемлекетке тиесілі жерлерді заңсыз сатты деген айыпты жала деп отыр. Жер дауы, жесір дауы ежелден-ақ қатаң жазаланатын жарғылардың бірі. Жер дауынан басталған сот процесі әлі аяқталған жоқ.  Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық соты Б. Әбдішевті 2 айға қамау туралы санкция шығарды. Оған ҚР ҚК 307-бабының 4-тармағына сәйкес айып тағылды. Күдікті ретінде Б. Әбдішев 23 қыркүйектен 24 қыркүйекке қараған түні ұсталды. Бауыржан Әбдішев Қарағанды облысының әкімі болып 2013 жылдың қаңтарында тағайындалған. 2014 жылы маусым айында қызметінен босатылды.

  Десе де айыпталушы Әбдішев мырза бірнеше деректі алға тартты. “Маған тағылған айыптардың ешқайсысымен келіспеймін. Мен өзімді халыққа адал қызмет еткендердің қатарындамын деп есептеймін. Бар күш-жігерімді өңірдің өркендеуіне жұмсадым. Халық өзі дұрыс бағалайды деп ойлаймын”, – деді Бауыржан Әбдішев сот отырысында. Айтуынша, қолында 80 жастағы анасы, кәмелетке толмаған екі баласы бар. Ал 11 жасар кенжеі қант диабетіне шалдыққан екен. “Менде қашып кететін ой болған жоқ. Мұны қаласам, осыған дейін де ізімді суытуға талай мүмкіндік болған. Тергеу ісіне кедергі келтірмеймін. Соттан бас бостандығымнан айырмайтын санкция берулеріңізді сұраймын”, – деді Бауыржан Әбдішев. Тіпті қала орталығындағы Лобода көшесіндегі үш бөлмелі пәтерін кепілдікке қоя алатынын да алға ратты.

  Таяуда тағы бір айғақ мәлім болды. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлері Саран қаласының әкімі Мұхтар Адамбеков пен Абай ауданы әкімінің орныбасары Айдос Жәкеновты жемқорлық әрекетке қатысы бар деген күдікпен қолға түсірді. Нақтысын айтқанда, оларға Қарағанды облысының бұрынғы әкімімен қатысты фирманың мүддесін лоббилендірді деген айып тағылуда.

  Жалпы елімізде қызметін асыра пайдаланып, туыстары мен сыбайластарына жер, пәтер алып берген лауазымды қызмет иелері мен лауазымды мекемелер жетерлік. Олардың кейбірі жауаптан бұлтарғанмен, көпшілігі ұсталды. Мәселен, “ТҰрғын үй құрылыс жинақ банкінің” бұрынғы басшылары элиталы ауданнан туыстарына кезексіз үй алып бергенін Елбасы өзі атап көрсеткен еді. Мұндай мысалдар өте көп. Ал Әбдішев мырзаның мәселесінің ақ-қарасын Заң ажыратып, әділетті шешім шығарады деп үміттенеміз.