Жаңалықтар

БІРЖАН ДА ОСЫНДА, ВАГНЕР ДЕ ОСЫНДА...

ашық дереккөзі

БІРЖАН ДА ОСЫНДА, ВАГНЕР ДЕ ОСЫНДА...

«Астана Опера» театры күзгі маусымды теңдессіз халықаралық фестивальмен ашты. Тұңғыш рет өткізілген «Жібек жолы» фестивалі аясында әлемдік танымал сахна жұлдыздары елордада өнер көрсетіп, қазақ әртістерімен тәжірибе алмасады.Фестиваль аясында айтулы «Біржан-Сара» операсы қойылды. Бұл жолы Біржан салдың рөлін Ресейдің еңбек сіңірген әртісі, тенор Ахмед Ағади орындап шықты. Өнерсүйер қауым Ахмед Ағадидің бұл рөлді театрдың тұсаукесерінде сахнаға алғаш рет алып шыққанын естен шығара қойған жоқ. Сараның рөлін Айгүл Ниязова, ал Аналықтың рөлін Дина Хамзина әдеттегісінше абыройлы ойнап шықты. Бір жылдың ішінде «Біржан-Сара» операсының Германияда, Түркияда, Ресейде, Өзбекстанда сахналануы қазақ өнерінің айтулы жетістіктерінің бірі екені даусыз. 

Ал «Astana Ballet» өнер ұжымы осы күндері өз көрермендеріне «Әлем» – Сұлулықтың дүниеге келуі» атты пәлсапалы-психологиялық балетін ұсынады. Қазан айының бесінші жұлдызында жаңа туындының тұсауы кесілмек. Мәскеулік қоюшы хореограф Никита Дмитриевский репетициялар арасында әлемдік би өнері мен қазақ ұлттық би мәдениетінің синтезін жасауға тырысқанын айтып қалды. Балеттің басты партияларында Назерке Ахмет, Зере Ысмайылова, Жібек Мешітбай, Аяулым Мақымова және басқа да майталман бишілер өнер көрсетеді.

Осы күндері Астанаға Ресейдің атақты Мариинский театры арнайы гастрольдік сапармен келеді. Ресейлік труппа Рихард Вагнердің «Нибелунг сақинасы» тетралогиясын ұсынбақ. 3-4 қазанда «Рейн алтыны» мен «Валькирия» операларынан тұратын тетралогия қазақ көрермендеріне арнап сахналанғалы отыр. Барша әлем мойындаған қайталанбас туындының фестиваль аясында Астанада қойылуы өнер әлеміндегі ерекше жаңалықтардың бірі. 

«Мың рет естігенше, бір рет көрген жақсы» демекші, классикалық өнермен сусындағысы келген өнерсүйер жан бұл күндері «Астана Опера» театрындағы «Жібек жолы» фестивалінен қалыс қалмағаны абзал. 

Г.ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ

Астана