Жаңалықтар

КИНОМАРАФОН ШЕКАРАҒА АТТАНДЫ

ашық дереккөзі

КИНОМАРАФОН ШЕКАРАҒА АТТАНДЫ

Үстіміздегі жылдың 26 қыркүйегінде қазақ халқының мақтанышы, біртуар тұлға Шәкен Аймановтың туғанына 100 жыл толуына орай «Қазақстанның ұлттық кино күндері» аясында «Шекара – 2014» киномарафоны басталды. Аталмыш шара Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарасты Шекара қызметінің академиясынан бастау алды. Қазақстан Кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вов­нянко ұйымдастырған киномарафонға Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, М.Әуезов атындағы академиялық театрдың көркемдік жетекшісі, жиырмадан астам көркем фильмдерде басты рөлдерді сомдаған Асанәлі Әшімов бастаған бір топ шығармашылық өкілдері келді. 

Шекарашы курсанттармен кездескен елімізге танымал, «Қыз Жібек» көркем фильмінің бас­ты рөлін сомдаған Құман Тас­танбеков пен ҚР халық әртісі Меруерт Өтекешова және «Жаужүрек мың бала» фильмінде басты рөлде ойнаған Аралбек Төлеубек өздерінің киноға түсу барысындағы қызыққа толы сәттерін әңгімелеп берді. А.Әшімовтің айтуынша, «Қыз Жібек» филімі әлемнің 50-ге жуық елінің тілдеріне аударылған. Аталмыш фильм Францияда 3 сағат бойы көрсетіліп, соңынан зал толы көрермендердің бірі: «Сіздерде қыз-келіншектер үнемі сәукеле, қазақы көйлек киіп жүре ме?», – деп қызық сауал қойған екен. 

Айта кету керек, шекараға жол тартқалы отырған киномарафоншылардың негізгі мақсаты – шекаралы аймақтағы жергілікті тұрғындар мен шекарашылардың ұлттық рухын көтеріп, патриоттық және эстетикалық тәрбиесіне септігін тигізу. Сондай-ақ, шекарашылармен бірқатар шығармашылық кездесулер ұйымдастыруды көздеген марафоншылар осы кездесуден кейін ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Шығыс», «Оңтүстік», «Батыс» және «Жағалау күзеті» өңірлеріне аттанады. 

Осылайша бірнеше сағат бойы шекарашылармен сұхбаттасқан белгілі әртістер шара соңында «Қазақфильм» киностудиясында өндірілген көркем фильмдерді ұсынып, әскери бөлімнің естелік кітабына өз қолтаңбаларын қалдырды. Естелікке суретке түсті. 

Жанат Жабырбеков,

ҚР ҰҚК Шекара қызметі академиясының 

баспасөз хатшысы