НАУҚАСТЫ СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАНДАР
НАУҚАСТЫ СЕРГЕЛДЕҢГЕ САЛҒАНДАР
Басы ауырып, балтыры сыздаған жандар ең алдымен ақ халатты абзал жандардың көмегіне жүгінеді. Ал бүгінгі күні БАҚ беттерінде абзал жандардың ағаттыққа жиі ұрынатыны жайлы тоқтаусыз жазылып та, айтылып та жүр. Дәрігерлердің жауапсыздығынан жапа шеккендер министрлікке дейін хат жолдап жатқанымен, одан шығар еш нәтиже жоқ сияқты. Дәрігерлердің өз ісіне жауапкершілікпен қарамауының салдарынан қаншама науқас дертіне дерт қосып, қаншасы жан тапсырды. Медицина қызметкерлерінің үстінен түсетін шағымдар әсіресе, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында жиі тіркеледі. Мұның бір дәлелі – жуырда ғана Шымкент қаласында 8 жасар баланың көз жұмуы. Шымкенттегі №1 қалалық ауруханға ауырып түскен Әлихан Нышанғалиұлының қазасына баланың ата-анасы дәрігерлерді кінәлі санайды. Әлиханды ата-анасы «соқыршек болуы мүмкін» деген күдікпен жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға жеткізеді. Алайда аурухана дәрігерлері баланы эндокринологиялық диспансерге жіберген. Ал ол орталықтың мамандары облыстық балалар ауруханасына жол сілтеген. Осылайша сарсаңға түскен ауру бала ата-анасының қолында жан тапсырған. Көз жұмғаннан кейін ішін кесіп көрген дәрігерлер дер кезінде ота жасалса, аман қалуы мүмкін екендігін айтқан. Ақ халаттылардың салғырттығынан орын алып отырған мұндай оқиға бір бұл ғана емес.
Медицина қызметкерлерінің науқастарға бейқам қарайтындығына әбден көзі жеткендердің бірі – Тараз қаласының тұрғыны Әмірәлиева Нұржамал. Нұржамалдың жасы 41-де. Өзі бірінші топтағы мүгедек. Тараз қаласында пәтер жалдап тұратын Нұржамалдың жолдасы, бір қызы бар. Жалдамалы пәтерде тұратындықтан, еш жерде тіркеуде жоқтығы бесенеден белгілі. Оның бір аяғында жан жоқ. Сонда да жалғыз қызын асырау үшін тырмысып, тіршілігін жасап жүр. Мүгедек жанның денсаулығының жиі сыр беретіні айтпаса да түсінікті. Ерте кезден-ақ асқазанынан жара табылған Нұржамалдың осы дерті жазда қатты асқынып кетіпті. Оның жақындары үйге жедел жәрдем шақырады. Жедел жәрдем қызметкерлері Нұржамалды тексеріп, ауруын басатын дәрі жазып берген. Қиналғанын көзбен көрген туыстары науқасты ауруханаға апаруды өтінген. Дәрігерлер: «Асқазанда жарасы болғандықтан, оның ауыруы да заңдылық. Артық тағамдар жеуге болмайды. Диета сақтаңыз. Біз сізді қан құсқанша ауруханаға әкете алмаймыз. Сізге бәрібір ауруханада ешқандай ем жасалмайды», – деп шорт кескен. Міне, адам жанының арашашысы науқасты осылай тыныштандырыпты. «Сізге ауруханада ешқандай ем жасалмайды». Осы сөз қазір дәрігерлердің өздерінің аузынан жиі шығатын сөз болып алғаны өтірік емес. Сонда науқас өзінің қан құсқанын күтіп үйде жата беруі тиіс пе? Араға екі күн салып қайтадан жаны қиналған Нұржамалдың үйіне жедел жәрдем көлігі тағы да келеді. Бұл жолы да дәрігерлер ауруханаға апарып, тексеруден бас тартады. Тағы да «қан құсқанын күтуді» ұсынады. Бұл сорақылыққа шыдамаған науқастың туыстары: «Үстеріңізден прокуратураға шағым жазамыз. Егер ауруы тым асқынып кетсе қайтпексіздер?», – деп ашуланғанда ғана ауруханаға алып кетіпті. Тараз қалалық ауруханасына жедел жәрдеммен жеткізілген Нұржамалды тексерген дәрігерлер де оны ауруханаға жатқызып, емдеуден бас тартады. Өйткені науқастың қалалық тіркеуі жоқ. Осылайша, еш жерде тіркеуге тұрмаған Нұржамал қайтадан үйіне қайтады. Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жасау міндеттелген емес пе? Дәрігерлердің бейжайлығы, ауырған жанға көмек көрсетпейтін қатыгездігі неге үйреншікті жайтқа айналды? «Денсаулығым өте әлсіз. Қозғалып жүруім де қиын. Жиі ауырып қаламын. Онымен қоймай пәтерден пәтерге көшіп жүретінім тағы бар. Дәрігерлердің бұл жолғы әрекеттері мені қатты қынжылтты. Менің мүгедектігіме қараған, жаны ашыған да адам болмады. Сонда мен ешкімге керексіз адам болғаным ба?», – деп ашынады Нұржамал Әмірәлиева.
Тіркеусіз жандарға елімізде медициналық көмек көрсетілмейтіні қалай? Дәрігерлердің бұл ісі мүмкін заңды да шығар. Басқа уақытта заңды белшесінен басуға дайын кейбір дәрігерлердің адам өміріне қауіп төніп тұрған сәтте «заңшыл» бола қалатыны түсініксіздеу екен. Қанша айтсақ та, Қазақстан азаматтарының өз елінде емделе алмауы орынсыз емес пе?
Ақ халатты абзал жандарға деген сенім жоғалып барады. Оған себеп, дәрігерлердің біліктілігіне күмән туғызатын қайғылы жағдайлардың көптеп орын алуы. Сонымен бірге, соңғы жылдары аурухана төсегінде жатып қаза табатын аналардың өлім-жітімі артқан көрінеді. Оған себеп – медицина қызметкерлерінің біліктілігінің төмендігін және бұл салаға бөлінетін қаржының жеткіліксіздігін алға тартатындар көп. Қазақ медицинасындағы басты кедергі – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Бүгінгі таңда елімізде медицина саласында 70 мыңға жуық маман қызмет етеді. Соның өзінде дәрігерлердің жетіспеушілігі әлі де сезілуде.
Дәрігерлердің қателігі Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінің барлығында да тіркелген. Тіпті, адам өмірін жоғары бағалайтын АҚШ-тың өзі бұл мәселенің алдында қауқарсыз болып тұр. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, АҚШ-та жылына 1500, Еуропада 50 мың науқас дәрігерлердің ағаттық жіберуінен көз жұмады екен. Украинада бір жылда 3000 науқас көз жұмып, 7000 сау адам мүгедекке айналады. Бұл көрсеткіш те дәрігерлердің салғырттығынан орын алатын қайғылы жағдайлар.
Қазақстанның Қылмыстық кодексінде дәрігерлерге қатысты баптар болғанымен, олардың жіберген қателіктерін айыптайтын баптар таба алмадық. Мәселен, қылмыстық кодекстің 118-бабында науқасқа көмек көрсетпеу, 119-бапта қауіп-қатерде қалдырған дәрігер жауапкершілікке тартылады. Алайда заңды белшесінен басып жатқан ақ халаттылардың жазаға тартылатын күні әлі тумаған секілді. Қазақстанда дәрігерлердің салғырттығынан орын алатын қайғылы жағдайларды жасырып-жабу тоқтар емес. Ресми деректер елімізде жылына 100-ге жуық медицина қызметкерлеріне қатысты іс қозғалғанмен, жауапқа тартылатындары өте аз екенін көрсетіп отыр. Өткен жылы дәрігерлерге қатысты 433 қылмыстық іс қозғалыпты. Солардың ішінде науқасқа көмек көрсетпеу, кәсіби міндетін дұрыс атқармау сынды қылмыстық істер жиі кездескен.
«Жақсылығы шаш-етектен» деп енгізген бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің де халыққа көрсеткен игілігі там-тұм. Қай ауруханаға бас сұқсаң да, баяғы жартас сол жартас. Кезегін күткен науқастар әлі де сабылып жүр. Шұбатылған кезек те дәрігерлерді қазір селт еткізбейді, тіпті. Медицина саласын озық технологиялармен жабдықтап жатқаннан не пайда? Ол құралдармен жұмыс істейтін білікті кадрлар болмаса. Дәрігерлер науқастарды жүре тексереді және алдына келген науқасты бір-біріне ысырып әлекке түседі. Әлде олар жауапкершіліктен қаша ма?
Ақ халатты абзал жандар халықтың сеніміне қалайша селкеу түсірді? Қазіргі қазақ медицинасы неге сенімсіз? Осы жөнінде медицина қызметкерлері де терең ойланса құба-құп болар еді.
Әсел ӘНУАРБЕК