Жаңалықтар

ТҮЛКІБАСТЫҚТАР ҚУАНҒАН КҮН

ашық дереккөзі

ТҮЛКІБАСТЫҚТАР ҚУАНҒАН КҮН

Таяуда Түлкібас ауданы, Машат ауылында жаңа әкімшілік ғимарат, полиция бекеті, мешіт және балабақша пайдалануға берілді. Әлеуметтік нысандардың ашылу салтанатында ауыл ақсақалдары және аудан әкімі Қайрат Әбдуәлиев сөз сөйлеп, тұрғындарды құттықтады. Аудан басшысы биыл Түлкібас тұрғындарының 93 пайызы газбен, 95 пайызы ауызсумен қамтамасыз етілгенін және балабақшалар мен мектептер, саябақтар, аллеялар көптеп ашылып жатқанын айтты.– Бір жыл ішінде ауданда 5 мектеп, 3 медициналық нысан, 2 спорт кешені, 2 тұрғын үй, 3 мәдениет үйі және 1 әкімшілік ғимарат бой көтерді. Мемлекет қаражатынан бөлек, осы өңірден түлеп ұшқан кәсіпкер азаматтар да бірнеше нысандарды өз қаржысы есебімен салып берді. Мәселен, бүгін машаттықтарға мешіт пен «Нұрбибі» балабақшасын ағайынды Баймахановтар сыйға тартып отыр. Бұл әулетке ел атынан, әкімдік атынан алғыс айтамыз, – деді ол. Ескі нысанның орнына салынған әкімшілік ғимаратының сәулетіне жұртшылық оң бағасын берсе, полиция бекеті тәртіп сақшыларының көңілінен шықты. «Қарғадай басып жемей, сұңқардай шашып жеген» Баймахановтар әулетінің жомарттығына да ауыл тұрғындары ризашылықтарын білдірді. Олар салып берген «Нұрбибі апа» балабақшасы заман талабына сай жабдықталған. Балабақшасының ашылуы арқылы бірнеше тұрғын жұмыспен қамтылса, бүлдіршіндер шаттыққа кенелді. Ал, 300 адамға арналған «Мәмбет ата» мешіті ауыл тұрғындарын, жастарды имандылыққа баулуға үлес қоспақ. Сондай-ақ осы күні Жаскешу ауылында 75 орындық «Зарина» балабақшасы да ел игілігіне берілді. Ойын бөлмесі, асхана, жатын бөлмесімен жабдықталған балабақшаға сұраныс та жоғары. Көпір, мешіт салу сауапты іс дейді асыл дінімізде. Сол сияқты балабақша, мектеп ашудың да қайырымы болатыны сөзсіз. Сондықтан еліміздің әр қиырындағы қалталы азаматтар туған ауылдарына қолұшын созып, осылай қуантып жатса игі.