Жаңалықтар

МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ – ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ашық дереккөзі

МЕЙІРІМ МЕРЕКЕСІ – ҚҰРБАН АЙТ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Қадірменді ағайын, мұсылман бауырлар!

Мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айт құтты болсын, ағайын! Айтқа аман-есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын!Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын!

Құрбан айт – бірлік пен игілік, мейірім мен кешірім мерекесі. Бұл күні мұсылмандар қайырлы, ізгі амалдар арқылы Жаратушыға жақындайды. Алланың разылығы үшін құрбан шалып, тұрмыс жағдайы төмен отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Ұлық мереке ағайын арасын жақындатып, көршілерді, ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйытып, татулыққа шақырады. Қажылыққа аттанған мұсылман бауырларымыз, отандастарымыз жүздерін қасиетті Қағбаға қаратып, Арафат тауында еліміздің игілігі мен халқымыздың бірлігін, екі дүниенің бақытын тілеп, Жаратқанға жалбарына дұға жасауда.

Құрбан айт татулықты басты тірегі еткен Тәуелсіз еліміздің халықтық мерекесіне айналды. Елбасы мерейлі мейрамды Қазақстан жұртшылығы үшін демалыс күні деп жариялады. Парасатты шешім халықтар достығы мен бірлігін нығайта түсуге септігін тигізіп келеді. Біз мұны дәстүрлі дініміз Исламға көрсетілген аса зор құрмет деп білеміз.

Құрбан айт – отбасылық мереке. Отбасын шаттыққа бөлеп, ағайын-туыс, көршілерді аралап, жағдайын сұрау – сауапты іс. Оларға сыйлық беріп, көңілін көтеру – пайғамбар (с.ғ.с.) сүннетінен. Сүннетті орындаған адамға сауап жазылады. 

Айт намазынан кейін құрбан шалып, дастархан басында мәре-сәре күй кешу – ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, ежел­ден келе жатқан игі дәстүр. Бір­лікті ту еткен бейбіт заманда осынау дінімізбен біте қайнасқан дәс­түрімізді жаңғыртудың сәті туды. 

Мүбәрак мейрамның құрметіне орай, барша отандастарымды, кәсіп­кер бауырларымды, дін жана­шыр­ларын Құрбан айтта мүгедектер мен зағиптар, жетімдер мен жесірлер, әсі­ресе қараусыз қалған ата-аналар үшін арнайы қайырымдылық іс-ша­ра­лар өткізіп, айттың қуанышын сез­діріп, оларға мүмкіндігінше көңіл бө­луге шақырамын. 

Исламда Аллаға ұнамды әрбір іс – садақа. Жетімнің басын сипасақ та – садақа. Жолаушыға кедергі келтірер кез келген затты жолдан алып тастау да – сауап. 

Мешітте айт намазы оқылғаннан кейін құрбандық шалынады. Қар­жы­лық мүмкіндігі жоқ адамға құрбан шалу міндет емес. Құрбандық еті ағайын-туыс, көрші-қолаң, тұрмысы төмен отбасыларына, жетім мен же­сір­лерге, мүгедектер мен сырқат жан­дарға таратылады. Мұндай игі амал­дар адамдар арасында мейірім, қам­қор­лық, кешірім, қайыр-шапағат секілді көркем мінез бен жақсы қарым-қатынас қалыптастырады. Алланың разылығы үшін құрбан шалу арқылы пенденің иманы күшейіп, тақуалығы артады. Қасиетті Құранда: «Ұмытпаңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жетпейді. Оған жететін нәрсе – жүректеріңізге ұялаған тақуалық, Аллаға деген құрмет» («Хаж» сүресі, 37-аят), – деп баяндалған. 

Құрбан айт – араздасқан адамдар татуласып, бір-бірін кешірісіп, туысқандық байланысты күшейтуге себепкер ұлық мейрам. Өйткені Алла Тағала: «Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. 

Бұл күні ерте тұрып, ғұсыл құйы­нып, хош иіс себініп, мешітте айт намазын оқу – сауапты іс. Құрбандық еті­нен дәм тату, Аллаға мадақ, пай­ғам­барға (с.ғ.с.) салауат айту – сүннет амал.

Құрбан шалу айт намазынан кей­ін айттың үшінші күні күн бат­қан­ға дейін жалғасады. Егер бұл та­лап орындалмаса, онда ол садақа сана­лады. Қой, ешкі, сиыр және түйені құр­бандыққа шалуға болады. Сиыр немесе түйені жеті кісі бірігіп шалуды шариғатымыз құптайды. Соқыр, ауру, ақсақ, өте арық мал құрбандыққа жарамайды.

Алла Тағала баршамыздың дұға-ті­лек­теріміз бен ізгі амалдарымызды және шалған құрбандықтарымызды қайырымен қабыл еткей!

Ұлттар мен ұлыстарды мейірім­ді­лікке, игілікке, бірлікке үндейтін ұлық мереке – Құрбан айт мүбәрак болғай, ағайын! Жаратушы Иемізден отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық, кәсіптеріңізге адалдық пен береке тілеймін. 

Еңселі елдің болашағы баянды, Тәуелсіздігіміз мәңгі болғай! Әумин!