Жаңалықтар

ШУДАН КӨЗ АШПАҒАН «ШҰҒЫЛА»

ашық дереккөзі

ШУДАН КӨЗ АШПАҒАН «ШҰҒЫЛА»

«Шұғыла» елді мекенінде жер дауының тұтанғанына біраз жылдың жүзі болды. Ондағы тұрғындардың жанайқайын бұдан бұрын да жариялаған едік. Бұрын Алматы облысының Қарасай ауданына қараған елді мекен қазір Алматы қаласының аумағына өтіп, мегаполистің жаңа әкімшілік-территориялық бірлігі – Наурызбай ауданының құрамына кірген. Саябырлап қалған даудың қайта өршуіне себеп болған да сол.Бірнеше жылдан бері жер телімдерін даулап келе жатқан шұғылалықтардың үрейі үдеді. Өйткені өздерін жердің жаңа қожайынымыз деп таныстырған «Gaz development» компаниясының өкілдері 153 гектар жерді айналдыра темір қоршау жүргізе бастаған. Елді мекеннің бұрыш-бұрышына бақылау орнатып, жаңа құрылысты бастауға, тіпті, салынып қойған үйлерге жөндеу жұмыстарын жүргізуге тыйым салыпты. Қарсылық көрсеткендерді қарулы топ алдарына салып алып кетеді екен. Әбден ашынған тұрғындар бас көтеріп, «Gaz development» ЖШС-і тұрғызған темір қоршауды тас-талқан еткен. Оқиға орнына бейнекамерасын арқалап телеарна тілшілері, қаруларын асынып тәртіп сақшылары жетеді. Өре түрегелген жұртты сабасына түсіру үшін шу шыққан жерге «Gaz development» ЖШС-нің өкілі Нұртас Найманбаев та келеді. «Компанияға тиесілі жер телімдерін заңсыз басып алған азаматтардың үстінен шағым түсіреміз. Себебі олардың қолында не жердің құжаты, не соттың шешімі жоқ», – дейді ол. Өз құқықтарын қорғаймыз деп көтерілген шұғылалықтардың басы бәлеге қалды. Енді олардың үйлерін компанияның сойыл соғарлары ғана емес, жергілікті тәртіп сақшылары да торуылдай бастаған. Мәселенің анық-қанығын білу үшін шуы басылмаған «Шұғылаға» біз де ат басын бұрдық. Қоршау бұзылған күннің ертеңіне барғанбыз. Полиция қызметкерлері таң ата келіп, тұрғындардың есігін түгел қағып шығыпты. Ереуілге қатыспаған үйлерден «қатысқан жоқпын» деген қолхат алған. Ал қоршауды бұзғандарды түсініктеме алу үшін бөлімшеге әкетіпті. Бас көтергендердің қатарында Роза Есмұханованың ұлы да болған. Тәртіп сақшылары оны да алып кеткен. Қайта-қайта есікке қарап, ұлының жолын тосқан ананы қақпаның алдынан кезіктіріп, сөзге тарттық. Болған жайдан кейін үркіп қалған ба, әуелі сөзге сараңдық танытты. Есімін өзгертіп беретінімізге көзі жеткеннен кейін ғана шешіліп сөйледі: «Тәртіп сақшылары ордер көрсетіп, баламды алдарына салып алып кетті. «Gaz developement»-тің қоршауын бұзғаны үшін тергейміз деді. Қайдан білейік, бұлай боларын. Не көрсек те көппен көреміз дедік қой. Бұл жер телімі әке-шешеміздің көп жылғы еңбегі үшін пайға берілген болатын. Үй салдық, соғып біткенше ешкім ештеңе деген жоқ. Иесі болса, құрылысты бастағанда неге тоқтатпады? Осы үйді тұрғызу үшін банктен 3 миллион теңге несие алдық. Ертең қуып жіберер болса, қайда барамыз? Несиемізді кім төлейді? Бармағымызды тістеп отырмыз», – дейді Роза Есмұханова. Тұрғындардардың сөзінен ұққа­нымыз, бұл аумақ 2002 жылы «Каменский» мемлекеттік асыл тұқымды зауыт қызметкерлеріне пай ретінде берілген көрінеді. Біреуден біреу естіп, 153 гектар жерге жапатармағай 1200-дей адам иелік етіп үлгерген. Үйдің іргетасын қалап қойсақ, ешкім қуып жібермес деп ойласа керек. Жұрттың көбі жер телімдерін заңдастыруды кейінге қалдыра берген. Ақыры аудан әкімінің қайта-қайта ауысып, одан кейін елді мекеннің қала құрамына өтіп кетуі істі қиындатып жіберген. Жер дауының ушығып кеткені сондықтан. Шұғыланы жаяу аралағанда Роза апай сияқты сан соққандардың қарасы қалың екенін байқадық. Солардың бірі – Жазира есімді тұрғын. Жұбайымен, екі баласымен осы елді мекенде тұрып жатқанына бір жылдан асыпты. Шағын үйдің асығыс-үсігіс салынғаны, бір жағынан қолдың қысқа болғаны да көзге ұрып тұр. «8 сотық жер қайын атамның кеңшарға сіңірген еңбегі үшін берілген. Атам бізге, балаларына берді. Пәтер жалдаудан мезі боп, жанталасып жүріп мына үйді салып алдық. Шағын болса да, өз үйіңнің болғанына не жетсін? Қаладан шалғай жатқанына, ауыз судың, жылудың жоқтығына қарамастан паналап отырмыз. Арада бірнеше жыл өткеннен кейін жерді өздігінен басып алды деп бізді айыптап жатыр. Шыны керек, күні кешеге дейін даулы жер екенін білген жоқпыз», – деп Жазира бір жағынан ақталғандай болды. Шұғыладағы шулаған жұрттың арасында жер телімін заңды түрде сатып алып, құжаттарын дер кезінде заңдастырғандар да жетерлік. Солардың бірі – Несіпхан апаның отбасы. 8 сотық жер телімін екі жыл бұрын 10 мың АҚШ долларына сатып алып, кенже ұлы еңсесі биік үй салыпты. «Жердің құжаттары тура. Баламның атында. 2012 жылы қараша айында Алматы облысы Қарасай ауданы әкімшілігіне құжаттарды өткіздік, 2013 жылы ақпанда жер қатынастары басқармасының өкілі келіп, жерді өлшеп, шекарасын сызып берді. 20 мамырда Жамбыл ауданындағы үйімізді саттық та, мына үйдің іргетасын қаладық. Үйдің құрылысы аяқталған соң алаңсыз өмір сүре бердік, аман-есен қыстап шықтық. 2014 жылы 17 сәуірде жаңа жарлық шықты. Шұғыла Қарасай ауданының аумағынан шығып, қаланың қарамағына өткенде әкімнің қолы қойылмай қалған деді ме, әйтеуір бұл жер мемлекеттік актіге енбей қалған», – деп Несіпхан апа мәселені байыппен түсіндіріп берді. Темір қоршау бой көтергелі берекелерінің кеткенін айтты. Жан-жақтан аңдушылар көбейген. – Көршілеріміздің бәрі үйлерінің іргетасын қалап қойған, мемлекеттік актінің шығуын күтіп жүрді. Енді бұл жерге үй салынбайтын түрі бар. Бір кірпіштің қаланғанын көрсе, он шақты жігіт топтанып келіп сес көрсетеді. Әлгі компанияның өкілдері, тіпті полицейлер де таңнан қара кешке дейін торуылдап жүреді. Іргеміздегі үйді көрген боларсыздар, жұмысшыларын жалдап, құрылыс материалдарын әкеп қойған. Орта жолдан тоқтатқызып тастады. Біз де үйдің кіреберісін жөндеп, баспалдақтың құлаған жерлерін қалпына келтіргіміз келген. Тыйым салды. Алдымызда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Суды, жылудың жайын қамдауымыз керек. Екі күн бұрын бір топ жігіт көрші үйді соғып жатқан үш жігіттің қолдарын қайырып, тап бір қылмыскерлердей айдауға салып әкетті. Соны көріп, жүрегім қатты ауырды. Балам мен келінім жұмыста болатын, өзімді ұстай алмай еңкілдеп жыладым. «А, Құдай, осындай даулы жерге неге ұрындырдың?», – деп осы үйдің іргетасын қалаған күнге лағынет айттым. Басқа аудандарда жап-жақсы жер телімдері болған, неге тап осы жерді таңдадық екен? Алматыға жетіскеннен келгеніміз жоқ. Ауылда ұлым мен келініме жұмыс болмаған соң көштік. Шүкір, қалаға кеп, тірліктері алға басты. Мен немерелерімді бағып отырмын. Енді әркім кеп түрткілеуді қойса, өз жерімізде тыныш өмір сүрсек деген жалғыз тілегім бар, – дейді қарт ана ағынан жарылып. Абраманов Аман, Алматы қаласы жер қатынастары басқармасы бастығының орынбасары: – ҚР Президентінің 2014 жылғы 17 сәуірдегі жарлығы бойынша Алматы қаласының территориясы 23200 гектарға ұлғайды. Бұрын Алматы облысының құрамында болған 27 елді мекен қазір қалаға қарайды. Соның ішінде жалпы аумағы 153 гектарды құрайтын Шұғыла елді мекені де бар. Ондағы жер телімдерін «Gaz developement» ЖШС-і 2007 жылы сатып алған, заң жүзінде сол компанияның меншігі. Бірақ қазір аталмыш жер үшін 367 субъект таласып жатыр. Басым бөлігінің құжаты жоқ, жерге өз бетінше орналасқан. Пайға берілген жер деп меншіктеп алып, үйдің іргетасын қалап қойған. Кейін қайтсек те заңдастырып аламыз деп ойлаған шығар. «Шұғыланың» «Қазақстан Халық банкі» ЖЗҚ» АҚ активінде кепілдікте тұрғанын да айта кету керек. Биыл 25 қыркүйектен бастап Алматы қаласы жер қатынастар басқармасы жанынан арнайы комиссия құрылып, жерге орналастыру жұмыстарын қадағалай бастады. Үкімет Алматыға жаңадан қосылған аумақтарды әлеуметтік мақсаттағы нысандардың құрылысы үшін пайдаланбақ. Жеке меншікке өтіп кеткен телімдердің бәрін мемлекет қайта сатып алады. Мектеп, балабақша, ауруханалар мен сауықтыру орталықтарын салу жоспарланып отыр. Сондықтан ерте ме, кеш пе, Шұғыланың тұрғындары басқа жерге қоныс аударады. Анар ЛЕПЕСОВА