Жаңалықтар

ДӘРІ-ДӘРМЕК ЖАРНАМАСЫНА САЛЫНҒАН ТЫЙЫМ

ашық дереккөзі

ДӘРІ-ДӘРМЕК ЖАРНАМАСЫНА САЛЫНҒАН ТЫЙЫМ

Енді қарапайым халық теле­ди­дардан, газеттен, радиодан «ауруына ем болатын» дәрілер туралы ақпарат ала алмайды. Өйткені үстіміз­дегі жылдың қараша айынан бас­тап елімізде дәрі-дәрмекті жар­на­ма­лауға тыйым салынады. Бұл – Парламенттің пәрмені. Ал­дағы уақытта дәрі-дәрмектер жайлы арнайы медициналық басылым­дардан ғана білуге болады. Дәрі-дәрмек түрлерін БАҚ арқылы жарна­малауға тыйым салу – ұлт денсаулығын сақтап қалудың бір тәсі­лі дегенді алға тартып отыр заңды ұсынушылар. Ал өндірушілер бол­са, бұл заңға бағынғысы келмей бұлтақтауда. Сарапшылар дәрі-дәрмек жар­намасына тыйым салынатын бол­са, отандық телеарналар жылы­на 4 млрд. теңге қаржысын жоғалтатындығын есептеп те үлгеріпті. Табыстарының тең жартысы дәрі-дәрмек жарна­масынан түсетін жарнама агент­тіктері де біраз қалтасын жұқар­та­тын болады. Өйткені есеп бойынша медициналық дәрі-дәрмектердің жарнамадағы үлесі 20 пайызды құрайды. Телеарналар теңгесінен, ал көрермендер ақпарат алу мүмкіндігінен айрылады деген дәрі-дәмек өндірушілері жарнама дәріні өткізудің амалы ғана еместігін айтады. Алайда фармацевтикалық индустрия – ең алдымен, бизнес екенін де естен шығаруға болмайды. Дәрі-дәрмекті өндірушілер: «Жарна­маға мүлдем тыйым салудың қажеті жоқ. Тек қана жарнамаға қойылатын талаптарды күшейту керек», – дейді. Жарнаманың көмегімен көпшілікке қысқа да нұсқа ақпарат беріледі. Ал салалық басылымдардың оқырмандары әлдеқайда аз екенін ескерсек, арнайы газет-журналдар бұл функцияны толық атқара алмайды. Демек халық дәрі-дәр­мек туралы ақпарат алатын дерек көздерінің бірінен айрылады. Дәрі-дәрмек ақпараттық-тал­дау орталығының зерттеу нәти­же­сі бойынша, 2013 жылы қазақ­стандықтардың 42 пайызы жарна­маға сүйеніп, өз бетінше дәрі қабылдаған екен. Демек, әрбір екін­ші қазақстандық дәрігердің тағайындауынсыз дәрі пайдаланады деген сөз. Теледидардан жарна­маланған дәрі-дәрмекті дүкеннен жай ғана сатып алуға болмайды. Ол дәріні көргеннен кейін тұтынушы міндетті түрде дәрігермен кеңесуі шарт. Дәрі-дәрмектің кең көлем­де жарнамалануы оларды сатып алушылардың дұрыс пайдаланбауына әкеп соқтырады. Оның соңы тағы бір дертке жалғасуы мүмкін. Денсаулық сақтау саласының мамандары бұл қадамға халықтың денсаулығына алаңдағандықтан барғандықтарын айтып отыр. Халықтың «өзім­білемдікке» салынып, өз денсау­лықтарына немқұрайлы қарауы осы заңның дүниеге келуіне ықпал етті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сенсек, әлем бойынша дәрі-дәрмекті дұрыс пайдаланбаудан жыл сайын 100 мың адам көз жұмады екен. Мұндай қасіреттің Қазақстанда да кең етек жаймауы үшін жасалған алғашқы қадам – дәрі-дәрмектердің жарнамасына тыйым салу. Фармацевтикалық компаниялар мен жарнама агенттіктерінің наразылығын тудырған заң жобасы қараша айынан бастап күшіне енеді. Бұл – ұлттың денсаулығы үшін игі шара болмақ.

Әсел ӘНУАРБЕК