Жаңалықтар

СЫНҒА ҰШЫРАҒАН «САМҰРЫҚ — ҚАЗЫНА»

ашық дереккөзі

СЫНҒА ҰШЫРАҒАН «САМҰРЫҚ — ҚАЗЫНА»

Заңсыз тендер өткізетін, тауар бағаларын заңсыз көтеретін, алпауыт компаниялардың мүддесін көздейтін, жолдарды жөндемейтін, науқаншылдыққа ұрынатын, жұмысқа жас мамандарды тамыр-таныс арқылы алатын, кәсіпкерлерді сансыз тексерумен тұншықтыратын, ең бастысы, қарапайым халыққа тиесілі қаражатқа қол салатын шенеуніктерді сынға алған Президент Үкіметке келеңсіздікті жоюды тапсырды.Елбасы өзі қадағалайды

Ақордаға Үкімет мүшелері мен әкім-қараларды жинаған ҚР Пре­зиденті Н.Назарбаев шенді-шек­пендіні қатаң сынға ал­ды. Шенеуніктер арасындағы нау­қан­шылдық пен жемқорлықтан тү­гел хабардар екенін ашық айт­қан Елбасы құзырлы органдарға келең­сіз­діктерді жоюды тапсырды. Сын қар­ма­ғына іліккендердің алғашқысы – елді индустриаландыруға қатыс­ты мемлекеттік бағдарлама. «Кей­біреу бұл бағдарламаны Исеке­шев­ке ғана қатысты шаруа деп қабыл­дайды. Бірақ бағдарлама бүкіл Үкіметтің, әрбір әкімнің, ауыл әкімдерінің міндеті. Кім осы бағдар­ламамен айналыспаса, демек, елдің стратегиялық бағдарламасын орындамай отыр деген сөз. Мен жіті бақылауды тоқтатып едім, белсен­ділік күрт төмендеді. Есте­рің­де болсын, әрқайсыңнан жауап аламын», – деп ескерткен Президент шенеу­ніктердің отандық өндірісті шынымен дамытудың орнына науқаншылдыққа, көзалдауға әбден дәнігіп алғанын айтты. Мәселен, белгілі бір өндіріс ошағының тұ­сауын кеседі, отандық өнім шыға­рамыз деп елден сүйінші сұрай­ды, бірақ салтанатты шарадан кейін әлгі сүйінші хабардың соңы сиыр­құйымшақтанып барып құмға сіңеді: «Қарағандыда, мәселен, «Фермер» ұшағын шығарамыз деп қуанды. Сосын бір ұшақ шығарды да, тоқ­тап қалды. Шығарған ұшақтың өзі ұшпайды екен. Сонда мұндай науқаншылдық кімге керек?!». Тендерлерді заңсыз өткізіп, тауарлар бағасын қолдан өсіретіндер де Елбасы қаһарынан аман қалмады. Арақ-шарап магнаттарының мүддесін көздейтін лоббистердің заңсыз әрекетін әшкерелеген ол ойқы-шойқы жолдардың аянышты халіне де тоқталды: «Мұндай мысал­дар­ды мен көптеп келтіре аламын. Егер осыларға көңіл бөлмесеңдер, демек, ештеңе көңіл бөліп отыр­ған жоқсыңдар. Ал мен немен ай­на­лы­сатындарыңды білмеймін. Мил­лиардтаған қаржы тоналып жа­тыр». Қарапайым халықтың қалта­сына қол салған ұрыларды құрықтауды Үкімет басшысына тапсырған Нұрсұлтан Әбішұлы ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа да қатаң ескерту жасап, келеңсіздіктерді тез арада жоюға пәрмен берді.Кез келген мемлекеттің эконо­ми­касын, халықтың әлеуемттік ахуа­лын алға сүйрейтін күш – шағын және орта кәсіпкерлік. Өкінішке қарай, Қазақстандағы құзырлы орган өкілдері арасында кәсіпкерлікті өсірудің орнына өшіруге тырысатындар көп. «Біз кәсіпкерлердің дамуына мүмкіндік бер­мейміз. Тұншықтырып жатыр­мыз. Мемлекет оларға қаржылай көмек береді, пайыздық мөл­шер­ле­месін субсидиялайды. Ал сен­дер барасыңдар да, оларды тұншық­тырасыңдар! Немене біздің жұ­мысымыз, бағытымыз екі түрлі ме сонда?! Ендеше әркім өз жөніне кетсін!», – деп кейіген Елбасы мемлекеттік қызметкерлерге елдің қалауына, көңіл-күйіне қатты назар аударуды шегелей тапсырды: «Өте өзекті мәселелерді дер кезінде кө­теріп, қарапайым халықтың жағында бо­лыңдар. Қараңдар, бүгін Үкімет мүшелерінің жартысынан көбісі сыналды. Бұл нені білдіреді? Ойланың­дар! Сапалы түрде жұмыс істеудің орнына не істеп жүргендерің белгісіз! Ақшаны ұрлап, тонап, төгіп-шашып жатыр. Осы былықтың бәрін жоюды Үкімет қолға алсын! Бәрін өзім қадағалаймын!». «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорының жетекшісі Өмірзақ Шөкеев Қордың форумында жас мамандарды білімі мен білігіне қарай емес, «көкелерінің» қоңырауына қарай жұмысқа алатынына қатысты да Елбасының сынына ұшырады. «Ана жоғары жақта маған жұмысқа тұрғысы келетін жастардың тізімі мен суреттерін көрсетті. Оларды компанияға қалай келтіру керек деген сұрақ – маңызды мәселе. Қызметкерлерді біліміне, тәжірибесі мен талпынысына қарай мансап табалдырығымен қалай жоғарылату керек? Қазір бізде тамыр-таныстықтың арқасында жұмысқа орналасу проблемасын қоңырау шалу арқылы-ақ шешетін жағдайлар жиі кездеседі. Ал жұмысқа тұрғызған адамы қолын қусырып, ештеңе істемей отырады. Ең басты мәселе – осы! Шөкеев мырза, мойныңа жүктелген міндетпен айналысасың. Егер қолыңнан келмесе, жұмыс істемейсің. Не керектің бәрін береміз. Жұмыс істе!», – деп нығырлай тапсырған Назарбаевқа Шөкеев олқылықты қысқа мерзім ішінде жоюға уәде берді. «Самұрық-Қазына» қоры 200 млрд. долларға жеткізіледі

Қазақстандағы мемлекеттік органдар, халықаралық қаржы институттары, атап айтқанда, ЕҚДБ және ЭЫДҰ, және Temasek, Khazanah, Korean Investment Corporation, Qatar Investment Authority сияқты шетелдік қорлардың өкілдері мен халықаралық сарапшылар қатысқан «Самұрық-Қазына» АҚ-ның трансформация форумында Елбасы: «Құрылғаннан кейін әлемдік қаржы-экономикалық дағдарыс басталып, оны еңсеру ісіне «Самұрық-Қазына» қоры атсалысуға мәжбүр болды. Ол ауыр жағдайдағы бірқатар екінші деңгейлі банктердің активіне кірді. Қазір енді Қордың тікелей қызметімен айналысатын кез жетті»,– деді. Президенттің айтуынша, «Самұрық-Қазына» қоры мемлекеттің мұнай-газ және атом өнеркәсібіндегі, энергетика, көлік және коммуникациялардағы ірі активтерін біріктіруі тиіс: «Қордың жиынтық активі республикамыздың ІЖӨ-нің жартысына тең. Соңғы үш жылда Қор компаниялары бюджетке 2,5 триллион теңге аударды. «Самұрық-Қазына» еліміздегі ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады – онда 350 мыңнан астам адам жұмыс істейді. «Самұрық-Қазына» қоры – іс жүзінде екінші Ұлттық қор. Онда елдің байлығы шоғырланған, ол біздің қазіргі және болашақтағы игілігіміздің көзі болып саналады. Елдің әрі қарайғы дамуы да трансформация бағдарламасын қалай орындайтынымызға байланысты». Жоспарды жүзеге асыру барысында Қор компанияларының құнын ұлғайту, қоржынның басқарылу тиімділігін арттыру, құзырлы органдар арасындағы жауапкершілікті айқындауға да баса назар аударылмақ. Алдағы бес жыл ішінде «Самұрық-Қазынаға» тиесілі қаржы қорын 200 миллиард долларға жеткізуді жүктеген Н.Назарбаев сапа мен өнімділікке көңіл бөлу керектігін айтты. Ал бес жылдан кейін «Самұрық-Қазына» Жер шарындағы ірі компаниялар кіретін «Fortune-500» тізіміне лайық болуды тапсырды. Мақсатқа инвестициялау арқылы жетуді ұсынған ол: «Қазір бұл рейтингке негізінен түсімдері 5 млрд. доллардан 500 миллиард долларға дейін жететін Батыс компаниялары кіреді. Сонымен бірге кейінгі кездері азиялық компаниялардың үлесі айтарлықтай өсті. Мәселен, 2003 пен 2014 жыл аралығында қытайлық компаниялардың саны 8-ден 95-ке дейін өсті, ал CNPC мемлекеттік мұнай корпорациясы алғашқы бестікке кірді. Сондай-ақ тізімде ресейлік 8 компания бар. «Fortune» тізіміне кірудің негізгі өлшемдері түсім мөлшері мен қаржылық есептіліктің айқындығы болып саналады. Түсім мөлшері жөнінен Қордың кемінде екі компаниясы – «ҚазМұнайГаз» және «ҚТЖ» аталған тізімге қазір-ақ кіре алады», – деді. Қазіргі кезде «Самұрық-Қазына» компаниясымен бәсекеге түсе алатын компания жоқтың қасы. «Шетелдік стратегиялық серіктес тартқан «Эйр Астана» әлемдік нарықтағы бәсекеге төтеп бере алады. «Эйр Астана» ғана әлемдік бәсекелес-компанияларға қарағанда, капиталды пайдалану тиімділігін жоғары деңгейде көрсетіп отыр. «Қазатомөнеркәсіп» және «Қазақстан темір жолы» да жақсы нәтижелер мен капиталды пайдалану тиімділігін көрсетуде. Бірақ Қордың басқа компаниялары, өкінішке қарай, мұндай жетістікпен мақтана алмайды. «ҚазПошта», «Кегок» тиімділігі төмен компаниялар ретінде қалып, бүгінгі таңда әлемнің осы тектес компанияларымен бәсекелесуге қауқарсыз болып отыр»,– деп мәлімдеген Елбасы бәсекелестік деңгейін арттырудың жолдарын ұсынды. Мемлекет басшысының айтуынша, «Самұрық-Қазына» қорының ғылыми-техникалық әлеуетін дамытып, «Халықтық ІРО» бағдарламасын жүзеге асыруды жалғастыру керек: «Акциялар бірнеше ірі әрі шапшаң инвесторлардың қолына емес, халықтың қолына тиетіндігіне сенімді болу үшін нақты ережелерді анықтау керек. Барлық үдерістердің толық айқындығы мен ақпараттың қол жетімділігі қажет».Форумда айтылған басты мәсе­лелердің бірі – 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ІЖӨ-дегі үлесі 50 пайызға жеткізілуі тиіс. Бұл орайда, әсіресе, «Самұрық-Қазынаға» артылатын шаруа көп. Қор өзінің әрбір компаниясының айналасында шағын және орта бизнестің дамуына жағдай жасауы қажет. Трансформация осы міндетті жүзеге асыруға жағдай жасайды, өйткені Қорда тек негізгі бизнес қана қалуы тиіс, ал қосалқы міндеттер шағын және орта кәсіпкерлікке жүктеледі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ