СЕРЖАНТТАР САЙЫСЫ

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі ұйымдастырған Қарулы күштер арасындағы VI Бүкілармиялық конкурсы мәреге жетті. Байқау қорытындысы бойынша штаб-сержанты Ринат Сүйіндіков «ҚР Қарулы Күштерінің үздік сержанты» атанды. «Отар» 40-әскери базасын­да өткен шешуші сайысқа 133 үміткер қатысты. Олар қоры­тын­ды сайысқа дейін әскери бөлім, өңірлік қолбасшылықтар арасындағы іріктеуден өткен жеңімпаздар. «Биылғы байқаудың бас­ты ерекшелігі алғаш рет әр­түрлі әскери сала мамандары да қатысты. Сондай-ақ, үздіктерді анықтау үшін белгіленген 15 номи­нацияның тоғызы осы жылы жаңадан енгізілді», − дейді конкурс жетекшісі, Қарулы Күштердің бас сер­жанты, шебер-сержант Темірбек Халықов.
Бүкілармиялық конкурсқа Қор­ғаныс министр­лігінің арнайы әскери лауазым­ды азаматтардан жасақтаған комиссия­сындағы 35 сарапшы маман төрелік етті. «Байқаудың мақсаты − Қарулы күштердің кәсіби тұрғыдан жақсы даярлануына, әскери қызметшілер арасындағы бәсекелестікті нығайтуға, сондай-ақ, әскерге озық тәжірибені үйретуге, қызметтік тұрғыдан өсулеріне мүмкіндік жасау», − дейді комиссия төрағасы, генерал-майор Мүслім Алтынбаев. Сайысқа қатысушылар әскери дайындық бойынша атыс, әскери-спорттық сайыс, қоянқолтық ұрыс, жауынгерлік машиналарды жүргізу, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғану, әскери топография, әскери медициналық көмек көрсету, сондай-ақ, артиллерия атысын басқару, байланыс және инженерлік шеберліктерін сынады.
Қазақстан армиясының үздік сер­жанттар сайысы өңірлік қолбас­шылық, бригада, батальон, рота, взвод, бөлімше командирінің үздігін анықтау үшін өтсе, сарбаздар үздігі механик-жүргізуші, көздеуші-оператор, сапер, радиотелеграфист, атқыш, дәрігер, есептеуші, гранатаатқыш, жүргізуші аталымдары негізінде анықталды.
Конкурс қорытындысы бойынша, «Үздік өңірлік қолбасшылық, Әскер тегі сержанты» атағын аэроұтқыр әскерлерінің штаб-сержанты Ринат Сүйіндіков алды. Сонымен қатар, «Үздік бригада сержанты» − 16194 әскери бөлімінің 2-сынып сержанты Дәурен Мырзабаев, «Үздік батальон сержанты» − 68665 әскери бөлімінің 3-сынып сержанты Николай Кружальский, «Үздік рота сержанты» − 28079 әскери бөлімінің 3-сынып сержанты Сағындық Төреқожаев, «Үздік взвод сержанты» − 30212 әскери бөлімінің сержанты Ерзат Еркінбай, «Үздік бөлімше командирі» кіші сержант Марат Ибраимов атанды. Сондай-ақ, өзге де аталымдар бойынша жеңімпаз атанған үздік сержанттарға велосипед, одан кейінгі орындарға планшет, әскери дүрбі сыйға тартылды.
«Үздіктердің жеңісін марапаттау бұнымен тоқталмайды, әрбір сержантқа ҚР Қорғаныс министрлігі тарапынан жалақыларына үстеме ақы қосылып, қызметтік өсулеріне мүмкіндіктер жасалады», − дейді министрлік өкілдері.


Жәнібек ҒАЛЫМ

Суреттерді түсірген 

Мақсат ҚҰСАЙЫНОВ

Алматы-Отар-Алматы

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button