Жаңалықтар

Ди Каприо Қазақстанға келеді...

ашық дереккөзі

Ди Каприо Қазақстанға келеді...

30 қыркүйекте Парламент Мәжілісі Экология және табиғатты пайдалану комитетінің отырысынан соң журналистерге берген сұхбатында “Астана ЭКСПО-2017” басқарма төрағасы Талғат Ермегияев “ЭКСПО-2017” халықаралық мамандандырылған көрмесіне кімдерді шақыру мәселесі талқыланып жатқанын мәлімдеді. Оның ішінде әйгілі “Титаник” фильмінің актері Леонардо ди Каприо болуы мүмкін екенін жоққа шығармады.   – Дегенмен, біз ең бірінші кезекте туристерге не көрсетеміз, нені көрсеткіміз келеді деген бағытта тұжырымдама әзірлеуге тиіспіз. Туристерді озық технологиядан бөлек, Астананың көрік-келбеті, еліміздің тарихи орындары, қала сәулеті қалай қызықтырса, шоу да солай қызықтырады. Ал “Ди Каприо келе ме?” деген сұраққа келсек, бұл әлі талқыланып жатыр. Дегенмен, Ди Каприоны шақырудан пайда түссе шақырамыз, пайда түспесе, шақырмаймыз. Жалпы бұл соншалықты маңыз беретін мәселе емес, – деді Талғат Ермегияев мырза.   Көрме қонақтарын шақыруға 283 миллион теңге қарастырылған.    Жуырда актер Леонардо ди Каприоны  БҰҰ-ның бас хатшысы Пан Ги Мун БҰҰ-ның ғаламшар климаты мәселелеріне қатысты бейбіт елшісі етіп тағайындаған болатын. Ол 23 қыркүйекте өткен БҰҰ Бас ассамблеясының саммитінде сөз сөйлеп, саясаткерлерді климатты қорғауда бірлесе жұмыс жасауға шақырды. “Мен басқа актерлер сияқты өмірлік нәпақамды табу үшін біреудің ролін ойнаймын, мәселелерді шешемін. Меніңше, климатты қорғауға адамдардың көзқарасы дәл осындай, яғни ойдан құрастырылған, болмашы дүние деп қарайды. Мен бұл мәселені тиімді шеше аламыз деп ойлаймын”, – деді.

  Сондай-ақ “ЭКСПО-2017” көрмесіне басқа да танымал тұлғалар шақырылуы мүмкін. Олардың қатарында Нью-Йорк қаласының мэрі Майкл Блумберг, осы саладағы бейбіт елші Анжелина Джоли мен Арнольд Шварцнеггер де болуы мүмкін.