Жаңалықтар

САЛТАНАТЫ КЕЛІСКЕН САРАЙЛАР

ашық дереккөзі

САЛТАНАТЫ КЕЛІСКЕН САРАЙЛАР

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов әр апта сайын Шымкент қаласындағы құрылысы жүріп жатқан нысандарға қатысты тиісті сала басшыларымен жиын өткізеді. Оңтүстік өңірдің шырайын келтіретін жаңа ғимараттардың дер кезінде іргесі қаланып, сапасы мен салтанаты келіскен нысандардың көбеюі үшін аймақ басшысы осы салаға баса назар аударып отыр.Құрылыс саласына қатысты кезекті жиын жаңа­дан бой көтеріп жатқан «Түркістан» сарайы мен драма театрының ғимараттарына арналды. Құрылыс орындарын аралап шыққан облыс әкімі Асқар Мырзахметов ғимараттардың ішкі және сыртқы әр­леу жұмыстарының барысымен танысты. Облыс әкімі, құрылыс жұмыстарымен айналысатын жауапты қызметкерлер, мердігер мекемелер, техникалық бақылау қызметінің өкілдері бас қосқан бұл жиында құжаттарда көрсетілген жұмыстардың жүзеге асуы, өндірістік кестенің сақталуы, ғимараттардың сәулеттік кескін-келбетіне қатысты мәселелер талқыланды. «Түркістан» сарайы мен драма театрының құрылыс жұмыстарымен танысқан облыс әкімі құрылыс жұмыстарына жауапты компания өкілдеріне өндірістік кестені қатаң сақтауды ескертті. «Екі нысан да мәдени-көпшілік орын болып табылатындықтан, сәулеттік келбеті көркем, салтанаттылықты айшықтап тұруы тиіс», – деп атап өтті облыс әкімі Асқар Мырзахметов мырза. Сонымен қатар, өңір басшысы тарихи-өлкетану мұражайы, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлер орталығы, дендросаябақты аралап, жұмыс барысымен танысты. Облыс әкімі алдағы уақытта атқарылуы тиіс мәселелерді назарға алып, тапсырмалардың өз уақытында орындалуы үшін басшылықтың қадағалап отыруы қажеттігін ескертті.  Елбасы Н.Ә.Назарбаев өңірлерді дамыту мәселесіне баса назар аударуда. Әсіресе, шағын қалаларды дамыту үшін атқарылатын міндеттерді де айқындап берген болатын. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Кентау қаласы да сол бағдарламаға енген 27 қаланың бірі. Сондықтан бұл өңірде де жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Елбасы тапсырмасын орындауда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов те бұл қаланың тіршілігін қадағалап отыр.