МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨБЕЙМЕК
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ЖАЛАҚЫСЫ КӨБЕЙМЕК
Келесі жылы мұғалімдердің жалақысы орта есеппен 15-29 пайызға артады. Ұстаздарға еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің төрағалығымен өткен кеңейтілген алқа отырысында мәлім болды.Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің ішкі бақылау департаменті директоры Гүлнәр Әлімбекова: «Бүгінде 14-17 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты мұғалімдердің жалақысы – 81 мың 548 теңге. Бұл – 1 сәуірден бастап есепке алынған біліктілік санаты, дәптер тексеру, сынып жетекшілігі, ерекше еңбек жағдайы сынды төлемдерді қоса алғандығы еңбекақы мөлшері», – дейді. Осы көрсеткіш 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап 109 мың 527 теңгеге дейін көтерілмек. Сонымен қатар, ауыл мектептерінің мұғалімдері жалақысында өсім пайызы жоғары болады. Ал білім және ғылым министрі ынталандыруды арттыру үшін үстемақы жүйесі енгізілгенін айтып өтті.
«Біз жыл сайын 40 миллиардқа жуық теңгені трансфертпен береміз. Бұл аз ақша емес. Мұндағы айта кететін жәйт, барлық қызметкердің жалақысы бірдей көтерілмейді, себебі, ол инфляцияға алып келуі мүмкін. Жалақыны арттырғанда, біліктілікке мән беріледі. Және мұғалімдер жалақысын көтеру мәселесін біз Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қарастырамыз. Президенттің тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап, барлық ұстаздардың айлығы өседі, оған қаржы бөлінген», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов.
Кеңейтілген отырысқа қатысушылар педагогтардың мәртебесін көтеру, олардың бала тәрбиесіндегі рөлін арттыру туралы сөз қозғады. Сонымен қатар, отырыста магистрлік білімі барларды ғана педагог қызметіне қабылдау және ұлттық бірыңғай тесттің шектік балын өсіру туралы да ұсыныстар айтылды.
Әсел ӘНУАРБЕК