Жаңалықтар

ҚҰРБАН АЙТТА ҚҰР ҚАЛМА

ашық дереккөзі

ҚҰРБАН АЙТТА ҚҰР ҚАЛМА

 Ислам тарихына үңілсек, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) Мәдинаға қоныс аударып келген уақытта жергілікті халықтың бұрын­нан атап жүретін мерекесі бар екен. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сұрастырса, олар жәһилиядан бері осы күндері көңіл көтеретіндіктерін айтыпты. Сонда Хазіреті Пайғамбарымыз: «Алла Тағала бұл мерекенің орнына одан да артық екі мейрам сыйла­ды, олар: Ораза айт пен Құрбан айт», – деп түсіндірді. 

Кезінде Ибраһим (а.с.) пайғамбар сүйікті ұлының құрбандықтан аман қал­ғанына қуанып, құрбандыққа мал сойып, осы күнді мерекелеп, Аллаға сансыз шүкір айтқан.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхам­медке (с.а.с.) «Кәусар» берілгендігі әрі сол үшін шүкір ретінде намаз оқып, құрбандық шалу арқылы осы күнді атап өту керектігін аят арқы­лы білдірген. Міне, Құрбан айттың негізінде осындай ғибратты оқиғалар жатыр.

Құрбан айт – ұлық мереке. Алла Таға­ла қоштап ұнатқан қадірлі күн. Ибраһимнің (а.с.) игі жолы, Мұхаммедтің (с.а.с.) мүбарак жолы жаңғыратын күн. 

Халқымыз Құрбан айтты барын сал­ып тойлағанын білеміз. Сол үрдіс кеше­ден – бүгінге, бүгіннен – ертеңге үзілмей жете берсін! Тар заманда да, зар заманда да даналарымыз, қол бастаған батырларымыз, сөз бастаған ақын­дарымыз, ағартушы арыстарымыз иманынан айырылмауға, салт-дәстүрінен жаңылмауға шақырған. Солардың бірі көрнекті қоғам және дін қайраткері Сәдуақас Ғылмани (Сәкен халпе) «Құрбан айт» өлеңінде (1931 жыл, 28 сәуір): 

 Көпшілік қызықтаумен күлетін күн,

 Діншілдер Хаққа көңіл бөлетін күн.

Мол ойлы, ғибрат көзді милы адамдар,

 Көп олжа бұл байрамнан көретін күн

– деп, айттың теңдессіз мейрам екенін жеткізген.

Айтқандай Құрбан айтты адам­заттық мереке деу лайық. Алайда әр түрлі жағдайлар Ақиқаттың бет­ін көлегейлеп, әлі де болса, көп нәр­сені шын мағынасында ұғы­ну­ға жол бермеуде. Біз әрдайым жақсы­лықты алдан күтетіндіктен, түптің түбінде бұл мейрамның адамзаттық, дүниежүзілік деңгейге көтерілетініне сенеміз. 

Еліміз егемендік алғаннан кейін ғана ұлттық, діни құндылықтарымыз қанатын жая бастады. 2005 жылғы 28 желтоқсанда Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы еңбек туралы» Заңға толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасын қабылдап, Құрбан айттың бірінші күні елімізде ресми түрде демалыс күні болып жарияланды. 

Елбасымыз Н.Назарбаев айтқандай: «Бөлінуге емес, бірігуге шақыратын, тілегі бір, ниеті ортақ, бейбітшілік пен келісімге үндейтін мейрам» екеніне көз жеткізді миллиондаған жүректер.

Құрбан айт мерекесін тек діни сипатта ғана атап өтпей, ел бірлігін нығайтуға, азаттығымыздың баянды болуына пайдалануымыз керек. 

Құрбан айт құтты, Құрбандықтар қабыл болсын! Құрбан айтта құр қалма!

 Күлпара ЖҰМАҒАЛИ